29 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 29 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні

2009 жылғы 30 қазанда Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстан ұсынған қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды, оның ішінде Армения, Беларусь, Бразилия, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және басқа елдер бар.

Семей ядролық полигонының жабылған күні

ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1720 жылы Өскемен қаласының негізі қаланды. Өскемен қаласы І Петр патшалық құрып тұрғанда қамал-бекініс ретінде салынған еді. Өскеменге 1868 жылы қала мәртебесі берілді. Қалада сауда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары дами бастады, айлақ құрылысы басталды. Кейіннен жеңіл өнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Соғыс жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды. Өскемен Қазақстанның шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан; көлемі 54,4 мың га жерді алып жатыр. Аймақ экономикасының жетекші салалары – түсті металдар өндіру, машина жасау. Тарихшылар мен қоғам өкілдерінің бір тобы археологиялық зерттеулерді негізге ала отырып, қаланың тарихын 1 000 жылмен өлшеп отыр.

1949 жылы Семей полигонында Совет Одағындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өткізілді.

1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Полигон жабылғаннан кейін ондағы барлық нысандар және үш ядролық реактор Қазақстан Республикасының меншігіне өтті.

2001 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның экс-президенті Сүлейман Демирелге Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін бірінші дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті.

2002 жылы Астанада «Бәйтерек» монументінің ашылу салтанаты өтті. Ел еңсесiнiң биiктiгi «Бәйтерек» мұнарасымен бейнеленедi. Архитектуралық авторлар тобының жетекшісі – А. Рүстембеков. Қазақ аңыздары бойынша Бәйтерек – өмір мен өркендеудің символы. Құрылыс биіктігі – 97 метр. Бұл ұлы көштің жаңа астанаға ат басын тiреген жылын білдіреді. Жалпы бұл айбынды асқақ ғимарат-мұнараны салу барысында 2 812 текше метр құйма темiрбетон, 999 тонна металл конструкциялары және прокаттары, 251 тонна өзектемiр арматура қолданылған. Төбесіндегі шардың диаметрі – 22 метр. Мұнда демалушыларға арналған дәмхана, аквариум, т.б. қосалқы қызмет көрсететін бөлмелер бар.

2009 жылы Өскеменде Абай мен Пушкиннің ескерткіштері салтанатты түрде ашылды. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш Республика алаңында, ал Пушкиннің ескерткіш мүсіні оның есімімен аталатын облыстық кітапхана ғимаратының алдында орнатылды.

2012 жылы Қырғызстанның Ош қаласында Қазақстан Республикасы консулдығының ресми ашылуы болды.

2012 жылы Тәуелсіздік сарайында өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық ядролық қаруға қарсы парламенттік ассамблея құруға шақырып, халықаралық «АТОМ» жобасы іске қосылатынын мәлім етті. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі: «Abolish Testing. Our Mission» төрт бас әріптен құралған. Яғни, «Сынақты Болдырмау – Біздің Миссиямыз» деген мағынаны білдіреді.

2012 жылы «Қазпошта» АҚ «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияға арналған пошта маркасын ұсынды. Маркада конференцияның эмблемасы, бейбітшілік пен жасампаздықты білдіретін, ғаламшарды қауіп-қатерден қорғайтын ақ көгершін және қазақ тілінде мәтіндік композиция бейнеленген. Көркемдік белгі төрт түсті офсеттік әдіспен жасалған, перфорациясы тарақшаланған, белгіленген бағасы – 50 теңге, өлшемі – 28х40 мм, парақта 10 дана, марканың таралымы – 30 мың дана.

2013 жылы Женевадағы БҰҰ Ұлттар сарайында 145 адам сыятын «Қазақстан» көпбейінді залы салтанатты түрде ашылды. Жаңа технологиялармен жасақталған зал ілеспе аудармамен қамтамасыз етілетін ірі халықаралық форумдар өткізу, фильмдер көрсету, сондай-ақ мәдени шараларды ұйымдастыру үшін қолданылатын болады.

2013 жылы «Назарбаев орталығында» «Сақ көсемінің қорымы» жаңа бірегей залы ашылды.

2017 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үлбі металлургия комбинатының негізінде жүргізілген телекөпірдің барысында Қазақстандағы МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін ашты. Ол ғимараттың символдық кілтін МАГАТЭ директоры Юкия Аманоға берді.

2018 жылы Астанада «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу рәсімі өтті. «Бейбітшілік қабырғасы» – Ақтөбе облысының елорданың 20 жылдығына арнаған тартуы. Ол Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі» монументінің жанында орналасқан. Авторларының айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің антиядролық манифесінің идеясы жобаның негізіне айналған. Сондықтан нысанның 29 тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күнінде ашылуының символдық мәні бар.

2019 жылы Нұр-Сұлтанда МАГАТЭ-нің бас директоры болған, марқұм Юкия Амано және Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығымен» марапатталды.

2020 жылы «Дайго Фукурю Мару» мұражайында Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні мен Семей ядролық полигонының жабылғанына 29 жыл толуына орай фотокөрме ашылды.

Фотокөрмеде полигонның құрылу тарихы, ондағы сынақтардың басталуы мен жүргізілу барысы, сонымен қатар «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жұмысы көрсетілген.

2020 жылы Чилиде Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы мен оның туған елінің мәдениетін тарату мақсатында Чилимен қоса, бүкіл Латын Америкасында «DEARMASH FM» радиостанциясы пайда болды.

2020 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Бурнооктябрьское қалашығында жұмыс істеп жүрген археологтар екі мың жылдық артефакттарды тапты. Тарихшылардың ойынша, бұл жерде сол кездегі ірі қалалардың бірі орналасқан.

Бұл қалашық Қазақстанда сол күйінде сақталған біздің заманымыздың басынан қалған жалғыз ескерткіш болғандықтан, археологтар үшін бірегей және қызықты нысан болып отыр.

2021 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімшедегі инженерлік оқ-дәрі қоймасында болған жарылысқа байланысты 29 тамызды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.


Соңғы жаңалықтар