3 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 3 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

80 жыл бұрын (1943) қазақ операсының әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қанат Нұрмұхаммедұлы ОМАРБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ ұлттық аграрлық университетін, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1973-1998 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының опера солисі қызметінен бастады. 1998 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясы вокал-хор факультетінің деканы және оқытушы қызметіне шақырылды. 200-2013 жылдары К. Байсейітова атындағы Опера және балет ұлттық театрының солисі, 2006-2009 жылдары Қазақ ұлттық музыка академиясының жеке ән айту кафедрасының меңгерушісі болды.

Қазақ өнерін жақын және алыс шетелге танытты. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақ ұлттық өнер университетіне 20 жыл» медальдарымен марапатталды. 2006 жылы ҚР Білім министрлігінің «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» грантын иеленді. «ҚР Еңбек сіңірген әртісі» (қазақ театр және музыка өнеріне қосқан үлесі үшін) құрметті атағы берілді. ҚР және Орталық Азия әншілер байқауының дипломанты.

63 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі – Ғани Өтенұлы ТІЛЕУБЕКОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Республикалық комсомол мектебі жанындағы бір жылдық курсты бітірген.

Еңбек жолы: 1988-1989 жылдары Алматы жеңіл өнеркәсіп технологиялық техникумында саяси экономия оқытушысы, 1989-1990 жылдары орта мектепте мектептен тыс және сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушы болып еңбек етті. 1990-1997 жылдары Қазақстанның комсомол органдарында жауапты қызметтерде, коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді. 1997-2002 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде аға маман, 2002-2004 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Кеңсесінде сектор меңгерушісі, ҚР Президенті Кеңсесінде жалпы бөлім меңгерушісі, 2004-2005 жылдары ҚР Президенті Кеңсесінде мемлекеттік құпияларды және ақпараттандыруды қорғау бөлімінің сектор меңгерушісі, 2005-2008 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік құпияларды және ақпараттандыруды қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.

Қазіргі қызметін 2008 жылғы қазан айынан бастап атқарып келеді.

54 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Сәкен Мансұрұлы БЕКЖАНОВ дүниеге келді.

Целиноград қаласында туған. М.В. Фрунзе атындағы Жоғары әскери-теңіз училищесін 1992 жылы, Н.Г. Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясын 2005 жылы тәмамдаған. Лейтенанттан бастап І дәрежелі капитан әскери атағына дейін әскери қызметтің барлық сатысынан өткен.

Еңбек жолы: 1987-1992 жылдары ЖӘТУ-дің курсанты болған. 1992-2003 жылдары Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінде кеменің жауынгерлік бөлімінің командирінен кеме командиріне дейін әртүрлі лауазымдарда қызмет еткен. 2003-2005 жылдары Н.Г. Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясының тыңдаушысы болды. 2015-2011 жылдары дивизион командирінен бастап Ресей Федерациясы Солтүстік флотының қамтамасыз ету кемелері бригадасының командиріне дейін әртүрлі лауазымдарды атқарды. 2012-2013 жылдары ҚР ҚК ӘТК 29011 әскери бөлімі командирінің орынбасары – жауынгерлік даярлық бөлімшесінің бастығы, 2013-2015 жылдары 29011 әскери бөлімінің командирі – ҚР ҚК ӘТК бас қолбасшысының орынбасары, 2015-2016 жылдары бас қолбасшының орынбасары – ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы, 2016-2018 жылдары РФ ҚК бас штабы Әскери академиясының адъюнкті болды.

Қазіргі қызметін 2018 жылдың сәуір айынан атқарып келеді.

Мерейтойлық және еңбек өткерген жылдары үшін жеті медальмен марапатталған.

45 жыл бұрын (1978) М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің басқарма төрағасы Талғат Мақсұтұлы НӘРІКБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2004 жылы Ресейдің Сыртқы барлау академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1988-1999 жылдары Алматы ауданы Астана қаласы ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі, 1999-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері, 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Еуропа және Америка департаментінің кеңесшісі болып еңбек етті. 2007-2008 жылдары КАЗГЮУ Университетінің президенті, 2013-2019 жылдары КАЗГЮУ университетінің ректоры болды.

Қазіргі қызметін 2008 жылдан атқарып келеді.

Мемлекеттік және ведомстволық наградалары: «ҰҚК-КНБ Қазақстан» төс белгісі (2004 ж.), ҚР ҰҚК Төрағасының алғыс хаты (2005 ж.), «Астанаға 10 жыл» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл» медалі (2012 ж.), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалі (2015 ж.), «Қазақстан Республикасының прокуратурысына 25 жыл» мерейтойлық медалі (2016 ж.), «Астана 20 жыл» мерейтойлық медалі (2018 ж.), «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалі (2018 ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалі (2017 ж.), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» медалі (2019 ж.).

39 жыл бұрын (1984) ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Серікұлы ЖАХИН дүниеге келді.

Көкшетау облысы Қызыл ту ауылында дүниеге келген.

2006 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «қазақ тілі және әдебиет» мамандығы бойынша, 2010 жылы «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекетті басқару академиясын бітірген. Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінде «Executive Master of Public Administration» бағдарламасы бойынша «Бизнес және басқару» магистрі атанған.

2010-2014 жылдары аралығында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ЭҚСКД (қаржы полициясы) инспекторы, аға инспекторы, ұйымдастыру-бақылау басқармасының АМІ жөніндегі аға инспекторы, баспасөз хатшысы қызметін атқарды. 2014-2017 жылдары МҚІжСЖҚА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру бөлімінің басшысы, Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы, МҚІжСЖҚА Жұртшылықпен байланыс орнату департаментінің бас консультанты болды. 2018 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында МҚІжСЖҚА Жұртшылықпен байланыс орнату департаменті директорының орынбасары – Ресми өкіл қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қыркүйек айынан атқарып келеді.

75 жыл бұрын (1948-2021) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза ӘБДІНӘБИЕВА дүниеге келді.

Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. 1970 жылы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

1969-1993 жылдары Қазақ жастар мен балалар театрының актрисасы болған. 1993-2021 жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы болып еңбек еткен.

Б. Майлиннің «Шұғасында» Шұға, Ш. Айтматовтың «Арманым, Әселімде» Әсел, А. Чеховтың «Шағаласында» Аркадина, Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» Кәләй, С. Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасырында» Райхан, М. Әуезовтің «Қаракөзінде» Мөржан, У. Шекспирдің «Гамлетінде» Гертруда және тағы басқада рөлдерді сомдады. «Тоғысқан тағдырлар» (Роза) және «Қарашегіртке» (Марго) телесериалдарына, «Ләйләнің намазы», тағы басқа көркем фильмдерге, балаларға арналған телебағдарламаларға түскен. Гастрольдік сапармен Германия, Ресей, Иран және Қазақстанның бірқатар қалаларында өнер көрсеткен.

Соңғы жаңалықтар