3 қаңтар. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 3 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында елшілер деңгейінде дипломатиялық қарым-қатынас орнату жөнінде бірлескен мазмұндамаға қол қойылды.
1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік автоинспекциясы атауы Жол полициясы болып өзгертілді.
2005 жылы Павлодарда Совет Одағының Батыры Махмет Қайырбаевқа ескерткіш тақта орнатылды. М. Қайырбаев (1925-1996) – 1943 жылы Калинин және Беларусь майдандарында полк, батареяны басқарған. Соғыс жылдары 2 рет Отан соғысы, Александр Невский ордендерiмен, медальдармен марапатталған. 1944 жылы 19 жастағы қазақстандық майдангер Шауляй түбіндегі шайқасы үшін Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыстан кейiнгі жылдары да ерен еңбегі үшін екi рет Еңбек Қызыл Ту орденiмен марапатталған.
2007 жылы Парижде қазақтың танымал жазушысы, М. Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың «Ақ Аруана» атты кітабы француз тілінде жарық көрді. Кітаптың алғы сөзін көрнектi әдеби сыншы Альбер Фишлер жазды. Аудармасын жасаған – белгiлi француз аудармашысы Анри Авриль.
2008 жылы Варшавадағы Қазақстанның Елшілігі қоғамға және поляктардың жас буын өкілдеріне ортаазиялық барыс және Қазақстан туралы көркем суреттермен безендірілген кітаптың компакт-дискісін алғаш рет басып шығарды. Бірінші таныстырылым «Менің Қазақстаным» («Moj Kazachstan») деп аталады, онда Қазақстан Республикасының мәдени мұрасы, тарихи ескерткіштердің әсерлі фотосуреттері, әдебиет және музыка өнерінің белгілі қайраткерлері, Қазақстандағы 130 ұлттың киімдері, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа республикалардың басшыларымен халықаралық кездесулері, Астана және Алматы қалалары туралы толық ақпарат 142 слайдта бейнелденген. Екінші таныстырылым «Қазақстанның инвестициясы» («Inwestycje w Republice Kazachstanu»), ол Қазақстан Республикасының инвестициялық және инновациялық жобалары, экономикалық ахуалы, экономикалық саясаты туралы толық ақпарат беретін 22 слайдтан тұрады.
2018 жылы Атырау облысының аудан орталығында халық батыры Махамбет Өтемісұлына арналған ескерткіш бой көтерді. Ескерткіш батырдың есімі берілген Махамбет ауылының орталық алаңында орнатылған. Ескерткіштің авторы – мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Серік Мәтениязов. Монументтің жалпы биіктігі – 10 метр 80 см. Мүсін қоладан жасалған, салмағы – 5 тонна. Қоладан құйылып, тұғыры темір-бетонмен жасалып, гранитпен қапталған.
2019 жылы кинематография саласында қоғамдық қатынастарды реттейтін, құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздемелерді анықтайтын «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.
2023 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.Заң қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін белгілейді және уәкілетті органның құзыретін бекітеді.
2025 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жаңа теміржол жобасы іске қосылды, оның іске қосылуы экспорт тасымалының көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа теміржол желісінің құрылысы жүк тасымалын қолданыстағы Сарыағаш-Ташкент учаскесінен жаңа желіге бағыттауға, «Сарыағаш» станциясындағы кептелісті азайтуға және Өзбекстанға экспорттық тасымалды арттыруға жол ашады. Осы мақсатта «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниясы «Қазақстан темір жолы» 286 млрд теңге инвестициялық жобаны жүзеге асырып отыр.
2025 жылы Бурабай ауданында зейнеткерлер мен мүгедектер қоғамдық көлікпен жеңілдікпен қатынай бастады. Щучинск қаласында қалалық қоғамдық көлікте жүру барлық зейнеткерлер мен 1, 2 және 3-топтағы мүгедектер үшін тегін болды. Халыққа бұл сыйлық Бурабай ауданы әкімдігінің субсидиясы есебінен жасалды.