3 қаңтар. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 3 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында елшілер деңгейінде дипломатиялық қарым-қатынас орнату жөнінде бірлескен мазмұндамаға қол қойылды.
1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік автоинспекциясы атауы Жол полициясы болып өзгертілді.
2005 жылы Павлодарда Совет Одағының Батыры Махмет Қайырбаевқа ескерткіш тақта орнатылды. М. Қайырбаев (1925-1996) – 1943 жылы Калинин және Беларусь майдандарында полк, батареяны басқарған. Соғыс жылдары 2 рет Отан соғысы, Александр Невский ордендерiмен, медальдармен марапатталған. 1944 жылы 19 жастағы қазақстандық майдангер Шауляй түбіндегі шайқасы үшін Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыстан кейiнгі жылдары да ерен еңбегі үшін екi рет Еңбек Қызыл Ту орденiмен марапатталған.
2007 жылы Парижде қазақтың танымал жазушысы, М. Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың «Ақ Аруана» атты кітабы француз тілінде жарық көрді. Кітаптың алғы сөзін көрнектi әдеби сыншы Альбер Фишлер жазды. Аудармасын жасаған – белгiлi француз аудармашысы Анри Авриль.
2008 жылы Варшавадағы Қазақстанның Елшілігі қоғамға және поляктардың жас буын өкілдеріне ортаазиялық барыс және Қазақстан туралы көркем суреттермен безендірілген кітаптың компакт-дискісін алғаш рет басып шығарды. Бірінші таныстырылым «Менің Қазақстаным» («Moj Kazachstan») деп аталады, онда Қазақстан Республикасының мәдени мұрасы, тарихи ескерткіштердің әсерлі фотосуреттері, әдебиет және музыка өнерінің белгілі қайраткерлері, Қазақстандағы 130 ұлттың киімдері, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа республикалардың басшыларымен халықаралық кездесулері, Астана және Алматы қалалары туралы толық ақпарат 142 слайдта бейнелденген. Екінші таныстырылым «Қазақстанның инвестициясы» («Inwestycje w Republice Kazachstanu»), ол Қазақстан Республикасының инвестициялық және инновациялық жобалары, экономикалық ахуалы, экономикалық саясаты туралы толық ақпарат беретін 22 слайдтан тұрады.
2018 жылы Атырау облысының аудан орталығында халық батыры Махамбет Өтемісұлына арналған ескерткіш бой көтерді. Ескерткіш батырдың есімі берілген Махамбет ауылының орталық алаңында орнатылған. Ескерткіштің авторы – мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Серік Мәтениязов. Монументтің жалпы биіктігі – 10 метр 80 см. Мүсін қоладан жасалған, салмағы – 5 тонна. Қоладан құйылып, тұғыры темір-бетонмен жасалып, гранитпен қапталған.
2019 жылы кинематография саласында қоғамдық қатынастарды реттейтін, құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздемелерді анықтайтын «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.
2023 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.Заң қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін белгілейді және уәкілетті органның құзыретін бекітеді.
2024 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлына берген көлемді сұхбаты жарияланды. Президент ішкі және сыртқы саясат, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, атом электр станцияларының құрылысы және басқа да өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарға жауап берді.
2024 жылы Петропавлда «Қалалық қызметтер порталы» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жүйе тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді алуды жеңілдетеді. Қалалық қызметтер порталы қала тұрғындары мен ұйымдардың өзара әрекеттесуінің жаңа форматы болып табылады. Ол жеке және заңды тұлғаларға «бір терезе» қағидаты бойынша коммуналдық қызметтерді көрсетуді біріктіреді және бұрын табиғи монополиялар субъектілері мен басқа да мемлекеттік органдар дербес көрсететін қызметтерді тікелей көрсетеді.