3 тамыз. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 3 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстандағы көлік қызметкерлері күні
Жыл сайын тамыз айының бірінші жексенбісінде мерекеленеді. Оның ресми мәртебесі бар және 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелерінің тізбесіне енгізілген. Бұл мереке автомобиль, темір жол, су және әуе көлігі өкілдерін біріктіреді.
Қарбыз күні
Мерекенің тарихы АҚШ-тан басталады, онда ең алғаш рет Ұлттық қарбыз күні (National Watermelon Day) атап өтілген. Қазір бұл халықаралық деңгейде бірнеше ел атап өтетін айтулы күнге айналып отыр.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1904 жылы ұзындығы 1668 км құрайтын Орынбор-Ташкент магистралінің құрылысы басталды. Бұл магистраль 1905-1906 жылдары қолданысқа беріліп, Ресейдің еуропалық бөлігі мен Орталық Азияны байланыстырды.
Теміржол бойында қалалар мен өндіріс орталықтары пайда болды. Мысалы: Ақтөбе, Орал, Түркістан, Қызылорда, Арал және т. б. қалалардың дамуына ықпал етті.
2001 жылы Мәскеуде Каспий құбыр желісі консорциумының мұнай тасымалдау бойынша шарты бекітілді.
2001 жылы Қазақстанда Түркия әскери күштері бас штабының әскери-техникалық өкілдігі ашылды.
2014 жылы Қазақстан аумағынан «Жібек жолы бойымен мыңдаған шақырым» экспедициясы өтті. Шара аясында Қазақстан жайында бірнеше репортаждар жасалып, ҚХР-дың орталық телеарналарында күн сайынғы тікелей эфир ұйымдастырылды.
Алғашқы шаралар 2014 жылғы 19 шілдеде Сиань қаласында өтті. Әрі қарай экспедиция мүшелері Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Түркия, Грекия, Италия елдеріне қарай аттанды. Соңғы нүкте Рим қаласы болды.
2016 жылы Еңбекшілдер ауданының Сәуле ауылында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қатысушысы, Көкшетау уезіндегі Қожас көтерілісінің басшысы Доштайқажы Малқарбайұлының жерленген жеріне ескерткіш орнатылды.
Доштай (Дандай) Малқарбайұлы (1846-1931) шешендік және көшбасшылық қабілетке ие өз заманының бай және ақылды адамы болған.
2017 жылы қазақстандық команда әлемге танымал Counter-Strike компьютерлік ойыны бойынша турнирде 1 000 000 доллар ұтып алды.
2018 жылы майдангер батырлардың ерліктерін еске алу үшін армия генералы А. В. Хрулев атындағы Материалдық-техникалық қамту әскери академиясында Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы есімімен аталатын дәрісхана ашылды. Соғыстан кейінгі жылдары Б. Момышұлы академияда бес жыл дәріс оқып, әскери өнерді дамытуға сүбелі үлесін қосты.
2019 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында Түркі әлемінің этнографиялық кешен-музейінде әл-Фараби музей-үйі ашылды.
Ол Аристотельден кейінгі адамзаттың екінші ұстазы атанған ұлы түркі ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы ерекше мәліметтерден тұратын бірнеше бөлімдерден тұрады.
Онда мүсіндік композиция, тарихи жәдігерлер, ғалымның еңбектері және адам танымының көптеген салаларына түбегейлі үлес қосқан ойшыл туралы кітаптар бар.
2023 жылы Алматы хайуанаттар бағында үш жас зебра пайда болды. 2022 жылы туған аталық пен екі ұрғашы Израильдің Раматган хайуанаттар бағынан келді. Зебралар орталық кіреберіс жанындағы үлкен қоршауда тағы Чапман тұқымдас үш зебрамен бірге тұрып жүр.
2023 жылы Жамбыл облысының мектеп оқушылары инсульт, инфаркт және басқа да құрысу аурулары бар науқастардың өмірін сақтап қала алатын «Екінші жүрек» сағатын ойлап тапты. Смарт сағатты дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицейдің оқушылары — тоғызыншы сынып оқушысы Дулат Исабек пен сегізінші сынып оқушысы Әдия Тұрсынбай ойлап тауып, әзірлеген. Сағат иесінің жүрек соғысы мен қан қысымын бақылап, өміріне қауіп төнген жағдайда ескерту жасай алады. Сондай-ақ, гаджет дене температурасын бақылау және қандағы жүрек соғу жылдамдығының пайызын анықтау функциясымен жабдықталған.
2024 жылы Қытайдың Hunan TV арнасы «I am a singer» жобасының Гала-концертін көрсетті, онда Димаш Құдайберген өзінің «Angel Love» атты жаңа композициясын орындады. Әннің музыкасы мен сөзін Ренат Гайсин мен Қалкаман Сарин жазды, аранжировкасын Ренат Гайсин мен Ерлан Бекчурин жасаған. Димаш әнді қазақ және қытай тілдерінде орындады.
2024 жылы қазақ гимнастшысы Нариман Құрбанов 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Ол өз бағдарламасы бойынша 15,433 ұпай жинап, екінші орынға алып келді. Бірінші орын ирландиялық Рис МакЛенаганға бұйырды.