3 тамыз. Жылнама
ASTANA. KAZINFORM - Kazinform оқырман назарына 3 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қарбыз күні
Мерекенің тарихы АҚШ-тан басталады, онда ең алғаш рет Ұлттық қарбыз күні (National Watermelon Day) атап өтілген. Қазір бұл халықаралық деңгейде бірнеше елдер атап өтетін айтулы күнге айналып отыр.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1904 жылы ұзындығы 1668 км құрайтын Орынбор-Ташкент магистралінің құрылысы басталды. Бұл магистраль 1905-1906 жылдары қолданысқа беріліп, Ресейдің еуропалық бөлігі мен Орталық Азияны байланыстырды.
Теміржол бойында қалалар мен өндіріс орталықтары пайда болды. Мысалы: Ақтөбе, Орал, Түркістан, Қызылорда, Арал және т.б. қалалардың дамуына ықпал етті.
2001 жылы Мәскеуде Каспий құбыр желісі консорциумының мұнай тасымалдау бойынша шарты бекітілді.
2001 жылы Қазақстанда Түркия әскери күштері бас штабының әскери-техникалық өкілдігі ашылды.
2009 жылы Алматы облысының Іле ауданында «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі құрылысы басталды. «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі құрылысының жобасы - «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасының шеңберінде Алматы облысында жүзеге асырылатын ең ірі жобалардың бірі. Теміржол желісі «Жетіген» стансасынан басталып, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарының аумағымен өтіп, Қытай шекарасына барып тіреледі. Бұл теміржол жобасы іске қосылғаннан кейін Ақтау мен Алматыдан Қытайға жүк және жолаушылар тасымалдау аралығы 500 шақырымға дейін қысқарады. Құрылыс кезінде 5500 адам жұмыспен қамтылды. Құрылыстың жалпы құны 147,4 млрд теңге. Құрылыс мерзімі - 45 ай.
2014 жылы Қазақстан аумағынан «Жібек жолы бойымен мыңдаған шақырым» экспедициясы өтті. Шара аясында Қазақстан жайында бірнеше репортаждар жасалып, ҚХР-дың орталық телеарналарында күн сайынғы тікелей эфир ұйымдастырылды.
Алғашқы шаралар 2014 жылғы 19 шілдеде Сиань қаласында өтті. Әрі қарай экспедиция мүшелері Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Түркия, Грекия, Италия елдеріне қарай аттанды. Соңғы нүкте Рим қаласы болды.
2016 жылы Еңбекшілдер ауданының Сәуле ауылында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қатысушысы, Көкшетау уезіндегі Қожас көтерілісінің басшысы Доштайқажы Малқарбайұлының жерленген жеріне ескерткіш орнатылды.
Доштай (Дандай) Малқарбайұлы (1846-1931) шешендік және көшбасшылық қабілетке ие өз заманының бай және ақылды адамы болған.
2017 жылы қазақстандық команда әлемге танымал Counter-Strike компьютерлік ойыны бойынша турнирде 1 000 000 доллар ұтып алды.
2018 жылы майдангер батырлардың ерліктерін еске алу үшін армия генералы А.В. Хрулев атындағы Материалдық-техникалық қамту әскери академиясында Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы есімімен аталатын дәрісхана ашылды. Соғыстан кейінгі жылдары Б. Момышұлы академияда бес жыл дәріс оқып, әскери өнерді дамытуға сүбелі үлесін қосты.
2019 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында Түркі әлемінің этнографиялық кешен-музейінде әл-Фараби музей-үйі ашылды.
Ол Аристотельден кейінгі адамзаттың екінші ұстазы атанған ұлы түркі ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы ерекше мәліметтерден тұратын бірнеше бөлімдерден тұрады.
Онда мүсіндік композиция, тарихи жәдігерлер, ғалымның еңбектері және адам танымының көптеген салаларына түбегейлі үлес қосқан ойшыл туралы кітаптар бар.
2023 жылы Жамбыл облысының мектеп оқушылары инсульт, инфаркт және басқа да құрысу аурулары бар науқастардың өмірін сақтап қала алатын «Екінші жүрек» сағатын ойлап тапты. Смарт сағатты дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицейдің оқушылары – тоғызыншы сынып оқушысы Дулат Исабек пен сегізінші сынып оқушысы Әдия Тұрсынбай ойлап тауып, әзірлеген. Сағат иесінің жүрек соғысы мен қан қысымын бақылап, өміріне қауіп төнген жағдайда ескерту жасай алады. Сондай-ақ, гаджет дене температурасын бақылау және қандағы жүрек соғу жылдамдығының пайызын анықтау функциясымен жабдықталған.