3 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

None
None
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 3 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

3 шілде, СЕЙСЕНБІ

2008 жылғы шілденің 3-інен 4-іне қараған түн - 1429 хижра жылының 2-3-і ережебі.

Рағайып түні - Мұхаммед пайғамбардың ата-анасының үйленген күні (бейсенбіден жұмаға қараған түн).

 Беларус Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1990). 1996 жылдан бастап, Беларус Президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күнін елді фашистік Германиядан азат еткендердің құрметіне орай шілденің 3-інде атап өтуге Жарлық шығарды. Беларус - Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Шығысында Ресеймен, оңтүстігінде Украинамен, солтүстігінде Латвиямен, батысында Польшамен және солтүстік-шығысында Литвамен шектеседі. Әкімшілік-аумақтық жағынан 6 облысқа және Минск, Брест, Витебск, Гомель, Гродно, Могилев орталықтарына бөлінеді. Астанасы - Минск қаласы. Ресми тілі - беларус тілі. Ақша бірлігі - рубль.

Қазақстан мен Беларус арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-ында орнатылды. Қазақстан Республикасының Беларустегі Төтенше және Өкілетті Елшісі - Ысқақов Болат Ғазизұлы. Беларус Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Гапеев Василий.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануын мәңгі есте қалдыру, қоғамды топтастыру, гуманизм, ұлтаралық татулық, қазақстандық патриотизм тәрбиелеу идеяларын көркем бейнелеу мақсатында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты.

16 жыл бұрын (1996) Венгрия Парламентінде тұңғыш рет Қазақстан мен Венгрия арасындағы ынтымақтастыққа арналған «дөңгелек үстел» өтті.

6 жыл бұрын (2006) Астанада Меценаттар клубы құрылды.

6 жыл бұрын (2006) Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) тұңғыш түлектеріне салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімі өтті. 

13 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында «Алпамыс батыр» эпосының 1000 жылдығы аталып өтілді.

183 жыл бұрын (1829) Орал тауының батыс  жағынан Ресейдегі ең алғашқы алмас табылды.

83 жыл бұрын (1929) Dunlop Latex зертханасында алғаш рет каучук өндірілді.

102 жыл бұрын (1910) мемлекет қайраткері Әліби Жангелдин Мәскеу қаласынан дүниежүзін жаяу аралау сапарына аттанды. Ол 1913 жылдың қаңтарына дейін Польша, Австро-Венгрия, Югославия, Болгария, Түркия, Сирия, Палестина, Мысыр, Месопотамия, Персия, Үнді, Сиам, Қытай және Жапония елдерінде болды.

Жанкелдин Әліби Тоқжанұлы (1884-1953) - мемлекет және партия қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату және нығайту жолындағы күресті ұйымдастырудағы көрнекті басшылардың бірі. Қазіргі Қостанай облысы Жанкелдин ауданында дүниеге келген. Торғайдағы кәсіптік училищесін, Қостанай орыс-қазақ және Орынбор діни училищесін бітірген. Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Ол туралы көптеген көркем шығармалар жазылып, кинофильм түсірілген. Қостанай  облысының бір ауданына, көптеген елді-мекендер мен көшелерге, мектептерге Әліби Жанкелдиннің есімі беріліп, Ақтөбе, Алматы, Торғай қалаларында ескерткіш орнатылған.

52 жыл бұрын (1960) Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды және сол күні Қазақстанның тұңғыш шойыны алынды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады.

5 жыл бұрын (2007) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» Мемлекеттік бағдарламасына кірген жобалардың жалпыұлттық тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге 9 өңір қатысты. Негізгі 7 бағыт бойынша 900 миллиардқа жуық теңгені құрайтын барлығы 20 серпінді жобалар таныстырылды.

3 жыл бұрын (2007) Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында салынатын цемент зауыты құрылысының іргетасына Елбасының болашақ ұрпаққа жолдауы мәтіні бар капсуласы салынды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов қатысты. Зауыт жылына 1,8 миллион тонна цемент өндіреді. Бұл зауыт бүкіл батыс облыстардың сұраныстарын қамтамасыз етеді.

3 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы төбесі жабық 30 мың орындық жаңа стадионның ашылу салтанатына қатысты.

Жабық стадион споршыларға қысы-жазы жаттығуларына мүмкіндік береді, ол УЕФА-ның барлық стандарттарына сай салынған.

Жасанды газон жамылғысы төселген футбол алаңы ФИФА мен УЕФА-ның стандарттарына толық сәйкес жасалған. Бұл стадионда футбол ойынынан бөлек спорттың күрес, бокс, спорттық гимнастика, дзюдо, каратэ сынды түрлерінен жарыстар өткізуге болады. Жаңа футбол стадионының ерекшелігі - 20 минуттың ішінде ашылып-жабылатын шатыры бар. Спутниктің және эфирлық антенналары бар теледидар желісімен, радиохабар эфирімен, отырыс залдары, баспасөз конференция залдары дыбыс күшейткіш және синхронды аудармасымен, таблосымен, телерадиокомментаторымен жабдықталған.

Көрермендердiң ыңғайы және сыйымдылығы үшін, мiнбе екi деңгейде орналасқан: 16 мың көрермен - астыңғысында, 14 мың - үстіңгісінде, стадионның батысында VIP-орындар орналасқан.

3 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы индустриялдық парктің аумағында локомотив құрастыратын жаңа зауытты ашты.

Аталмыш локомотивтің техникалық сипаты қазіргі қолданылып жүрген машиналардан бірнеше есе жоғары. Зауыттың өнімі Қазақстанның тепловозға деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, болашақта таяу және алыс шетелдерге шығарылатын болады.

109 жыл бұрын (1903) Қазақстандағы алғашқы арнаулы орта оқу орындарының бірі - Семей мұғалімдер семинариясы ашылды. Үш негізгі және бір даярлық оқу орны бар болатын. Оның дайындық класына алғаш Семей, Кереку, Өскемен, Қарқаралы, Ақмола уездерінен 24 бала қабылданды. Кейіннен Тобыл, Барнауыл, Жетісу аймақтарынан да жастар тартыла бастады. 1967 жылы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. 1992 жылы мамырдың 22-сінде педагогикалық колледжге айналды.

ЕСІМДЕР

64 жыл бұрын (1948) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі НЕГИМОВ Серік дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Ш.Уәлиханов ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1972-1992 жылдары - М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға лаборанты, кіші ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1992-1997 жылдары - Қазақ қыздар педагогикалық институты қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. 1997-1999 жылдары Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2000 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры.

Ғылыми еңбектері халық ауыз әдебиеті, жыраулар мен ақындар поэзиясы, қазақша тақпақ құрастыру және шешендік саласына байланысты. 400-ден аса ғылыми, әдеби-сын мақала мен рецензиялар, «Өлең өмірі», «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика», «Мәлік Ғабдуллин» атты зерттеулердің авторы.

59 жыл бұрын (1953) экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі  ЕСІРКЕПОВ Тоқтар Әбенұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

58 жыл бұрын (1954-2002) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі БАҒАЕВ Ерұлан Ұзақұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Алматы облысы Кеген аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып бастаған. 1978-1979 жылдары - «Жазушы» баспасының редакторы. 1979-1986 жылдары - Алматы қаласы Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің нұсқаушысы. 1986-1993 жылдары - «Қазақстан» баспасының редакция меңгерушсі, «Ғылым» баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары. 1993-1995 жылдары -«Фармация» мемлекеттік холдингтік компаниясының менеджері, «Әлемжарнамасервиз» кәсіпорнының бас менеджері. 1995-1997 жылдары ҚазТАГ-тың (қазіргі «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ) Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі болды. 

Ақынның «Тұңғыш дәптер», «Таңсәрі», «Жиырма бес», «Жүрегімнің жүз жібі» атты жыр жинақтары жарық көрген. Көркем аударма саласында Б.Любимовтың «Батыс Европа өнері», Ю.Кузнецовтың «Кемел шақ», М.Алиевтің «Қанат» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған.

92 жыл бұрын (1920-1999) Қазақстанның еңбек сіңірген шахтері КАЧУРА Иван Васильевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Экскаватор жүргізушісі курсын бітірген.

«Қарағандыкөмір разрезінің» №4 көмір тілігінде техникалық бақылау бөлімінің ақаушысы, Қарағандының №4 көмір тілігінде, «Екібастұзкөмір» комбинатының «Орталық» тілігінде экскаватор жүргізушісі болған.

Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Шахтер Даңқы» белгісімен марапатталған.

72 жыл бұрын (1940-2000) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері КИМ Юрий Алексеевич дүниеге келді.

Алматы облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті).

Алматы-1 стансасының желілі милиция бөлімшесінде тергеуші, Алматы қаласы Түркісіб ауданының халық судьясы, Алматы қалалық атқару комитеті әділет бөлімшесі бастығының орынбасары, сот органдары басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің аймақтық саясат және мемлекеттік құрылыс сұрақтары жөніндегі комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының азаматтық бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 13-сайлаудағы депутаты.

Медальдармен марапатталған.

37 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі заңға тәуелді актілер департаментінің директоры ЖҰМАҒҰЛОВ Ерлан Әскерұлы дүниеге келді.

Көкшетау қаласында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Қарағанды облысы әділет басқармасының жетекші кеңесші, Қарағанды қаласындағы «Гирей» ЖШС-нің заңгері, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнің заңнама департаментi заң жобасы жұмыстары басқармасы заң жобаларын сараптайтын бөлiмі бас маманының мiндетiн атқарушы, заңнама департаменті директорының орынбасары, директоры, заң жүйелілік заң жобасы қызметiн үйлестiру департаментiнің директоры, заңнама департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың маусым айынан.

46 жыл бұрын (1966) суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы жастар одағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, мемлекеттік степендиясының, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, халықаралық «Жігер» жас суретшілер фестивалінің, республикалық «Шабыт» жас суретшілер шығармашылығы фестивалінің, республикалық «Астана-Бәйтерек» байқауының лауреаты ӘЖІБЕКҰЛЫ Қазыбек дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Николай Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, Алматы театр-көркемсурет институтын (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген.

Ол республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысқан. 1995 жылы - Біріккен Ұлттар Ұйымының 50-жылыдығына арналған суретшілер шығармалары көрмелерінің дипломанты. 1996 жылы - Халықаралық «Арт-Еуразия» жас суретшілер шығармашылығы көрмесінің дипломанты. 1999 жылы - 2-ші Республикалық «Шабыт Милениюум» жас суретшілер шығармашылығы фестивалінің дипломанты, Әбілхан Қастеев атындағы сыйлықтың иегері. 2007 жылы - «Астана дамиды, өнер өркендейді» Халықаралық суретшілер симпозиумының қатысушысы. 2003-2005 жылдары - Бурабайда және Қарқаралыда өткен республикалық суретшілер симпозиумын ұйымдастырушылардың бірі. Қазыбек Әжібекұлының шығармашылығы жөнінде «Степная пастораль», «Сары дала», «Мечты о прошлом» фильмдері түсірілген.

Соңғы жаңалықтар
telegram