3 қазан. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 3 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

nullЕСІМДЕР

148 жыл бұрын (1870-1916) 1916 жылғы Қарқаралы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі Серікбай ҚАНАЙҰЛЫ дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. 1916 жылы патша үкіметінің «маусым жарлығына» қарсы көтерілген Қарқаралы тұрғындарының Ереуілтөбедегі жиынында алғашқы 400 адамнан құралған отрядты Ұзақ, Жәмеңке батырлармен бірге басқарған. Шілденің 28-інде Қарқаралыға келген жазалаушы отряд ереуілшілерден бірнеше адамды тұтқынға алған. Солардың бірі - Серікбай. Жазалаушылар оларды Жаркент абақтысына айдап бара жатқан жолда атып өлтіреді. Серікбай - М.Әуезовтың «Қилы заман» повесінің, Бөлтірік ақынның «Ел жарыла көшкенде» толғауының басты кейіпкерінің бірі.

118 жыл бұрын (1900-1940) қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор Иса БАЙЗАҚОВ дүниеге келді.

Павлодар облысының Ертіс ауданында туған. Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.

Жастайынан суырып салма ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен көзге түседі. 1919-1920 жылдары ел ішінде Бағит, Құдайберген деген ақындармен айтысып, жеңеді. Алғашқы өлеңдері 1924 жылы жарияланды. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш театры ашылғанда, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнады. 40-тан астам халық әндерінің сөзін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта жазды. Репертуарындағы халық әндерінің көпшілігі «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына енді. 1931-1940 жылдары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, Жазушылар одағында қызмет етті. Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып ауыл-ауылды аралап жалынды өлеңімен, асқақ өнерімен үгітшілік қызмет атқарды. Оның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) халық арасына кеңінен таралды. Шығармалары бірнеше рет жеке кітап болып басылып, орыс тілінде де жарияланды. Жазушы Н.Анов «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесін жасады. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

1980 жылы республикалық деңгейде алғашқы рет қазақтың халық ақыны Иса Байзақовтың туған күні атап өтілді. И.Байзақовтың 80 жылдық мерейтойында «Беловодский» ұжымшарының атауы Иса Байзақов атындағы ауыл болып өзгертілді. Ертіс ауданындағы Мәдениет үйінің алдында Иса Байзақовтың бюст ескерткіші орнатылды. Оның есімі аудан орталығының көшелеріне берілді. Иса Байзақовтың 100 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда Астана, Павлодар қалаларында және Ертіс ауданы мен оның туған жерінде атап өтілді. 2010 жылдың тамыз айында Павлодар облысында Иса Байзақовтың 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар өтті.

85 жыл бұрын (1933-2015) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Дәурен Хамитұлы СЕМБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Д.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтын бітірген. 1956 жылдан А.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында ғылыми қызметте болды. Қазір аталмыш институттың бөлімше меңгерушісі. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы төралқасының мүшесі және химия-тенология бөлімшесінің академик хатшысы болған. Негізгі ғылыми еңбектері органикалық қосылыстардың арасындағы өзара құрылымдық байланыстардың ерекшеліктерін, олардың оксидті катализатор қатысында катализдік тотығу және тотықтыру аммонолизін анықтау, органикалық заттардағы әр түрлі орталықтардың реакцияға қабілеттілігі мен олардың катализдік реакцияларға қатысу мүмкіндіктерін зерттеуге арналған. Сембаев зертханасында ванадий-титанды катализаторлар жасалып, өндіріске енгізілді. Осы катализаторлар негізінде никотин қышқылын шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс құрылды (Украина, Умань қаласы). Ғалым 300-дан астам ғылыми еңбектің, 34 авторлық куәлік, 45 патенттің авторы.

Бірнеше медальмен марапатталған.

77 жыл бұрын (1941-2012) жазушы, аудармашы Бақытжан МОМЫШҰЛЫ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші болып бастап, Жамбыл облыстық газетінде, «Ленинская смена» газетінде еңбек етті. Шығармашылық жолын аудармашылықтан бастап, Ш.Мұртазаның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» повестерін, Ж.Молдағалиевтің, Д.Досжановтың, О.Бөкеевтің, Қ.Найманбаевтың, Б.Бодаубаевтың, Б.Тоғысбаевтың, М.Айымбетовтың, К.Тоқаевтың, т.б. жазушылардың туындыларын аударған. Өзінің «Жанымның жарық жұлдызы», «Қасымда сен барда», «Әкеге құрмет», т.б. кітаптары жарық көрген.

76 жыл бұрын (1942) Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Еуразия математикалық институтының директоры Мұхтарбай Өтелбайұлы ӨТЕЛБАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылында туған. 1969 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1973-2000 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясы Қазақстан Ғылым Академиясының Математика және механика ғылым-зертттеу институтында, ҚазҰУ-да, Жамбыл педагогикалық институтында, Қарағандыдағы Қолданбалы математика ғылымының зерттеу институтында, ҚазҰПУ-да ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, басшылық қызметтер атқарды. 1993-1995 жылдары ҚР Министрлер кабинеті жанындағы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің аэрогидродинамика бөлімінің бастығы болған. 2000 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Еуразиялық математика институтының директоры, Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы бөлімшесі директорының орынбасары қызметін атқарады.

ҚР Ұлттық ғылым Академиясының академигі (2004), физика-математика ғылымдарының докторы (1978), профессор (1983), Ғылым мен техниканың дамуына қосқан үлесі үшін ғалымдар мен мамандар арасындағы мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері (2008), «Алтын Адам» мемлекеттік дипломының иегері (2002), Ғылым аталымы бойынша «Алтын пластинаның» иегері, (2004), «Үздік оқытушы» (2005).


7
2 жыл бұрын (1946) жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан СМАЙЫЛ дүниеге келді.

Қарағандыда туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты. 1970-75 жылдары - Республикалық Қазақ радиосының редакторы. 1975-90 жылдары - Целиноград (қазіргі Ақмола) облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бөлім меңгерушісі. 1990-95 жылдары - облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы, облыстық «Қараөткел» газетінің бас редакторы. 1995-97 жылдары - Ақмола облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары. 1997-2002 жылдары - Қазақстан телерадиокорпорациясы Астана студиясының бас директоры. 2002-2007 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры. 2007-2011 жылдары - ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012-2016 жылдары - V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 
«Астананың 10 жылдығы» (2007 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011ж.) медальдарымен марапатталған.

60 жыл бұрын (1958) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесіЗағипа Яхиянқызы БАЛИЕВА дүниеге келді.

Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш ауылында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген, экономист-халықаралық маман. 1975-1976 жылдары СКТУ-де лаборант болып жұмыс істеген. 1981-1982 жылдары - Жамбыл облыстық құрылыс банкінде заңгер кеңесші. 1982-1986 жылдары - Жамбыл қалалық атқару комитетінде заңгер. 1986-1992 жылдары - Алматы қалалық атқару комитетінің тұрғын үйді есепке алу және бөлу басқармасының инспекторы, бөлім меңгерушісі. 1992-1994 жылдары - Алматы қаласы әкімшілігінің басшысы аппаратының Заң бөлімінің меңгерушісі. 1994-1995 жылдары - XIII сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Экономикалық реформа жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы. 1996-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы. 2005-2009 жылдары - Қазақстан Республикасының Әділет министрі. 2009-2011 жылдары - IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 2012-2016 жылдары - V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2016 жылғы наурыздан қазіргі қызметінде.

«Нұр Отан»  партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. 
«Құрмет», «Парасат», «Күміс алқа», ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.


37 жыл
 бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Руслан Сәтбекұлы ЕҢСЕБАЕВ дүниеге келді.

1981 жылы Ақмола облысында туған. 2005 жылы «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша Басқару институтын, 2013 жылы - Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша тәмамдаған. 

2001-2016 жылдары «Қаржы жүйелерін ақпараттандыру орталығы» РМК, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ қызмет атқарған. 

2016-2017 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ Трансформация және кадрлық саясат жөніндегі бас директоры қызметін атқарды. 2017-2018 жылдары «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқармасының төрағасы болды.

2018 жылдың маусымынан бастап қазіргі қызметінде.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар