3 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 3 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.
None

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1903 жылы Қазақстандағы орта білім мекемелерінің бірі – Семей мұғалімдер семинариясы ашылды. Оған Семей, Кереку, Өскемен, Қарқаралы және Ақмола уездерінен 24 бала қабылданған. Кейін Тобыл, Барнауыл және Жетісу оқушылары да қабылдана бастады. Семинарияның бірінші директоры - А. Белый.

1960 жылы Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды және сол күні Қазақстанның алғашқы шойыны алынды. Бұл күн Қазақстан Магниткасы күні болып саналады.

1970 жылы Алматы облысы Іле ауданы Новоилийск кенті облыстық маңызы бар қалалар тізіміне енгізіліп, оған Қапшағай қаласы деген атау берілді. Ежелгі түркі сөзінен аударғанда «Қапшағай» сөзі «тас шатқал» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминнің тағы бір нұсқасы бар, ол бойынша қазақ қолбасшысы Қаптағай батыр жоңғарлармен соғыс кезінде осы жердегі өзен арқылы өтіп, оның арнасын құм салынған қаптың көмегімен жаппақ болған.

1995 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануын мәңгі есте қалдыру, қоғамды топтастыру, гуманизм, ұлтаралық татулық, қазақстандық патриотизм тәрбиелеу идеяларын көркем бейнелеу мақсатында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты.

2009 жылы астанада төбесі жабылатын 30 мың орындық жаңа «Астана Арена» стадионы ашылды.

2010 жылы болашақта іргесі қаланатын Ұлттық ғарыш орталығының орнына ескерткіш белгі мен ғарыш стеласы орнатылды. Ол астанадағы Тұран даңғылының бойында 30 гектар аумақта орналасқан.

2013 жылы номиналы 500 теңгелік «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне 10 жыл» деп аталатын ескерткіш күміс тиындар қолданысқа енді. Металдың құрамы – Ag 925/ 31,1g, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof. Таралымы – 3 000.

2013 жылы археологтер Ақмола облысы Сандықтау ауданының бұрынғы Сарқырама мекенінен біздің заманымызға дейінгі IV ғасырға тиесілі бірқатар бірегей ескерткішті тапты.

2015 жылы Мәскеу қаласында (Ресей Федерациясы) «Монета жұлдыздары-2015» ескерткіш монеталардың ІХ халықаралық конкурсының жеңімпаздарын және дипломанттарын марапаттау рәсiмi өтті. «Жыл монетасы» номинациясында 3-орынды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі ұсынған «Ана» күміс монетасы жеңіп алды. «Ана» - монеталарда адамзатқа ортақ құндылықтарды көрсетуге және оларды адамнан адамға, жүректен жүрекке өзіндік бағдар ретінде жеткізуге арналған серияның алғашқы монетасы.

2017 жылы Қарағандыда тау-индустриалдық колледжінің базасында шахтада орналасқан ерекше музей ашылды. Шахта 15 метр тереңдікте орналасқан, оның аумағы 100 шаршы метрден асады. Онда қазіргі шахталарда қолданылатын құрал-жабдықтар орнатылған. Әр құрылғыда жабдық туралы ақпараттар үш тілде көрсетілген.

2017 жылы Қазан қаласында өткен XIII Халықаралық мұсылман кинофестивалінде қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» атты туындысы көрсетілді. Аталған картинаның сценарийін кинодраматург Нұрлан Санжар жазып шыққан. Оған Сәбит Құрманбеков те көмектесті. Композиторы – Айдос Сағат. Басты рөльдерді Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қанжабиева және тағы басқа актерлар сомдады.

2018 жылы ақтөбелік дизайнер Сәбина Жанзақова ұлттық киім үлгісімен Түркияның Кемер қаласында өткен халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы фестивалінде бас жүлдені иеленді. Оған 15 елден 25 шығармашылық ұжым қатысты.

2020 жылы Эстонияда Харьюмаа, Ида-Вирумаа, Тартумаа және Ляяне-Вирумаа округтерінде Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының салтанатты ашылуы өтті. Қазақстан Елшісі Нұрлан Сейтімов Құрметті консулдықтың өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша, әсіресе елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда, сондай-ақ еліміздің азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауда Қазақстан-Эстония қатынастарын дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.

2021 жылы Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатылды. Қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында орнатылған ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Қоладан жасалған мүсіннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі, Қазақстан суретшілері Одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш.

2021 жылы Астанада қазақтың әйгілі ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш ашылды. Биіктігі – 5,25 метр, қоладан жасалған, салмағы – 4,9 тонна. Ескерткіш Қаныш Сәтбаев пен Қажымұқан Мұңайтпасов көшелерінің қиылысында, «Қазақстан» спорт кешенінің алдындағы алаңда орналасқан. Авторы – белгілі мүсінші Асқар Нартов.

2021 жылы Астанадағы Абылай хан мен Күйші Дина көшелерінің қиылысында Дина Нұрпейісованың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Ескерткіш авторы – мүсінші Бауырқан Жалын. Жалпы биіктігі – 5,5 метр, салмағы – 45 тонна.


Соңғы жаңалықтар