3 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 3 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.
None

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік велосипед күні

2018 жылы 12 мамырда БҰҰ Бас ассамблеясы бұл күнді БҰҰ-ның әлемдік және халықаралық күндерінің тізіміне қосты. БҰҰ Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік велосипед күнін экологияның бұзылуының алдын алып, адамдарды дене шынықтыруға баулу үшін, денсаулыққа пайдалы велосипед тебуді насихаттау мақсатында енгізген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1988 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен Халыққа білім беру министрлігі құрылды. Аталмыш министрлік Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы мамырдың 8-індегі Жарлығымен және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы негізінде Білім министрлігі болып қайта құрылды.

1995 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ұлы ойшыл Абайдың (1845-1904) 150 жылдығына арналған мәдени күндер басталды.

1999 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіндегі Кіші Ақсарайға қазақ халқының хандары мен билерінің сүйектері қайта жерленді.

2002 жылы Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алғашқы басқосуы өтті. Оған 16 қатысушы елдің, сондай-ақ БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, Араб мемлекеттері лигасының және 8 бақылаушы елдің өкілетті делегациялары қатысты. Кездесу барысында тарихи құжаттар – АӨІСШК Алматы актісі мен Терроризмді аластау мен өркениеттер арасындағы үн қатысуға жәрдемдесу туралы Декларация қабылданды.

2013 жылы Атырау қаласының делегациясы Әзербайжанға барған сапары барысында Атырау (Қазақстан) мен Ширван (Әзербайжан) арасында ынтымақтастық-бауырластық қатынас орнату туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.

2013 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының экспедициясы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында жүргізген қазба жұмыстары кезінде қорғаннан сақ ханымының мүрдесін тапты.

2014 жылы Венгрияда қазақтың ұлы ақыны Абай мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Мүсін Мажар елінің астанасы Будапешттің Астана көшесіне орнатылды.

2016 жылы Ыстанбұлда түркі әлемін дамытуға қосқан үлесі үшін «Қызыл алма» сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Астанада «Астана Арқау» жыл сайынғы түркі дәстүрлі музыка фестивалін ұйымдастырғаны үшін EL production company марапатталды. Марапат компанияның бас директоры Айгүл Бейсенбаеваға тапсырылды. «Астана Арқау» түркі әлемінің дәстүрлі музыкасын дәріптейтін іс-шараларды жүзеге асыру арқылы дүниеге кеңінен танылды. Соңғы 9 жылда бұл фестивальге әлемдегі барлық дерлік түркі халықтарының дәстүрлі музыкасын орындайтын, оны зерттеумен айналысатын музыканттар мен ғалымдар қатысты.

2017 жылы Қостанайда Қазақстанда ең алғашқы «балалар музейі» өз жұмысын бастады. Қостанай ойыншықтар музейі – еліміздегі жалғыз балаларға арналған музей.

2018 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Қазақстан мен Корея Республикасының біріккен «Ұлы Жібек жолы бойындағы Достық және Әріптестік» естелік-белгісі ескерткіші ашылды. Бұл естелік-белгі Корея Республикасының бастамасымен 2013 жылдан бастап Корея, Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде қойылған. Ерекше белгіні орналастыру мәртебесі ежелгі Жібек жолының бойында жатқан «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің еншісіне бұйырды.

2020 жылы Қазақстанда экологиялық білімді дамыту жөніндегі жоба іске қосылды. Жоба негізінен заңнаманы жетілдіру және экологиялық білім беруді Қазақстанның білім беру жүйесіне енгізу үшін құқықтық шеңбер құру арқылы мемлекеттің және жаһандық әлемнің толыққанды және тұрақты дамуына, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.

2021 жылы 14 жастағы қарағандылық Нұрдәулет Сағатбек ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Juldyzai» халықаралық онлайн фестивалінде жалғыз Гран-при жеңіп алды. Музыкант Дина Нұрпейісованың «Бұл-бұл» күйін орындады.

Жас дарындар вокал, хореография, аспапта ойнау, ыммен ән айту секілді төрт номинация бойынша сынға түсті. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Грузия және Өзбекстаннан 10-18 жас аралығындағы үш мыңға жуық бала қатысып, 379-ы финалға шықты.

2021 жылы Австрияда қазақтың ұлы ақынының мұрасын насихаттауға елеулі үлес қосқан қоғам қайраткерлеріне ТҮРКСОЙ ұйымының «Абайға 175 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс ету рәсімі өтті. Марапаттар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының бұрынғы төрағасы Кристин Муттоненге, сондай-ақ «Қазақстан достары» клубының мүшесі Рудольф Лобмайерге берілді.

Марапатталғандар олардың қызметіне жоғары баға бергені үшін ризашылықтарын білдіріп, екі ел халқының ынтымақтастығын нығайтуға одан әрі үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді.

2021 жылы Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Диасалы Кәрім кез келген дыбыстан автономды зарядталатын сымсыз құлаққаптардың жаңа буынын ойлап тапты.

«Бұл автономды зарядталатын жаңа буынның алғашқы сымсыз құлаққаптары. Құлақаспаптардың басты ерекшелігі - олар дыбыспен кез келген өзара әрекеттесу арқылы зарядталады, мейлі ол бөтен шу болсын, құлаққаптың өзінде ойнасын және осылайша пайдалануда жоғары автономияны қамтамасыз етеді», - деді Диасали өз жобасын қорғай отырып.

«Caspian Startup-2021» халықаралық жобалар байқауының қорытындысы бойынша Диасалы Кәрім Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім грантына ие болды.


Соңғы жаңалықтар