3-5 жылда айырылып қалуымыз мүмкін: мамандар Көлсайдың болашағына алаңдаулы
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Көлсай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне былтыр 400 мыңға жуық турист барған. Кейінгі 5 жылда онда баратын саяхатшылар санының күрт артуы — Көлсай мен Қайыңды көлдеріне және оған жақын маңдағы табиғатқа кері әсер етуі мүмкін бе? Бұл сұрақты Kazinform жауапты ведомство өкілдері, сарапшылар және экологтерге қойып көрді.

Таулар арасындағы бұл көрікті аймаққа баратын демалушылардың саны жыл сайын артып келеді.
«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, мұнда 2019 жылы — 87 662, 2020 жылы — 83 153, 2021 жылы — 160 520, 2022 жылы — 210 269, 2023 жылы — 244 733 турист келген. Былтыр ұлттық парк аумағына 395 386 адам демалысқа барған.

Ішкі туристер ғана емес, шетелдік саяхатшылар арасында да сұранысқа ие болған туристік орынға келетін адамдардың тым тез көбеюі онда экологиялық мәселелердің өршуіне әсер етіп жатқаны сөзсіз. Бұл туралы лауазымды тұлғалар да, қоғам белсенділері де жиі айтып келеді.

Мысалы 2023 жылы Мәжіліс қабырғасында депутат Данияр Қасқарауов Көлсай көлдері аумағындағы басты мәселелерді атап өткен еді.
— Көлдің айналасында бос жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсында дәретхана қойылмаған. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды су жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осының салдарынан тұмса табиғаттың экологиясы бұзылып жатыр. Түтіні будақтаған көліктер де көлдің басына дейін барады. Сондықтан Көлсайда тиісті шектеу енгізбесек, енді 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз, — деді ол.

Мәжілісте бұл мәселе көтерілген уақыттан бері Көлсайға баратын адамдардың, ұлттық парк аумағында жұмыс істейтін компаниялардың қарасы көбеймесе, азайған жоқ.
Kazinform сауалына жауап берген Экология және табиғи ресурстар министрлігі де айтылған орындарға жүктеменің көбейгенін мойындап отыр.
Ведомство жауабына сәйкес, рекреациялық жүктемені азайту мақсатында ұлттық парктің Көлсай, Қайыңды демалыс аймақтарынан бөлек туристік маршруттарға адам тарту үшін туристік фирмалармен бірлескен жұмыс жүріп жатыр.
Атап айтқанда, 2024 жылы «Таңбалы тас», «Алғабас ауылы — Суықтоғай шатқалы» екі жаңа туристік маршруты ашылған.
Сондай-ақ ҚР туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2023 жылы Алматы облысы туризм басқармасының қаржысына ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік соқпақтарды дамыту жобасы жүзеге асқан.

— Жобаға ұлттық парктің Көлсай және Қайыңды көлдері, Саты сайларындағы туристік соқпақтары енді. Облыстық туризм басқармасынан 120 млн теңге қаражат бөлініп, Төменгі Көлсай көлінің жоғарғы көру алаңынан бастап көлдің оң жақ жағалауынанн 700 метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. Арнайы жасалған соқпақ жолдар экожүйеге зиян келтірмеу мақсатында ағаш жабындысымен жасалды. Қайыңды көлі туристік маршрутына жаяу жүргіншілерге арналған 450 метр темір баспалдақты жол салынды, — деп хабарлады министрліктен.
«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, экологиялық ағарту жұмысы үшін ұлттық парктің арнайы есепшоты есебінен 34 ақпараттық тақта, 410 дана жол сілтемесі жасалып, туристік соқпақтар мен маршрут бойына орнатылған.
Одан бөлек 16 қоқыс контейнері, 40 урна алынған. Қайыңды бақылау өткізу тоспасына 1,3 млн теңгеге электронды шлагбаум қойылған.

Инвесторлар есебінен Төменгі Көлсай көліне 4 дана Сергек, 4 дана бейнебақылау камерасы және Wi-Fi орнатылған.
Қазіргі уақытта саябақ аумағында «Жасыл даму» бағдарламасының пилоттық жобасы жүзеге асып жатыр.
— Мақсаты — ерекше қорғалатын табиғи аумақта тазалықты сақтау, адамдардың табиғатқа деген қарым-қатынасын өзгерту. Төменгі Көлсай көліне қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктеп жинауға арналған 2 дана фандомат, 14 дана күл-қоқыс жинайтын үлкен контейнер, 10 дана баннер, 3 дана әртүрлі қоқыс салатын жәшік орнатылды және 120 мың дана биоыдырайтын пакет берілді. Келген демалушылар белгіленген жолмен жүріп өту үшін арнайы 9 маршруттың офлайн картасы жасалды. Мердігер компания Төменгі Көлсай көліне суасты тазалық жұмысын жүргізді. Оның нәтижесінде 30 қап тұрмыстық қалдық, әйнек және пластик бөтелке, дымқыл майлық, алюминий банкілер жиналды, — делінген ұлттық табиғи парк жауабында.

Көлсайға келетін адамдар қалай көбейді?
Тәжірибешіл экологтер қауымдастығының төрайымы Лаура Маликованың айтуынша, әлемде урбанизация деңгейінің өсуіне байланысты экологиялық туризмге сұраныс артқан. Көлсайға келетіндердің көбеюін осы үрдіспен байланыстыруға болады.
— Табиғатта әсіресе қала тұрғындары демалғысы келеді. Сондықтан Көлсай көлдеріне, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облысындағы табиғи орындарға сұраныстың өсуі — бүкіл әлемде жүріп жатқан тенденцияның көрінісі, — деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ Лаура Маликова сарқылып жатқан мұнай-кен ресурстарын ескере келе туризм еліміздің негізгі табыс көздерінің біріне айналуы мүмкін екенін атап өтті.

Ол үшін табиғи орындарда қажетті инфрақұрылым — әжетхана, орындықтар, соқпақ жолдар болуы қажет.
Айтуынша, экологиялық туризм ұғымының түсініктемесін заңнамалық актілерде көрсетіп, туризммен айналысатын барша субъектілерге түсіндірген жөн.
— Осы арқылы біз табиғи орындарда туризмді дамытып, оның табиғатқа кері әсерін азайта аламыз, — деді ол.
Оған қоса, эколог ұлттық табиғи парктердегі көрікті орындардың қасында ағаштарды шауып, жаңадан қонақүй салуға қарсы екенін айтты.
Ал қазір жұмыс істеп жатқан қонақүй және өзге де нысандарға мемлекеттік қадағалауды күшейту қажет.

— Алматы облысындағы табиғи орындарда әжетханадан шыққан суды төгіп жатқан бірнеше бейнежазба тарады. Яғни, қонақүйден шыққан суды тазаламай төккен, одан жағымсыз иіс шыққан. Осындай жағдай болмас үшін мемлекеттік қадағалауды күшейту қажет. Мұндай мекемелер жобалау құжаттарында арнайы мобильді құрылғыларды қолдану арқылы ондай суды орнында тазалау, қалдықтарды уақтылы шығару керек. Жүргізбеген жағдайда ондай нысандарға Әкімшілік құқық бұзу кодексімен шара қолданылуы тиіс. Сол арқылы біз табиғатқа зиян келтірмей демала аламыз, — деді эколог.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауабына сүйенсек, ұлттық парк аумағында кәсіп жүргізу үшін арнайы мекеме тарапынан жер учаскесін пайдалануға беру үшін тексеріс актісі жасалып, шектеулі шаруашылық және туристік рекреациялық аймақтан жер учаскесі беріледі.
Берілген жер учаскесін пайдаланушылардың жұмысы ұлттық парк тарапынан үнемі қадағаланып отырады. Қойылған талаптарды дұрыс орындалмаған жағдайда келісімшарт бұзылады.

Тұмса табиғатты қалай сақтаймыз?
Агенттік тілшісімен тілдескен Eco Network жобасының жетекшісі, эколог Евгений Мұхамеджанов инфрақұрылымды дамытумен қатар Көлсай аумағында қатаң шектеулер енгізілуі керек екенін айтты.
— Көптеген мемлекеттерде мұндай мәселелердің шешімі әлдеқашан ойластырылған, ештеңені ойдан шығарудың қажеті жоқ. Әлемдегі үздік тәжірибелерді қолдансақ сол жеткілікті. Алдымен ұлттық табиғи парк аумағында бір реттік құралдардың бәрін, мейлі ол қағаз не пластик болсын — қолдануға тыйым салу керек. Оларды әкелуге, қолдануға, сатуға, дәмханаларда пайдалануға болмайды. Осылайша, қалдық, қоқыс жиналуының алдын алуға болады және ертең оны тазарту үшін әуреленіп жүрмейміз. Яғни, адам өзімен бірге тамақ әкелгісі келсе, онда ас-ауқатын өзінің күнделікті ыдысына салып әкелсін. Сонда оны тастамай алып кетеді. Сатылатын нәрсені бірнеше рет қолданылатын ыдысқа салып берсін. Демалушылар қосымша 2-3 мың теңге қалдырады да, ақшасын алу үшін қайтып келеді немесе сол ыдысты өзімен бірге алып кетеді. Талай елде осындай қатаң тәртіп бар. Бізге де табиғи саябақтар, су қоймалары үшін осы ережелерді заңнамамен бекіту керек. Бұл соншалықты қиын емес, — дейді ол.

Сонымен қатар Евгений Мұхамеджанов Көлсай сынды ерекше мәртебесі бар табиғи аумақта тым шулы, жан-жануарларға кері әсері болатын ойын-сауық түрлерін жүргізуге қарсы екенін атап өтті.
Оның айтуынша, скутер, квадроцикл және өзге де қатты дауыс шығаратын құралдарға тыйым салынуы тиіс. Бірінші кезекте, экожүйеге қолайлы жағдай жасаған жөн.
Ал танымал эколог Лаура Маликованың пікірінше, Көлсай көлдері сынды табиғи орындарда туристер тобының қоршаған ортаға зияны болмауын гидтер қадағалауы керек.
— Лек-лек болып келген адамдардың ұлттық табиғи парк аумағындағы Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарларға зияны жоқ емес. Мысалы кей туристер колонка әкеліп, қатты музыка қосып қойса, әрине кері әсері болады. Сондықтан гидтер өзіне жүктелген міндетті орындап, Ерекше қорғалатын аймақтар туралы заңның талаптарын орындауы керек және туристерді өздерін барынша әдепті ұстауға үндеуі тиіс, — деді ол.
Табиғи парк жанындағы ауылдардың жағдайы
Туризм саласының сарапшысы, Kat’n’Go жобасының жетекшісі Анатолий Савичев экологтардың пікіріне қосылады. Ол да Көлсай аумағында қатаң шектеулер болғанын қолдайды.
— 100 мың адамға есептелген стадионды алайық, оның инфрақұрылымына зиян келтірместен алаңға 200 мың адамды сыйдыру мүмкін емес. Сондықтан шектеулер қатаң болуы тиіс, — деді ол.

Сонымен қатар ол ұлттық табиғи парк маңындағы ауылдардың жай-күйіне де тоқталып өтті.
— Көлсайға келетін адам ағымына байланысты «таяқтың екі ұшы бар» деп айта аламын. Бір жағынан Саты ауылында жол, байланыс, су құбыры, маусымдық жұмыс пайда болды, жағдай жақсарғандай көрінеді. Бірақ экономикалық мүддеге байланысты жергілікті тұрғындар арасында жиі келіспеушіліктер мен қақтығыстар туындайды, әсіресе көлік және жылқы жалға беру қызметімен айналысатындар арасында. Экология да зардап шегіп жатыр — бұл көзге бірден түседі. Егер жол бойындағы ауылдар туралы айтсақ, онда көлік қозғалысы артқаны болмаса, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ауылдар дамып, көркейіп кеткен жоқ, экономика алға жылжымады, — деді ол.

Анатолий Савичев қазірден бастап нақты іс-шаралар қабылдап, шектеу жүйесін енгізбесе, Көлсайдан алдағы 3-5 жылда айырылып қалуымыз мүмкін деп болжайды.
Көлсайда Қызыл кітапқа енген қанша жануар бар?
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сәйкес, «Көлсай көлдері» табиғи паркі аумағында бірнеше бағытта ғылыми зерттеу жұмысы жүргізіледі.
- Көлсай аумағындағы құбылыстар мен процестерді бақылау және Табиғат жылнамасы кітабын жүргізу;
- парктегі өсімдіктердің қазіргі жағдайы, сирек кездесетін, жойылу қаупі бар эталонды және бағалы түрлерге мониторинг жүргізу;
- териофаунаның қазіргі жағдайы, сүтқоректілердің сирек, жойылып кету қаупі бар және индикаторлық түрлеріне экологиялық мониторинг жүргізу;
- ондағы омыртқасыз жануарлар фаунасының қазіргі жағдайы;
- құстардың сирек кездесетін, жойылып бара жатқан және индикаторлық түрлерінің динамикасы.

Ведомство жауабында ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жаңа деректер табылатыны айтылған.
Мысалы, парк құрылғанда Қызыл кітапқа енген өсімдіктер саны — 12 болса, бүгінгі таңда — 19-ға жеткен. Құстар бойынша — 12 болса, бүгінгі таңда 14 түрі анықталған.
— Туризм мен инфрақұрылымның дамуымен парктегі антропогендік жүктеме өсті. Төменгі Көлсай көліндегі жол-соқпақ желісіне ағаш төсемдердің қойылуы және ат үстінде серуендеуге тыйым салу — өсімдік жамылғысы құрамының өзгеруіне оң әсер еткен, — деп түсіндірді ғылыми зерттеу нәтижесін министрліктен.

Еске салайық, былтыр Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Көлсай көлдеріне бензинмен жүретін көліктер кіргізілмейтінін айтқан еді.
Бұған дейін Қайыңдыға жол, Көлсайға қатынайтын электромобильдер және тұрақ бойынша жобалар қалай жүзеге асып жатқанын жазғанбыз.