30 мамыр. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 30 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

1953 жылы «Дудар-ай» операсы алғаш рет Қазақ академиялық опера және балет театрында қойылды. Либреттоны А.Хангелдин, музыкасын Е.Брусиловский жазған, режиссері – Қ.Байсейітов. Орыс қызы Мариям мен қазақ жігіті арасындағы нәзік махаббат сезімі «Дудар-ай» әні арқылы беріледі. Композитор қазақ, орыс ән-күйлерінің ырғақтары мен интонацияларын кеңінен пайдалана отырып, екі халыққа түсінікті, ортақ музыкалық тілді табуға талпыныс жасаған. Лейтмотив ретінде қолданған «Дудар-ай», «О, сен кең дала», «Эх ты доля» әндерінің төңірегінде өрбіген әуез, саздар шығарманың өн бойына көрік береді. Операның премьерасында Думан партиясын Ә.Үмбетбаев, Мария партиясын Э.Епонешникова орындаған.
1995 жылы тараздық хореограф, биші Ғаби Исмаиловтың «Модерн-Балеті» құрылды. Ғ.Исмаиловтың шеберханасында әртүрлі жастағы тәрбиеленушілер – балалар да, ересектер де балет өнеріне үйренеді.
2000 жылы Алматыда Республика сарайында «Дәстүрлер сыйлығы» фестивалі аясында Арал теңізі проблемасына арналған «Тақыр» алғашқы қазақ рок-опера-балетінің премьерасы өтті.
2003 жылы Санкт-Петербург қаласында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіш – Қазақстан халқының Петербургтің 300 жылдығына жасаған сыйы.
2006 жылы ҚР Президентінің Мұрағатында «Хасен Өзденбаев: азамат, аудармашы, журналист. Естеліктер жинағы» кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Белгілі аудармашы, журналист Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Хасен Өзденбаев 1937-1938 жылдардағы сталиндік зобалаңды басынан өткерген. Естеліктер жинағына мұрағатқа қабылданған қолжазба мен қазақтың аяулы ұлдары С. Мәуленовтің, Ғ. Қайырбековтің әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен замандас інілері – белгілі абайтанушы ғалым Ж. Ысмағұлов пен С. Әсіпұлының естеліктері енгізілген. Х.Өзденбаев ұзақ жылдар бойы журналистика саласында қызмет етті. 1938 жылы репрессияға ұшыраған. 1955 жылдан бастап ҚазТАГ (қазіргі «ҚазАқпарат» ХАА) агенттігінде ұзақ жылдар бойы қызмет етті.
2009 жылы Алматыдағы Республика алаңында қымыздың 6000 жылдық тарихына арналған алғашқы «Қымызмұрындық» фестивалі өтті.
2011 жылы жергілікті уақыт бойынша сағат 16:35-те «Байқоңыр» ғарыш айлағына Мәскеуден «KazSat-2» ғарыш аппаратын жеткізген «Руслан» атты АН-124 ұшағы «Юбилейный» аэродромына келіп қонды.
2012 жылы Астана қаласының жас тұрғыны Бибімәриям Омарова АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында өткен «Бақытты балалық шақ» атты халықаралық ән байқауында бірінші орын иеленді. Бибімәриям – үш жастан ән шырқап жүрген талантты бала. Ол «Ән Орда», «Балбөбек» сияқты көптеген ән байқауларының жеңімпазы болып табылады.
2013 жылы Құрманғазы шығармашылығына арналған халықаралық музыка фестивалінің қатысушылары Гиннесс рекордтар кітабының қазақстандық аналогіне енгізілді. «Мұнайшы» стадионында өткен концертке Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес Ресейден 1 008 музыкант қатысты.
2013 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласының тумасы, белгілі ақын және қөлөнер шебері Дәмелі Құсайынқызының есімі халықаралық «Белгілі адамдар» энциклопедиясына енді. Дәмелі Құсайынқызының қолынан шыққан киіз үйлер, ұлттық киімдер және тұрмыстық заттар тек Қазақстанда ғана емес, шетелде өткен көптеген көрмелерде жұртшылық назарына ұсынылды. Ерекше ұлттық нақыштағы киіз үйді қолөнер шебері ҚР Президентіне арнады.
2014 жылы Астанада Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасы алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсіні орнатылды.
2015 жылы Түркияның Мерсин қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды. Құрметті консул болып белгілі түрік кәсіпкері Ахмет Будан тағайындалды.
2017 жылы Бангкокте Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Сайлау конгресінің алғашқы күні аяқталды. Қазақстан федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков сайлауда жеңіске жетіп, ХААФ вице-президенттерінің бірі болды.
2022 жылы әйелдер Бундеслигасына OSG Baden-Baden құрамында қатысып жатқан Халықаралық гроссмейстер әрі Алматы Шахмат федерациясының президенті Жансая Әбдімәлік командасының жеңіске жеткенін мәлімдеді.
«Достар, мен әйелдер Бундеслигасына құрамында қатысып жатқан OSG Baden-Baden командасы мерзімінен бұрын жеңіске жетті. 9-шы турда біз негізгі қарсыластарымыз – SK Schwäbisch Hall командасына қарсы ойнадық және осы ойын біздің жарыстағы орнымызды анықтап берді. Біз 2 ½: 3 ½, есебімен жеңіске жетіп, аяқталуға бір тур қалғанда Бундеслигадағы жеңісті тіркедік», - деп жазды Жансая Әбдімәлік өзінің Instagram парақшасына.
2023 жылы Таразда Қазақстан Республикасының VI жазғы Спартакиадасының салтанатты ашылуы өтті. Орталық стадионда өткен ауқымды шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. Көрермендер үшін Тараздың бай тарихынан сыр шертетін «Көне Тараз» бейнефильмі, сондай-ақ «Бабалар рухы» театрландырылған қойылымы дайындалды. ҚР Спартакиадасы төрт жылда бір рет өткізіледі. 2023 жылы еліміздің барлық аймақтарынан 1000-нан астам спортшы қатысты. Бұл – ел тарихындағы маңызды спорттық оқиғалардың бірі. Спартакиаданың негізгі мақсаты – жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар үшін ең мықты спортшыларды анықтау және халықаралық жарыстарға, соның ішінде 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына лицензиялық жарыстарға қатысуға үміткерлерді анықтау.
2024 жылы Лондонда алтыншы Халықаралық Еуразиялық кинофестиваль өтті, бұл Ұлыбританияда еуразиялық елдердің кинематографиясын ілгерілетуге арналған жалғыз алаң. Финалға жеті фильм өтіп, «Үздік қысқаметражды фильм» аталымында қазақстандық режиссер Камила Сағынтқанның «Тәуелсіздік күні құтты болсын» фильмі жеңімпаз атанды. «Қазақстандық фильмдер сюжеті мен ойластырылған сценарийімен, тамаша әрі нанымды актерлік шеберлігімен ерекшеленеді.Осы үшін олар шетелдегі көрермендердің де бағасын алды.«Қазақстан киносы үнемі дамып келеді, ал «Тәуелсіздік күні құтты» фильмінің жеңісі оның әлемдік кинофестивальдегі маңызды рөлінің дәлелі»,-деді.
2024 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан «Прогресс МС-27» жүк кемесі бар «Союз-2.1а» зымыран тасығышы ұшырылды. Ғарыштық жүк көлігі станцияның жұмысын және ғарышкерлер экипаждарының өмірін қамтамасыз ету үшін ХҒС-қа 2,5 тонна жүк жеткізді.