3 күннің ішінде көші-қон заңнамасын бұзғандарға 1 млн. 500 мың теңге айыппұл салынды
Іс-шараға күн сайын барлығы 600-ге жуық қызметкер жұмылдырылып, жедел қызмет, әкімшілік полициясы және көші-қон полициясы қызметкерлерінің қатарынан 51 ұтқыр топ құрылды, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.
Шара барысында Қазақстан Республикасына келу ережесін бұзғандары үшін 215 шетелдік ҚР ӘҚБК 394-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 153-і ТМД азаматтары, 62-і алыс шетел азаматтары. Сондай-ақ, соттың шешімімен 1 шетелдік Қазақстан Республикасы аумағынан тысқары шығарылды.
ҚР ӘҚБтК 395-бабы, яғни жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында шетелдiктердiң болу қағидаларын бұзуы бойынша 6 құқық бұзушылық анықталып, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ тағы да 6 шетелдік қабылдау-тарату орындарына жеткізілді.
Іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталды. Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын бұзған 3 қылмыс бойынша ҚР ҚК 330-бабының 1-тармағымен (ҚР мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз өткені үшін), ҚР ҚК 330-1 бабымен (Тысқары шығару туралы сот шешімін орындамағы үшін) және ҚР ҚК 330-2 бабына (Заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін) сәйкес тексеру амалдары жүргізілуде.
Жалпы, іс-шара өткізілген 3 күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзғандарға 1 млн. 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі уақытта көлік полицейлері көші-қон заңнамасының тәртібін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қосымша шаралар қабылдауда.