3 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі
Дүниежүзілік тұмса табиғат күні
Бұл дүниежүзілік күнді атап өту туралы арнайы қарар 2013 жылғы 20 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 68-сессиясында қабылданды. Ал, 1973 жылдың 3 наурызында Вашингтонда жоғалу және құрып кету қаупі туындаған жабайы флора мен фауна түрлерінің халықаралық саудасы туралы Табиғатты қорғау дүниежүзілік одағының қарары қабылданған.
Дүниежүзілік жазушылар күні
Халықаралық Пен-клубтың 48-конгресі шешімі негізінде аталып өтеді. Клуб 1921 жылы құрылған. Ұйымның атауы ағылшынның poets – ақындар, essayists – очеркшілер, novelists – романшылар сөздерінің бастапқы әріптерінен құрылған. Сонымен қатар, pen сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қалам» деген мағынаны білдіреді. Идеяның авторы – ағылшын жазушысы Кэтрин Эми Доусон-Скотт. Бүгінгі таңда олар әлемнің 130 елінде, оның ішінде Қазақстанда да бар.
Халықаралық есту қабілетін қорғау күні
2007 жылы Қытайда өткен есту қабілеті нашарлауының алдын алу, сауықтыру бойынша бірінші халықаралық конференцияда белгіленді. Оның мақсаты – халықты есту қабілетінің проблемалары туралы хабардар ету, құлақ ауруының өршуінің алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асыру. 3.3 сандары адамның 2 құлағының пішініне ұқсас. Сондықтан да, 3 наурыз – құлақ саулығын қорғау күні болып белгіленді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1990 жылы«Молодая гвардия» журналында Сәкен Жүнісовтің (1934-2006) «Тропа» атты повесі басылып шықты. Бұл – В. Солоухин тәржімалаған «Заманай мен Аманай» дастанының аудармасы.
1993 жылы Орталық Азияның бес мемлекеті (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан) Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын құрды.
2010 жылы қазақстандық жазушы Герольд Бельгерге Германия мен Қазақстан халықтарының арасындағы өзара түсіністікті дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Германия Федеративтік Республикасына сіңірген еңбегі үшін» ордені табыс етілді. Бұл орден Герольд Бельгердің халықтар достығына қосып отырған еңбегіне Германия тарапынан берілген жоғары баға болды.
Герольд Бельгер 1934 жылы туған. Неміс, орыс, қазақ тілдерінде қатар жазған жазушы. «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар» (1976), «Алты асу», «Тас өткел» (орыс, қазақ, неміс тілдерінде), «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Үндестік», «Уақытпен бетпе-бет» (неміс тілінде), «Үш әуен сарыны», «Гете және Абай», «Родство», «Земные избранники» атты зерттеу еңбектері және басқа да шығармалары жарық көрген. Жазушы Г. Бельгер 81 жасында, 2015 жылы 7 ақпан күні Алматы қаласында жүрек ауруынан қайтыс болды.
2010 жылыАстанадағы «Астана-Тауэр» ғимаратында Финляндияның Қазақстандағы елшілігі ашылды. Микко Киннунен Финляндияның Қазақстан Республикасындағы бірінші Елшісі болып тағайындалды. Финляндия Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылғы 30 желтоқсанда мойындады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 13 мамырда орнатылды.
2011 жылыЛондонда Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа Виктория патшайымы атындағы награда табысталды.
2014 жылыСочидегі XXII қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен «Жыл спортшысы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Оған диплом мен мүсінше сыйға тартылды.
2017 жылы велоспорттан Қазақстан құрамасы Бахрейнде өткен Азия чемпионатында ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Біздің спортшылар жарыста 5 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
2017 жылы Қытайдағы «I am a singer» жобасында зор жетістікке жеткен Димаш Құдайберген ҚР Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының лауреаты атанды.
2018 жылы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуының 26 жылдығы аясында БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қою рәсімі өтті.
2018 жылыелдің жоғары білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін академик Төрегелді Шарманов Ахмет Байтұрсынов орденімен марапатталды.
2021 жылыҚазақстандағы жалғыз манасшы, белгілі жазушы, драматург Баянғали Әлімжановқа Қазақстан Республикасында «Манас» қырғыз эпосын ілгерілетуге және дәріптеуге, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «Достық» орденін табыс етті.
2022 жылыТүркияның шығысындағы тарихи Ахлат қаласында Қазақстанның құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Битлис провинциясының губернаторы Октай Шағатай өз сөзінде Қазақстанның құрметті консулдығы аймақтағы тұңғыш шетелдік өкілдік болғандықтан, шараның ерекшелігін атап өтті. Бұл қадамдар Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда өз жемісін беретініне назар аударды.
2022 жылы Т. Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әртісі Азамат Бақия Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайына өзі шығарған дәстүрлі музыкалық аспаптарды сыйға тартты. Шебердің Жезқазған мұражайына тапсырған жәдігерлерінің ішінде ортека, шыңырау, мүйізсырнай мен сазсырнай, сыбызғы, дабыл бар.
Азамат Бақия бүкіл өмірін музыкаға арнаған. Ол тәжірибелі күйші ретінде ғана емес, қазақтың көне музыкалық аспаптарын жасаудың шебері ретінде де танымал. Ал, оың жеке қорында бір жарым мыңнан астам жәдігер бар. Олардың көбі үшін Қытай мен Моңғолияға баруына тура келген.