30 мамыр. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін, 30 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандар назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

74 жыл бұрын (1951) Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик және Қазақстан және шетелдің 10-нан астам академиясы мен университетінің құрметті профессоры Асқарбек Қабыкенұлы ҚҰСАЙЫНОВ дүниеге келді.

Асқарбек Қабыкенұлы ҚҰСАЙЫНОВ
Фото: Wikipedia

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында туған. Қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Алматы энергетика институтының және Герман Демократиялық Республикасы Ильменау қаласындағы Жоғары техникалық мектептің аспирантураларын бітірген.

Еңбек жолы: 1991-1997 жылдары ҚР Білім беру министрлігі бас басқармасы бастығының орынбасары, департамент директоры, басқарма бастығы, 1997-1998 жылдары Қазақ энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары, 1998 жылы «Білім» баспасының директоры, 1998-2000 жылдары «Рауан» баспасының директоры қызметінде болды. 2000-2001 жылдары «Мектеп» баспасы» ААҚ президенті, 2001-2003 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының президенті, 2003-2004 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры болып қызмет атқарған.

2004 жылдың сәуірінен бастап Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті қызметін атқарып келеді.

20 монографияның, 11 оқулық пен оқу құралдарының, 5 кітаптың, 6 Мемлекеттік стандарттың, 11 түсіндірмелі және терминологиялық сөздіктің, 150-ге жуық ғылыми мақаланың және жарияланым көрген 140-тан астам мақаланың авторы.

Ол салыстырмалы педагогика мәселелерін, оқулық жасау теориясын зерттеп, осы салада оқулықтар мен монографиялық еңбектерін жариялаған. Оның ғылыми жетекшілігімен шетелдердің білім беру жүйелері зерттеліп, Қазақстанның білім беру саласын реформалау мен дамытудың жаңа үлгісі ұсынылған. Сонымен қатар, ол 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша ғылыми салалық терминология сөздіктерін және қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздіктер сериясын шығаруға басшылық жасаған.

«Ерен еңбегі үшiн», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Білім беру министрлігінің «Ғылым дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталған. Қазақстан ғалымдары арасында алғаш болып педагогика ғылымы аясында Ресей Үкіметінің Константин Ушинский атындағы медалімен марапатталған.

62 жыл бұрын (1963) Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Ердіулетұлы ҚҰРМАНБАЕВ дүниеге келді.

Марат Ердіулетұлы ҚҰРМАНБАЕВ
Фото: kyzylorda-news.kz

Қызылорда облысында дүниеге келген. 1985 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда филиалын «Гидромелиорация» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1985 жылы «Қызылордаводстрой» трестіне қарасты ПМК-9, ПМК-17 мекемелерінде жұмысшы болып бастаған. Әр жылдары осы мекемелерде түрлі лауазымдар атқарған. 1990-2000 жылдары Жалағаш ауданының табиғат қорғау комитетінің маманы, жетекші маманы, басшысы болған. 2000-2020 жылдары Қызылорда облысының экология департаменті басшысының орынбасары, департамент басшысы қызметтерін абыроймен атқарған. 2020-2022 жылдары Жамбыл облысының экология департаментінің басшысы лауазымында қызмет атқарды. 2022-2024 жылдары Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде – 2024 жылдың қаңтар айынан бастап.

«Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», 2016, «ҚР экология саласына 30 жыл» медальдарімен, «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

46 жыл бұрын (1979) Еуропа оркестрлерін басқарған Қазақстанның тұңғыш дирижері, А. Педротти, Ловро фон Матачич, Н. Малько атындағы конкурстардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Алан Асқарұлы БӨРІБАЕВ дүниеге келді.

Алан Асқарұлы БӨРІБАЕВ
Фото: 2011.bolshoi.ru

Алматы қаласында туған. К. Байсейітова атындағы музыка колледжін, Вена музыка және сахна өнері университетін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

1999 жылы Загребтегі Ловро фон Матачич атындағы дирижерлер конкурсында жеңімпаз атанды. 2003-2007 жылдары Астана симфониялық оркестрінің бас дирижері, 2004-2007 жылдары - Майнингеннің музыкалық бас директоры қызметін атқарған. Қазіргі кезде Германияда тұрады, бірқатар оркестрлерге басшылық етеді. 2007 жылдан Норчепинг симфониялық оркестрін, 2008 жылдан – нидерландтық Брабанта оркестрін басқарады. Ирландияның радио және телевидениесінің ұлттық симфониялық оркестрінің музыкалық жетекшісі (2010 жылдан). «Астана Опера» театрының бас дирижері, қосымша Жапонияның Осака қаласындағы симфониялық оркестрдің бас дирижері (2015 жылдан).

43 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің жетекшісі Наиль Рафисұлы АХМЕТЗАКИРОВ дүниеге келді.

Наиль Рафисұлы АХМЕТЗАКИРОВ
Фото: academy-gp.kz

Шығыс Қазақстан облысында туған. 2004 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде құқықтану мамандығын, 2008 жылы Ресей Федерациясының қазіргі гуманитарлық академиясында бухгалтерлік есеп, талдау және аудит мамандығын, 2016 жылы Ресей Федерациясының Бас прокуратура академиясында прокурорлық қадағалауды бітірген.

Еңбек жолы: 2004-2009 жылдары Шығыс Қазақстан облысының аудандық және облыстық прокуратурасында қызмет етті. 2009-2015 жылдары Бас прокуратурада әртүрлі басшылық лауазымдарды атқарды, 2015-2017 жылдары Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында басшылық лауазымдарды атқарды, 2017-2018 жылдары ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының басшысы, 2018-2019 жылдары Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау органдары жүйесі бөлімі басшысының орынбасары, ҚР Жоғарғы 2019-2023 жылдары Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтарынан атқарып келеді.

ІІ дәрежелі «Айбын орденімен, «ҚР прокуратурасының үздігі», «Қазақстанның құрметті заңгері» төсбелгілерімен, «Үш би» құрметті төсбелгісімен марапатталған.

40 жыл бұрын (1985) Ұлытау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Манатжанұлы АРЫНҒАЗИН дүниеге келді.

Данияр Манатжанұлы АРЫНҒАЗИН
Фото: instagram.com/prokadrykz

Қарағанды ​​облысы, Сәтбаев қаласында туған.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Математика мұғалімі» мамандығы (2007); Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, халықаралық қатынастар саласындағы гуманитарлық ғылымдар магистрі (2016); Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті, «Экономика және бизнес бакалавры» мамандығы (2019 ж.).

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінде WEB әкімшісі, Анкара (2011-.2014); «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС директоры, Шымкент қаласы (2017-2020); «Жезқазған қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өнеркәсіп, индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік секторының бас маманы (2020-2021); «Жезқазған қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы (2021-2023); Ұлытау аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы (2023-2024); Ұлытау облысының экономика басқармасы басшысының орынбасары (2024-2025).

2025 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

37 жыл бұрын (1988) ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Арман Айтуғанұлы АШКИН дүниеге келді.

Арман Айтуғанұлы АШКИН
Фото: bolashak.gov.kz

KAIST - Кореяның ғылым және технологияның жоғары деңгейлі институтын бітірген (2012).

Еңбек жолы: «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның маманы, бас маманы, шетелдік сарапшылармен жұмыс бөлімінің басшысы, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама бөлімінің басшысы (2012-2016); Жоба үйлестірушісі, «Ғылым қоры» АҚ Жобалар дирекциясының басшысы (2016-2020); «QazInnovations» Инновациялық даму ұлттық агенттігі» АҚ Талдау және болжау орталығының директоры (2020-2023); «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰӘАҚ басқарма төрағасының орынбасары (2023-05.2025).

2025 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

117 жыл бұрын (1908-1997) музыкатанушы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы Борис Гиршевич ЕРЗАКОВИЧ дүниеге келген.

ЕРЗАКОВИЧ Борис Гиршевич
Фото: Wikipedia

Омбы музыка техникумының фортепьяно класын, Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

1931-1938 жылдары Қазақ радиосының музыка редакторы, 1938-1943 жылдары Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Өнер істері басқармасы музыка бөлімінің меңгерушісі, 1945-1958 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы өнертану секторының меңгерушісі, 1950-1961 және 1968-1986 жылдары Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі болған.

Борис Ерзакович – қазақ музыка өнерінің тарихы туралы іргелі еңбектердің авторы. Ол 20-дан астам монография мен кітапша, 200-дей мақала мен очерк, Абай және Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, т.б. шығармашылығын қамтитын 12 музыкалық-этнографиялық жинақтар жазған. Кәсіби музыка жанрларын дамытуға үлес қосып, вариация, фортепьянолық пьеса симфониялық поэма, соната, увертюра мен ән, романс, хор жазды. 200-ге жуық халық әндерін түрлі оркестр, ансамбльдерге лайықтап нотаға түсірді. «Амангелді», «Мылтықты адам», «Абай», «Алма бағында», «Шоқан Уәлиханов» сияқты спектакльдерге музыка жазды.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар