Парашют күні: Қону техникасын дұрыс меңгеру – қауіпсіздіктің басты кепілі

АСТАНА. KAZINFORM – 3 маусым парашюттің пайда болған күні саналады. Осы орайда, нұсқаушыдан парашютпен секірудің негізгі ережесін сұрап білдік.

3 маусым – парашюттің туған күні
Фото: pexels.com

Тарихи деректерге сүйенсек, парашюттің алғашқы жобасын XV ғасырда италиялық ғалым әрі өнертапқыш Леонардо да Винчи жасаған. Алайда бұл идея тек XVI ғасырдың соңында ғана іс жүзінде жүзеге аса бастайды.

1797 жылы 3 маусымда француз аэронавты Андре-Жак Гарнерен алғаш рет Париж аспанынан парашютпен секірген. Ол шамамен 1000 метр биіктіктен жерге қонған. Бұл оқиға парашюттің даму тарихындағы маңызды кезең болып саналады және осы күн ресми түрде парашюттің туған күні ретінде белгіленді.

3 маусым – парашюттің туған күні
Фото: pexels.com

Қазақстанда парашют спорты XX ғасырдың ортасынан бастап қарқынды дами бастады. Ел аумағында парашютпен секіруді үйрететін клубтар мен орталықтар жұмыс істейді. Жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық жарыстар жастардың бұл спорт түріне қызығушылығын арттырып келеді.

Мамандардың айтуынша, парашют спорты адамнан жоғары физикалық дайындықпен қатар, рухани төзімділікті, жылдам шешім қабылдау қабілетін талап етеді.

– Алдымен теориялық сабақ өтеді, содан кейін психологиялық тест тапсыру керек. Серуендеуге немесе секіруге ниетті адам түрлі жағдайларға дайын болуы керек. Мысалы, негізгі парашют ашылмай қалған жағдайда қосалқы парашютті қашан және қалай қолдану керектігін нақты білуі шарт. Мұндай төтенше жағдайлар әрқашан болуы мүмкін. Сол себепті, парашютті өзің жинауың қажет. Сонымен қатар нұсқаушыны мұқият тыңдау өте маңызды. Бар зейінің парашютте болуы керек, сабыр сақтау — басты қағида, – дейді 3-сыныпты сержант Талғат Жақсыбаев.

Маманның айтуынша, парашютпен секірген кезде нақты қай жерге қонатыныңды алдын ала болжау мүмкін емес. Ұшу барысында желдің бағыты өзгеріп, секірушіні басқа жаққа алып кетуі ықтимал. Адам орманның ішіне, суға немесе электр сымдарына түсуі мүмкін. Кейде екі парашют ауада бір-бірімен соқтығысып жатады. Мұндай қауіптің алдын алу үшін адамдарды салмақтарына қарай жіберу тәртібі қолданылады. Алдымен ауыр салмақтағылар, кейін жеңілдер секіреді. Бұл – ауада соқтығысудың алдын алуға бағытталған әдіс.

3 маусым – парашюттің туған күні
Фото: instagram.com/talgatzhaxybaev

– Жерге қонғанда екі аяқты қосып, бірге ұстау керек. Егер бір аяқпен түссең, оны жарақаттап немесе сындырып алуың ықтимал. Сондықтан қону техникасын дұрыс меңгеру – қауіпсіздіктің басты кепілі, – дейді Талғат Жақсыбаев.

Сержанттың айтуынша, тікұшақ көтеріле бастағанда бір-біріңді есту мүмкін болмайды, сол себепті тек нұсқаушының қимылдарына қарап, айтқанын бұлжытпай орындау қажет.

– Қорқыныш дәл осы сәтте басталады. Секірген кезде қол мен аяқты бүгіп, денені жинақы ұстау керек, өйткені оралып қалу қаупі бар. Ереже өте көп, бірақ ең бастысы – осы айтылғандарды есте сақтау, – дейді.

Айта кетейік, әлем халқы 3 маусымды тек парашют өнертабыс ретінде пайда болған күн емес, сонымен қатар адамзаттың батылдыққа, еркіндікке және жаңа мүмкіндіктерге ұмтылысын білдіретін маңызды күн санайды.

                                                                                                         Ақерке Қабдұлкәкім

Соңғы жаңалықтар