29 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 29 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

63 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Шымкент қаласы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің департамент басшысы Бастар Әуелханұлы ЕСҚАРАЕВ дүниеге келді.

 Бастар Әуелханұлы ЕСҚАРАЕВ
Фото: Gov.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында туған. Қазақ ауылшаруашылық институтында «Ғалым-агроном» мамандығы, «Мирас» университетінде «Экономист-бухгалтер» мамандығы, Оңтүстік Қазақстан ашық университетінде «Заңгер» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолы: 1978-1980 жылдары «Советская Россия» кеңшары комсомол-жастар бригадасының жұмысшысы, 1980-1986 жылдары Алматы қаласы, Қазақ ауылшаруашылығы институтының тыңдаушысы, студенті, 1986-1987 жылдары «Пахтаарал» совхоз-техникумы биофабрикасының техник-лаборанты, 1987-1989 жылдары Абай атындағы совхоз-техникумы комсомол комитетінің хатшысы, Абай атындағы совхоз-техникумы оқу бөлімінің оқытушысы (негізгі жұмыспен қоса) болып еңбек етті.

1989-1990 жылдары Сырдария (Жызақ) облыстық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1990-1998 жылдары Мырзашөл аудандық жеке қосалқы шаруашылықтары Ассоциациясының төрағасы, 1998-1999 жылдары «Түрксіб» фирмасы директорының орынбасары, 1999-2001 жылдары «Асық-Ата-Газ» ЖШС-нің учаске бастығы, 2001-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты Тәртіптік кеңесінің бас маманы, 2005-2008 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасы — ОҚО тәртіптік кеңесінің консультанты (бөлім басшысы), 2008-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары-Бас мемлекеттік еңбек инспекторы, 2013-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы — ОҚО Бас мемлекеттік еңбек инспекторықызметтерін атқарды.

2017-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы, 2018-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы, 2018-2019 жылдары Түркістан облысы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы, 2019-2019 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы болды.

Қазіргі қызметін 2019 жылғы тамыз айынан атқарып келеді.

«ОҚО сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» (2015 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016 ж.) мерекелік медальдарымен марапатталған.

58 жыл бұрын (1967) Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Сайфиддинұлы ҚОБЖАНОВ дүниеге келді.

Нүркен Сайфиддинұлы ҚОБЖАНОВ
Фото: Gov.kz

Қарағанды облысы Шахтинск қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Д.Қонаев атындағы университетті «құқықтану» мамандығы бойынша, ҚарМУ-ды «экономика» мамандығы және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1995-1999 жылдары Қарағанды облысы жастар ауданының «Звезда» совхозының бас инженері, 1999-2002 жылдары «Жұлдыз» АҚ президенті, 2002 жылдан дәнді дақылдарды өсіру жөніндегі шаруа қожалығының негізін қалаушы-басшысы қызметтерін атқарған. 2017-2022 жылдары Қарағанды облысы Осакаров ауданы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының әкімі, Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі, 2022-2023 жылдары Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының әкімі болды.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

57 жыл бұрын (1968) ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Аманкелдіұлы ӘБДУАЛИЕВ дүниеге келді.

Қайрат Аманкелдіұлы ӘБДУАЛИЕВ
Фото: Gov.kz

Түркістан облысы Түлкібас ауданында туған. Еңбек жолын 1994 жылы «Достық» шаруашылығының агрономы болып бастаған. 1995-1999 жылдары Түлкібас ауданының Арыс ауылдық әкімшілігінің хатшысы, 1999-2001 жылдары Түлкібас ауданы әкімі аппаратының бас маманы, 2001-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеті Түлкібас ауданының төрағасы, 2004-2007 жылдары ҚР АШМ Түлкібас аудандық аумақтық инспекцияның бастығы қызметтерін атқарды.

2007-2010 жылдары ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының бастығы, 2010-2016 жылдары Түлкібас ауданының әкімі, 2016-2019 жылдары Сарыағаш ауданының әкімі болды.

2025 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1983) ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің бастығы Руслан Мұратұлы ҚАСЫМОВ дүниеге келді.

Руслан Мұратұлы ҚАСЫМОВ
Фото: instagram.com/prokadrykz

Целиноград қаласында туған. Қаржы полициясы академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген (2004); Тұран-Астана университетін «Экономист» мамандығы бойынша бітірген (2009); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Әділет академиясының құқық магистрі (2019).

Еңбек жолы: ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде (2014-2016), ҚР мемлекеттік кіріс органдарында (2016-2019), ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Операциялық департаментінің 2-ші операциялық дирекциясының бастығы (2019-2021), ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеулер департаментінің операциялар жөніндегі орынбасары (2021-2024).

Қазіргі қызметін 2024 жылдың маусым айынан бері атқарып келеді.

34 жыл бұрын (1991) ҚР Парламент Сенаты аппаратының басшысы Максим Александрович СПОТКАЙ дүниеге келді.

СПОТКАЙ Максим Александрович
Фото: facebook.com/spotkaymaxim

Павлодар облысының Ақсу қаласында туған. Омбы мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Жоғары технологиялар менеджменті, кәсіби коммуникация саласында аудармашы.

Еңбек жолы: 2012-2013 жылдары Ресейдің Омбы қаласында «Музыка және кино» интегративті білім беру үдерісінің ұйымдастырушысы, «Джэй Энд Эс» («J And S») Халықаралық компаниясының қазақ тілі мұғалімі, 2013-2014 жылдары Омбыда «Қалалық оқу орталығы» қосымша білім беру мемлекеттік емес мекемесінің бизнес-тренері, 2013-2016 жылдары «ZamandaS» Омбы мәдени-ағарту газетінің бас редакторы, 2016 жылы Павлодар облысы кәсіподақтарының аумақтық одағының басшысы болды.

2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық кеңес» РММ бас сарапшысы, 2017-2019 жылдары «Нұр-Медиа» холдингі медиа-редакциясының басшысы, 2018-2019 жылдары «Нұр-Медиа» холдингі бас директорының орынбасары, 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2020-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Парламент Сенат аппараты басшысының орынбасары болған.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы қаңтардан атқарып келеді.

115 жыл бұрын (1910-1988) қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, филология ғылымының кандидаты, аудармашы Құрманбек САҒЫНДЫҚОВ дүниеге келген.

Құрманбек САҒЫНДЫҚОВ
Фото: Wikipedia

Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Жоғары партия мектебін бітірген.

1933-1936 жылдары Қазақ кәсіподақ кеңесі бөлімінің жауапты нұсқаушысы, меңгерушісінің орынбасары, 1936-1941 жылдары Қазақ көркем әдебиет баспасының редакторы, Қазақ бірлескен баспасының бас редакторы, 1941-1944 жылдары Ош әскери-саяси курстарының тыңдаушысы, Панфилов дивизиясы танкіге қарсы зеңбірек батареясының комиссары, дивизия газеті редакторының орынбасары, 1945-1946 жылдары Қызыл Армияның Бас саяси басқармасы қазақ тіліндегі басылымының редакторы, 1946-1950 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, 1950-1953 жылдары Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып еңбек етті. 1953-1957 жылдары Партия тарихы институты секторының меңгерушісі, 1957-1959 және 1965-1981 жылдары «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы, 1959-1962 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы радио хабарларын тарату және телеарна комитетінің төрағасы, 1962-1965 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» аймақтық газетінің бас редакторы болды.

Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

87 жыл бұрын (1938-1992) жазушы, әдебиет сыншысы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келген.

 Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ
Фото: adebiportal.kz

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақстан Жазушылар одағында, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрда қызмет атқарған. Алғашқы сын мақаласы «Жол басы» «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жарияланған. Сүлейменовтің «Бесін», «Адасқақ», «Бесатар» прозалық шығармалары, «Арғымақ пен шабандоз», «Кек» драмалық жинағы, «Парасат падишасы», «Болмыспен бетпе-бет» сыни-эстетикалық еңбектері, әдебиет пен өнер турасында жүзден астам мақалалары жарық көрген.

Ол жаңа идеяларды генерациялауға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, идеяшылдықтан азат жаңа әдебиет жасауға ұмтылды, өз идеялары үшін күресті. Сүлейменов шығармаларын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады: сыншылық, прозалық және драматургиялық кезеңдер. Алғашқы кезеңде ол көркем сын жанрына жекелік сипат танытуға ұмтылды, көркем шығарманы көркем мәтін қағидасынан тыс талдады. «Түр туралы бірер сөз» мақаласымен әдеби ортада үлкен айтыс тудырған Сүлейменовтің көркемдік-эстетикалық ұстанымдары негізінен осы кезеңде қалыптасқаны айқындалды.

«Өнердің өмірден айырмашылығы — өнер өмірден үйренбейді. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған идея жетеді» деп түсінген суреткер сыншы ретінде көркем шығармаға қояр биік талабын проза мен драматургияда жүзеге асырды. Ойы құнарлы, көркемдік құрылымы айрықша шығармалар туындатты. Прозалық кезеңде Сүлейменов шығармаларында ХХ ғасыр прозасының қағидалары толығымен дерлік көрініс берді, ол модернист қаламгер саналды. Қазақ әдебиетінде құбылыс ретінде бағаланған «Бесатар» повесі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен Созақ көтерілісін соны көзқараста зерделеді.

Суреткердің драмалық кезеңдегі шығармалары жаңа өнер философиясы аясында талдауды талап етеді. Қаламгер көркем аударма саласында С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», М.Булгаковтың «Жендеттер», Б.Брехттің «Сычуанның мерейі», Э.Хемингуэйдің «Бесінші колонна», Т.Уильямстың «Әйнек айуанхана», тағы басқа пьесаларын қазақ тіліне тәржімалады.

Асқар Сүлейменовтің есімі Созақ ауданындағы өзі оқыған мектепке, Сарыағаш қаласындағы бұрынғы Ильич атындағы мектепке берілген.

83 жыл бұрын (1942-2022) тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ білім академиясының академигі, Мәскеу Ғылым академиясы жоғары мектебінің академигі, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры Амангелді Құсайынұлы ҚҰСАЙЫНОВ дүниеге келді.

 Амангелді Құсайынұлы ҚҰСАЙЫНОВ
Фото: egi.edu.kz

Еңбек жолы: мектеп мұғалімі (1960-1962); Алматы медицина институтының оқытушысы, Қазақстан Компартиясы Кеңестік аудандық комитеті аппараты (1963-1973); Қазақ мемлекеттік университетінің аспиранты, ассистенті, аға оқытушысы, доценті, проректоры, аға ғылыми қызметкері, профессоры (1973-1992), С. Сейфуллин атындағы Ақмола университетінің ректоры (1992-1996); Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры (1996-2000); Қазақстан Республикасы Жоғары аттестаттау комиссиясының төрағасы (2000-2004); Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті (2004-2007); Еуразия гуманитарлық институтының ректоры (2007-2022).

«Құрмет» ордендерімен (2011), А.Байтұрсынов атындағы орденмен (2012), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Парасат» орденімен (2021) марапатталған.

Соңғы жаңалықтар