3 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 3 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
67 жыл бұрын (1958) Қазақстан Республикасының қоғам және саясат қайраткері Зағипа Яхияқызы БАЛИЕВА дүниеге келді.

Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш ауылында туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген, экономист-халықаралық маман.
1975-1976 жылдары СКТУ-де лаборант болып жұмыс істеген. 1981-1982 жылдары Жамбыл облыстық құрылыс банкінде заңгер кеңесші. 1982-1986 жылдары Жамбыл қалалық атқару комитетінде заңгер. 1986-1992 жылдары Алматы қалалық атқару комитетінің тұрғын үйді есепке алу және бөлу басқармасының инспекторы, бөлім меңгерушісі. 1992-1994 жылдары Алматы қаласы әкімшілігінің басшысы аппаратының Заң бөлімінің меңгерушісі. 1994-1995 жылдары XIII сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Экономикалық реформа жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 1995-1996 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы. 1996-2005 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрайымы. 2005-2009 жылдары ҚР Әділет министрі. 2009-2011 жылдары IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 2012-2016 жылдары V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
«Құрмет», «Парасат», «Күміс алқа», ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
58 жыл бұрын (1967) Жетісу облысы мәслихатының төрағасы Гүлнар Қожағұлқызы ТОЙЛЫБАЕВА дүниеге келді.

Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылында туған. Педагогикалық институтты және І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-ді физика-математика және құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Алматы облысы, Талдықорған ауданы, Қарабұлақ ауылы, Киров атындағы орта мектепте физика-математика пәнінің мұғалімі (1989-1991); Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылы, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепте физика, математика, информатика пәнінің мұғалімі (1991-2002); Алматы облысы Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылы ішкі саясат бөлімінің бас маманы (2002-2007); «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалының идеологиялық бөлімінің меңгерушісі, Талдықорған қаласы (2007-2008); «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалы қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің басшысы, Талдықорған қаласы (2008-2012); «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалының ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімінің басшысы, Талдықорған қаласы (2012-2013); «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы, Талдықорған қаласы (2013-2016); «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Талдықорған қаласы (2016-2020); «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Талдықорған қаласы (2020-2022); «АМАНАТ» партиясы Алматы облыстық филиалының жауапты хатшысы, Талдықорған қаласы (2022); Жетісу аудандық мәслихатының хатшысы (2022-2023).
47 жыл бұрын (1978) Ақтөбе облысының әкімі Асхат Берлешұлы ШАХАРОВ дүниеге келді.

Орынбор облысында (РКФСР) дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік Спорт және туризм академиясын бітірген, дене шынықтыру оқытушысы — спорт жаттықтырушысы (1999); Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті, халықаралық экономист (2002); РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы, аспирантура (2013). Еңбек жолы: Ақтөбе Мемлекеттік Университеті спорт пәндері кафедрасының оқытушысы. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы (2000-2004); Ақтөбе облысының олимпиадалық резервті даярлау орталығының директоры (2004-2007); Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының әкімі (2013-2017); Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының әкімі (2017-2020).
2023 жылғы қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
37 жыл бұрын (1988) ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек КЕНЖЕХАНҰЛЫ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасы аясында Ұлыбританияның Рединг университетін «ауыл шаруашылығы саласындағы экономист», Кореяның Аджу университетін «экономика және бизнес магистрі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ несиелік өнімдерді әзірлеу департаментінің менеджері болып бастаған. Әр түрлі жылдары Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің инвестициялық жобалар және қаржылық құралдар департаментінің инвестиция басқармасының басшысы болды, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің халықаралық ынтымақтастық және экономикалық интеграция департаментінің халықаралық ынтымақтастық басқармасын, Ақтөбе облысы сыртқы байланыстар және туризм басқармасын, Ақтөбе облысы ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасын басқарды. 2019-2021 жылдары Ақтөбе облысындағы Мартық ауданының әкімі.
2024 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.
125 жыл бұрын (1900-1940) қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор Иса БАЙЗАҚОВ дүниеге келді.

Павлодар облысының Ертіс ауданында туған. Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Жастайынан суырып салма ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен көзге түседі. 1919-1920 жылдары ел ішінде Бағит, Құдайберген деген ақындармен айтысып, жеңеді. Алғашқы өлеңдері 1924 жылы жарияланды. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш театры ашылғанда, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнады. 40-тан астам халық әндерінің сөзін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта жазды. Репертуарындағы халық әндерінің көпшілігі «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына енді. 1931-1940 жылдары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, Жазушылар одағында қызмет етті. Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып ауыл-ауылды аралап жалынды өлеңімен, асқақ өнерімен үгітшілік қызмет атқарды. Оның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) халық арасына кеңінен таралды. Шығармалары бірнеше рет жеке кітап болып басылып, орыс тілінде де жарияланды. Жазушы Н. Анов «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесін жасады. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 1980 жылы республикалық деңгейде алғашқы рет қазақтың халық ақыны Иса Байзақовтың туған күні атап өтілді. И.Байзақовтың 80 жылдық мерейтойында «Беловодский» ұжымшарының атауы Иса Байзақов атындағы ауыл болып өзгертілді. Ертіс ауданындағы Мәдениет үйінің алдында Иса Байзақовтың бюст ескерткіші орнатылды. Оның есімі аудан орталығының көшелеріне берілді. Иса Байзақовтың 100 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда Астана, Павлодар қалаларында және Ертіс ауданы мен оның туған жерінде атап өтілді. 2010 жылдың тамыз айында Павлодар облысында Иса Байзақовтың 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар өтті.
84 жыл бұрын (1941-2012) жазушы, аудармашы Бақытжан МОМЫШҰЛЫ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы шет тілдер педагогикалық институтын бітірген.
Еңбек жолын Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші болып бастап, Жамбыл облыстық газетінде, «Ленинская смена» газетінде еңбек етті. Шығармашылық жолын аудармашылықтан бастап, Ш. Мұртазаның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» повестерін, Ж. Молдағалиевтің, Д. Досжановтың, О.Бөкеевтің, Қ. Найманбаевтың, Б. Бодаубаевтың, Б. Тоғысбаевтың, М. Айымбетовтың, К.Тоқаевтың, т. б. жазушылардың туындыларын аударған. Өзінің «Жанымның жарық жұлдызы», «Қасымда сен барда», «Әкеге құрмет», т. б. кітаптары жарық көрген.