3 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 3 қыркүйекке арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстанда мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні
Бұл кәсіби мереке қыркүйектің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі. Аталған мерекенің тарихы совет дәуірінен бастау алған. Ал Тәуелсіз Қазақстанда ресми түрде кәсіби мереке ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2003 жылы бекітілді. Сондай-ақ бұл мереке мұнай және газ индустриясында еңбек ететін барлық жұмысшыға арналады. Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова мен Ресейде де аталып өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Алматы облысы Қаскелең ауданының атауы Қарасай ауданы болып өзгерді.
2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола облысының Щучье ауданы Бурабай ауданы деп өзгертілді.
2010 жылы «Еуроспорт» телеарнасы Қазақстанның табысты жас спортшылары туралы «Жас үміт» тележобасын іске қосты. Оның мақсаты – Қазақстанның спорттық әлеуетін көрсету, сонымен қатар циклды бағдарламалар арқылы осы елдің мәдениеті мен құндылықтары жөнінде мағлұмат беру.
2012 жылы Назарбаев Университетінде Қазақстан Президенті интерактив дәріс оқыды. Лекцияның алдында жаңа «Білім» телеарнасы іске қосылды. Арнадан дәріс тікелей эфирде көрсетілді.
2012 жылы Есентуки Кавказ минералды сулары тобына кіретін Ресейдегі ең ірі және танымал емдік суы мен балшықпен емдейтін курортында толық жаңартылған «Қазақстан» санаторийі ашылды.
2013 жылы Қазақстан халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың жүз жылдығына орай үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) «Әлем көшпенді бояуында» атты кітап-альбомы жарық көрді. Бұдан бөлек, суретші отбасының нұсқауымен ресейлік сарапшыларды тарта отырып, деректі фильм түсірілді. 30 минуттық фильмде қылқалам шеберінің тағдыры, өнер жолы сөз болды.
2021 жылы Қостанайда қазақ журналистикасының дамуына баға жетпес үлес қосқан жазушы-журналист Әбілфайыз Ыдырысовқа арналған мемориалдық тақтаның ашылуы өтті. Ғалым ретінде ол тек дәріс оқып қана қоймай, сонымен қатар осы салада теңдесі жоқ оқулықтар жазды.
2021 жылы Түркияда «Қазақфильм» киностудиясында шығарылған «Томирис» көркем фильмі прокатқа шықты. Көрсетілім бүкіл ел бойынша 200-ден астам кинотеатрда өтті. Ұлы дала патшайымы туралы картинаны көрсету құқығына Америка, Ұлыбритания, Италия, Испания, Жапония, Таяу Шығыс, Оңтүстік Корея, ТМД, Сингапур, Румыния және Франция елдерінің дистрибьюторлары ие болды.