3 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 3 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
63 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Еркін Әнуарұлы ОҢҒАРБАЕВ дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында туған. 1984 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін, 1990 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Мәскеу жоғары мектебінің адъюнктурасын бітірген.
Еңбек жолы: 1984-1996 жылдары Комсомол комитетінің хатшысы, Қарағанды Жоғары мектебін оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, бөлім бастығы, 1996-1997 жылдары ҚР Мемлекеттік тергеу комитетінің аса маңызды тапсырмалар бойынша аға инспекторы, 1997-1999 жылдары Қарағанды Жоғары мектебі бастығының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары, 1999-2000 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті оқу орындарының басқарма бастығы, 2000-2003 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған. 2003-2007 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінің проректоры, бірінші проректоры, вице-президенті, 2007-2010 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы, 2010-2011 жылдары «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің» басқарушы директоры – басқарма мүшесі, 2011-2012 жылдары «Астана» университетінің ректоры, 2013-2015 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, 2015-2016 жылдары ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры, 2017 жылы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрілігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары, міндетін атқарушы, 2017-2018 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасы, 2019-2020 жылдары «Отандастар» қоры» ҰАҚ тәуелсіз директоры қызметін атқарды. 2019-2023 жылдары ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі, 2020-2023 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры болды.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтар айынан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен (2006); «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «10 жыл Астана» (2007), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2015); мерейтой медальдарымен; «Астана» естелік медалімен (2006); «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин», т.б. төсбелгілермен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие (2011).
62 жыл бұрын (1962) «А.Сызғанов» атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Болатбек Бимендіұлы БАЙМАХАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. 1986 жылы Алматы медицина институтының емдеу факультетін хирург мамандығы бойынша, 2006 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің экономика факультетін ( экономика бакалавры мамандығы бойынша тәмамдаған. Медицина ғылымдарының докторы (2001). Профессор (2006 жылдан).
Еңбек жолы: 1986-1990 жылдары Қызылорда облыстық ауруханасының дәрігер-хирургі, 1990-2000 жылдары А.Сызғанов атындағы Клиникалық және сынақтық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, 2000-2003 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, 2003-2007 жылдары «А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығы» РМКК директоры, 2007-2008 жылдары бөлім меңгерушісі (Алматы қ.). 2008-2011 жылдары Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып қызмет атқарған. 2011-2012 жылдары «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ-ның Басқарма төрағасы, 2012-2016 жылдары Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық емхананың бас дәрігері лауазымын атқарған.
2016 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен (2006), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталған.
40 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызмет комитеті төрағасының орынбасары Нәдір Шамұратұлы ҚҰРЫМБАЕВ дүниеге келді.

Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Тарих және география», «Құқықтану» мамандықтары, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығы бойынша бітірген. 2012 жылы Халықаралық бизнес академиясында Іскерлік әкімшіліктендіру магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2005 жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да кредиттік технология зертханасының сарапшысы болып бастаған, онда 2007 жылға дейін түрлі позицияларда жұмыс істеді. 2007-2008 жылдары «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ-да еңбек етті. 2008-2009 жылдары «New Consulting» ЖШС директорының орынбасары болды. 2009-2020 жылдары «Ұлттық стандарт» сертификаттау орталығы ЖШС басқарды. 2020-2021 жылдары «AQJAIYQ» ӘКК АҚ басқарма төрағасы, 2021-2024 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2024 жылдың шілдесінен бері атқарып келеді.
40 жыл бұрын (1984) «ASTANA TV» телеарнасының бас директоры Азизхан Бақытұлы ӘБІЛДИНОВ дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бакалавриат және магистратураны саясаттану мамандығы бойынша, «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетін экономика мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2017-2018 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде қызмет еткен; «NUR Media» холдингінде ақпараттық және жарнама саясаты департаментінің директоры, 2018-2019 жылдары «NUR Media» холдингінің ақпараттық жұмыстар департаментінің директоры, 2019-2021 жылдары «NUR Media» холдингі бас директорының орынбасары болған.
Қазіргі лауазымына 2021 жылдың қыркүйек айында тағайындалды.
«Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен (2014), Мемлекет басшысының, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің және «Nur Otan» партиясының төрағаларының алғыс хат және құрмет грамоталарымен марапатталған. «Nur Otan» партиясының мүшесі (2003 жылдан бері).
38 жыл бұрын (1986) спортшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Олимпиада жүлдегері, бірнеше дүркін халықаралық жарыстар жеңімпазы Ақжүрек Достықұлы ТАҢАТАРОВ дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. 2012 жылы Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарында 66 кг салмақ дәрежесінде Қазақстанның намысын қорғап, қола жүлдегер атанды.
95 жыл бұрын (1929-2020) филология ғылымдарының докторы, профессор, әдеби сыншы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шериаздан Рүстемұлы ЕЛЕУКЕНОВ дүниеге келген.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Журналистік және ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысты.
Еңбек жолы: 1971-1986 жылдары Мемлекеттік баспа, полиграфия, және кітап саудасы комитетінің төрағасы, 1986-1988 жылдары Әдебиет және өнер институтының директоры, 1988-1996 жылдары осы институттың орыс әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, оған қоса әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры қызметін атқарған. «Қазақ романы және қазіргі дәуір», «Замандас парасаты», «Фольклордан роман-эпопеяға дейін», «Мағжан» сияқты ғылым еңбектердің, «Кітаптану негіздері», «Газет жанрлары», «Қазақ кітабының тарихы» және басқа да оқулықтардың авторы.
«Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальмен марапатталған.
85 жыл бұрын (1939-1991) қазақ қыпшақтанушысы, ғалым-археолог Сержан АҚЫНЖАНОВ дүниеге келген.
Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында қызмет істеді. Отандық тарих, археология, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мәдениетіне арналған елуден астам ғылыми еңбек жазды. «Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы қыпшақтар» атты қыпшақтардың қоғамдық құрылысы, мемлекеттік құрылымдары мен мал шаруашылық түрлері жөніндегі көлемді еңбегі жарыққа шықты. Оңтүстік Қазақстан кешенді археология экспедициясына, Шүлбі, Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедицияларына, сондай-ақ Қазақстан археологиясы тарихында тұңғыш құрылған қазақ-американ халықаралық археологиялық-этнографиялық экспедициясына жетекшілік етті. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының археологиялық технология зертханасын басқарған.
76 жыл бұрын (1948-2014) Физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нарғозы Тұрсынбайұлы ДАНАЕВ дүниеге келген.
Жамбыл облысы Талас ауданы Майтөбе ауылында туған. 1972 жылы ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1972-1974 жылдары КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі есептеу орталығында стажер-зерттеуші, 1974-1977 жылдары сонда аспирант, 1977-1982 жылдары аға инженер қызметінде болды. 1985-1992 жылдары ҚазМУ-дың аға оқытушысы, доценті, 1995-1997 жылдары (және 2000 жылдан) ҚазМУ жанындағы Математика және механика институтының директоры, 1997-2000 жылдары ҚазМУ-да декан қызметін атқарған. болды. Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары есептеу математикасына, сондай-ақ сұйықтық, газ және плазма механикасына арналған.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1994).