30 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 30 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 30 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

30 маусым, СЕНБІ

Конго Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Конго Орталық Африкада орналасқан. Батысында және солтүстік-батысында Конго Республикасымен, солтүстігінде Орталық Африка Республикасымен, солтүстік-шығысында Суданмен, шығысында Уганда, Руанда, Бурунди, Танзаниямен, оңтүстігінде Замбиямен, оңтүстік-батысында Анголамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 11 провинцияға бөлінеді. Елде 200-ден астам этникалық топтардың өкілдері тұрады. Астанасы - Киншаса қаласы. Ресми тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - конго франкі.   

Беларусь экономисі күні. 2000 жылғы ақпанның 2-де Беларусь Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген. Жыл сайын атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

29 жыл бұрын (1983) Қазақ КСР-нің Тұрғын үй кодексі қабылданды.

93 жыл бұрын (1919) Өскемен түрмесіндегі саяси тұтқындар колчакшыларға қарсы көтеріліс ұйымдастырды.

7 жыл бұрын (2005) С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Социологиялық зерттеу орталығы құрылды.

Орталық халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа технологияларын және атаулы әлеуметтік көмек жүйесін жақсарту ұсыныстарын құрастырады.

5 жыл бұрын (2007) Астанада Бейбітшілік және келісім сарайының алдында Халықтар достығы монументі ашылды. Монументтің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге қысқа мерзімді жұмыс сапарымен келген Испания Королі Хуан Карлос І және Королева София қатысты.

Аталған ескерткіштің авторлары - суретші Төлеуғазы Байғалиев, сәулетші Саматбек Тәженұлы, мүсінші Асқар Нартов.

Ескерткіштің биіктігі 21 метр. Оның жоғарғы жағында еліміздегі саны 100 мыңнан асатын қазақ, орыс, неміс және кәріс ұлты қыздарының шаңырақты көтеріп тұрған мүсіні бейнеленген. Ескерткіштің ортасында Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың санына сәйкес керегелер мен масақ орналасқан.

3 жыл бұрын (2009) Астанадағы Тәуелсіз сарайы және «Қазақ елі» монументі орналасқан Манас көшесінің аты Тәуелсіздік даңғылы деп өзгертілді.

3 жыл бұрын (2009) Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмола ауылындағы «Ақмола-Феникс» АҚ кеңсесінде Социалистік Еңбек Ері Иван Шарфты мәңгі есте сақтау мақсатымен мемориалды тақта ашылды.

Иван Иванович Шарф (1930-2008) Қарағанды педагогикалық институтынан кейін ұстаздық етіп, соңынан Целиноград зооветеринарлық техникумында, Целиноград ауыл шаруашылығы институтында білімін жалғастырған. Еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастап, талай жылдар қоғамдық, партия ұйымында, шаруашылық басшысы қызметтерінде жоғары бағаға ие болған. 1975 жылы Целиноград құс өсіру жөніндегі өндірістік бірлестіктің бас директоры қызметіне тағайындалған. Ол 1993 жылы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамы болып қайта құрылған болатын. 1986 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды, кейіннен «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» ордендеріне ие болды.

«Ақмола-Феникс» - елорданы құс етімен, жұмыртқамен, ұн және нан өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіп келе жатқан өндіріс орталығы.

2 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерін «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Кодекске сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

ЕСІМДЕР

199 жыл бұрын (1813-1891) қазақтың көрнекті суырып-салма ақыны БЕРТАҒЫҰЛЫ Орынбай дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. 13 жасынан өлең шығарып, сол кездегі белді ақындармен айтысқа түскен. Оның талантын Ш.Уәлиханов, В.Радлов, поляк зерттеушісі А.Янушкевич, Ы.Алтынсарин, С.Сейфуллин жоғары бағалаған. Оның ақындары жинақ болып жарыққа шықты.

44 жыл бұрын (1968) 2-ші сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші, ҚР-ның Женевадағы  БҰҰ бөлімшесіндегі және басқа да халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі, Қазақстанның Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, еліміздің Лихтенштейн кіняздігіндегі және Ватикан мемлекетіндегі дипмиссиясының басшысы міндетін қоса атқарушы ТІЛЕУБЕРДІ Мұхтар Бескенұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1993-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер минстрлігі Азия елдері басқармасының атташесі, үшінші хатшысы. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Кореядағы Елшілігінің үшінші, екінші хатшысы. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия, Таяу Шығыс және Африка елдері департаментінің бірінші хатшысы, Екі жақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Израилдегі Елшілігінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы істерінің Израилдегі Уақытша сенімді өкілі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2005 жылдан бастап Қазақстанның Индонезиядағы, Бруней Даруссаламдағы және Филиппин Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бері.

99 жыл бұрын (1913-1987) театртанушы, өнертану ғылымының докторы, Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері КАЙДАЛОВА (Олидор) Ольга Николаевна дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Мәскеу Театр өнері институтын, СОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. 1930-1949 жылдары Мәскеуде әр түрлі мәдениет мекемелерінде қызмет жасаған. 1952-1971 жылдары - «Кеңес энциклопедиясының» Театр, музыка және кино редакциясының меңгерушісі. 1957-1961 және 1972-1983 жылдары КСРО Мәдениет министірлігінің Бүкілодақтық өнер бөлімі ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Кайдалованың еңбектерінде КСРО халықтары, соның ішінде қазақ театр өнері мәселелері туралы жазылған.

93 жыл бұрын (1919) ветеринария ғылымының докторы, профессор НОВАК Дмитрий Драгутинович дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы  зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. 1970-1986 жылдары  Қазақ мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, ғылыми консультанты қызметтерін атқарған.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері эпизоотология мәселелеріне арналған. Ол Қазақстанда мал туберкулезінің эпизоотологиясын, осы ауруды емдеу, анықтау, одан сақтану мәселелерімен шұғылданды.

1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

63 жыл бұрын (1949) Қазақстан Композиторлар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филилалының директоры, композитор, халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты ІЗТАЙ Тұрдықылыш дүниеге келді.

Түркіменстанның Тахтабазар ауданында туған. Шымкент музыка училищесін, Құрманғазы атындағы консерваторияны, Ленинградтағы Н.Крупская атындағы мәдениет институтының аспирантурасын бітірген. 1973-1994 жылдары -  Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының халық аспаптар кафедрасының доценті. 1994 жылдан Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі, халық аспаптар оркестрінің  дирижері қызметтерін атқарған.

Ол жиырмадан астам ғылыми және  оқу әдістемелік жұмыстарының авторы. Әндері жеке альбом болып «Махаббат - өмір» деген атпен жарық көрді. Т.Ізтай облыстық мәслихаттың грамотасымен марапатталып, облыс әкімі белгілеген «2000 жылдың ең үздік композиторы» атағын алған.

63 жыл бұрын (1949) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ Ханбибі дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған. 1971-1976 жылдары - Сарыағаш аудандық «Қызыл Ту» газетінің қызметкері. 1976-1980 жылдары - Облыстық телерадио комитетінің редакторы. 1980-1987 жылдары - облыстық халық шығармашылығы орталығының бас маманы. 1987-2007 жылдары - Облыстық «Қайырымдылық» қорының төрайымы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияның директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры қызметін атқарады. «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым», «Жангүлім», «Жан айқайы», «Махаббат мәңгілік», «Жыр кітабы», «Сыр кітабы», «Шындыққа қарай жүздім» атты прозалық кітаптардың авторы.

«Парасат» орденімен және «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

58 жыл бұрын (1954) кинорежиссер, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘЗІМОВ Сергей Жұмабайұлы дүниеге келді.

Өзбекстан Республикасында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері, Қазақстан Кинематографияшылар одағының хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз қызметінің  сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Телерадио кешені бас директорының орынбасары, Алматы телеорталығының директоры. 2001-2002 жылдары - «Хабар» агенттігінің бас продюссері. 2002-2007 жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық компаниясының бас директоры болған.

Ол «Шеңбер», «Ұлдар», «Мен Абайды әке деймін», «Қиянат», «Астана - жаңа ел ордасы», «Мүмкін емес ештеңе жоқ», «Бейтаныс Назарбаев», т.б. толық және қысқаметражды деректі фильмдерді қойып, кейбірінің  сценарийін жазды.

82 жыл бұрын (1930-1995) режиссер, сценарист, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері РЫЦАРЕВ Борис Владимирович дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. М.Щепкин атындағы театр училищесін, С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік киноматография институтын бітірген.

М.Горкий атындағы киностудияда, «Молдовафильмде» және «Беларусьфильмде» режиссер қызметтерін атқарған.

Бірінші фильмі - А.Фадеевтің романы бойынша жазылған «Юность наших отцов».

Режиссер ретінде оған «Алладиннің сиқыр шамы» фильмі атақ алып келді, содан кейін ол қалған жұмыстарының көпшілігін осы жанрға арнады.

«Не плачь, Аленка», «Юность наших отцов», «Возьми меня с собой», «Ледяная внучка», «На златом крыльце сидели» фильмдері сценарийларының авторы.

111 жыл бұрын (1901-1991) геолог, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Лениндік сыйлықтың лауреаты МЕДОЕВ Георгий Цараевич дүниеге келді.

Солтүстік Осетия Республикасының Дигора қаласында туған. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) кен институтын бітірген. Қазақ геология тресінде, Семей геологиялық-барлау техникумында еңбек еткен. 1936 жылдан өмірінің соңына дейін қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде және Қазақстан Ғылым Академиясының Геология институтында қызметтер атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның геологиясы мен геоморфологиясын, тектоникасын, вулканизмдерді, соның ішінде, Қарағанды көмір алабының геологиялық құрылысын зерттеу мәселелеріне арналған. Сондай-ақ ол Орталық Қазақстанның металлогения картасын жасауға қатысқан.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

71 жыл бұрын (1941) жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЮСУП Кеңес Сіләмханұлы (Түсіп Рахметуллин) дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Семейдегі өзен шаруашылығы училищесін тәмамдап, Жоғары Ертіс кеме шаруашылығында еңбек етті. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірді. 1968-1996 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат»), «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1997 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы қызметін атқарған.

Жазушының «Ақиқат сапар», «Қарашадағы көктем», «Охапка полевых цветов» повестері мен әңгімелер жинағы, «Желқайық» кітабы жарық көрген. Сонымен қатар оның терминоология, қазақ тілінде іс жүргізу мәселелеріне арналған «Құжат тілі» кітабы 2001 жылы Павлодар облыстық «Алтын тіл» бағдарламасы шеңберінде жарық көріп, «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екінші жүлдесін жеңіп алған. Сондай-ақ «Анықтама сөздігі», «Екі тілде іс жүргізу» атты кітаптары шыққан. Габриель Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын, болгар жазушыларының «Гүлжазира» әңгімелер мен повестер жинағын қазақ тіліне аударған.

Бірнеше медальмен марапатталған.

41 жыл бұрын (1971) шахматтан халықаралық дәрежедегі шебер БАЛАБАЕВ Тимур Фаритұлы дүниеге келді. Алғашқы жаттықтырушысы - әкесі, Балабаев Фарит Ғазизұлы.

Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін бітірген (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті). Сібір, Орталық Азия және Қиыр Шығыс студенттер спартакиадасының ҚазМУ командасы құрамындағы жеңімпазы (Алматы, 1992). Новокузнецк қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы (2002, Чехия).

Соңғы жаңалықтар