30 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 30 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

30 шілде, ДҮЙСЕНБІ

Марокко Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тақ күні. 7 жыл бұрын (1999) VI Мұхаммед таққа отырды. Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 28-де орнатылды. Марокко Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Нуреддин Сефиани.

Вануату Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1980). Вануату - Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдарда орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 11 округке бөлінеді. Астанасы - Порт-Вила қаласы. Ресми тіл - бислама (пинджин), ағылшын және француз тілдері. Ақша бірлігі - вату. 1980 жылы қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық ассамблея.

Халықаралық достық күні - күнтізбедегі ең жас мерекелердің бірі. Оны атап өту туралы шешімді БҰҰ Бас ассамблеясы 2011 жылдың 27 сәуірінде өткен 65-інші сессиясында қабылдады. Жаңа датаны бекітуге идеологиялық негіз - Мәдениет және бейбітшілік саласындағы әрекеттер декларациясы мен бағдарламасы, сондай-ақ 2001-2010 жылдарды қамтыған Бүтін ғаламшардың мүддесі үшін бейбітшілік мәдениеті мен зорлық-зомбылықсыз халықаралық онжылдық болды.

БҰҰ мемлекеттік құрылымдарға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдарға бұл күнді әр елдің дәстүрі негізінде атап өтуді ұсынды. БҰҰ-ның қарарында әртүрлі халықтар арасындағы достықты ңығайту аса ерекше атап өтілген.

Онымен қатар, Халықаралық достық күнінің тағы бір мақсаты - түрлі мәдениеттерді құрметпен қабылдауға бағытталған қоғамдық қызметтерге жастарды, соның ішінде болашақ көшбасшыларды тарту.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Кабо-Верде Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Шығыс Уругвай Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

58 жыл бұрын (1954) Қытайда Іле қазақ автономиялық ауданы құрылды.

19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Алматыға ресми сапармен келген Болгария Президенті Желю Желевпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Болгария арасындағы достық қарым-қатынас және ынтымақтастық туралы шартқа, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге, Қазақстан-Болгар бірлескен несие-инвестиция банкін және холдингісін құру туралы, ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық туралы конвенцияға және басқа да құжаттарға қол қойылды.

7 жыл бұрын (2005) Алматыда «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы құрылды.

Жаңа қоғамдық ұжымның мақсаты - елiн, жерiн сүйетiн, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге, оны өзгелерден талап етiп жүрген ұлтжанды, намысшыл азаматтарымыздың қайратын жанымақ.

3 жыл бұрын (2009) физика-математика ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің доценті Байсалов Ержан Рахметоллаұлы «Қазақтан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды.

80 жыл бұрын (1932) АҚШ-тың Калифорния штаты Лос-Анджелес қаласында Х Олимпиада ойынлдары ашылды.

37 жыл бұрын (1975) Хельсинкиде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша Кеңестің қорытынды кезеңі ашылды.

1975 жылдың 1 тамызында оның қорытындысы бойынша еуропалық елдер басшыларының көбісімен қол қойылған Қорытынды акті қабылданды. Кеңестік делегацияны Леонид Брежнев басқарды.

510 жыл бұрын (1502) Христофор Колумб алғаш рет майя халқының өкілдерін кездестірді.

219 жыл бұрын (1793) Канадада Йорканың, қазіргі Торонтоның құрылысы басталды.

172 жыл бұрын (1840) І Николай «Белоруссия» терминін қолдануға тыйым салып, оны «Солтүстік-Батыс өлкесінің губерниясы» атауына ауыстырды.

154 жыл бұрын (1858) ағылшын зерттеушісі Джон Спик Африкадағы Виктория өзенін ашты.

114 жыл бұрын (1898) Уилл Келлогг  жүгері қауыздарын ойлап тапты.

112 жыл бұрын Британияда шахталарда балалардың еңбегіне тыйым салынды.

75 жыл бұрын (1937) КСРО Ішкі істер халық комиссариатының төтенше «үштігі» «халық жауларын» өлім жазасына кесуге құқық алды.

56 жыл бұрын (1956) американдық долларда «In God We Trust» ұраны пайда болды.

38 жыл бұрын (1974) Квебекте француз тілі жалғыз ресми тіл болып жарияланды.

36 жыл бұрын (1976) Испанияда саяси тұтқындарды амнистиялау туралы жарияланды.

28 жыл бұрын (1984) NBC телеканалында  «Санта-Барбара» телесериялының көрсетілімі басталды.

 

ЕСІМДЕР

83жыл бұрын (1929-1993) тарих ғылымының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты ӘУЕЗОВА Ләйлә Мұхтарқызы дүниеге келді.

Ташкент қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетін, КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. 1956-1962 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері болған. 1963 жылдан М.Әуезов әдеби-мемориалдық  мұражайының, «Әуезов үйі» мұражайының директоры қызметтерін атқарды.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан тарихына, Қазақстанда жер шаруашылығының дамуына, М.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелеріне арналған.

103 жыл бұрын (1909-1993) ағылшын тарихшысы, жазушы, драматург ПАРКИНСОН Сирил Норткот дүниеге келді.

Жазушы оқырмандарына «Parkinson's Law» («Паркинсон заңдары») әзіл-оспақ кітаптың авторы ретінде жақсы таныс. Оның әскери-теңіз тарихшысы ретіндегі беделі өте зор. Қаламгердің британдықтардың теңіздегі беделі және Наполеон дәуіріндегі теңіз саудасы жөнінде жазылған кітаптары өзінің ғылыми құндылығын әлі күнге дейін жойған жоқ.  С.Паркинсонның көптеген әңгімелері, романдары, пьесалары және энциклопедиялар мен журналдарға арналған мақалалары бар.

177 жыл бұрын(1835-1929) әнші, ақын, композитор ЖАЯУ МҰСА Байжанұлы дүниеге келді.

Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Жастайынан халық музыкасымен, ауылға келіп-кетіп жүрген әнші-күйшілер өнерімен танысады. Өзі де ән салып, домбыра тартады. 1851 жылы Қызылжарға (қазіргі Петропавл) келіп, орыс тілін үйренеді. Ол домбыра, қобыз тартумен қатар, сырнай мен скрипка ойнауды да меңгереді. Қаладағы оркестрлердің, әншілердің орындауындағы концерттерді қызыға тыңдайды. Бұл оның музыкалық-эстетикалық талғамын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Жаяу Мұсаның Шоқан Уәлихановпен бірге жүруі, Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне («Кел, балалар, оқылық») ән шығаруы, өлеңмен күнделік жазуы, Абайға өлең арнауы, Л.Н. Толстой кейіпкерінің атын баласына қоюы - оның заман лебін терең сезінгендігін байқатады.

1854 жылы Омбы қаласындағы орыс мектебінде оқыған. Осындағы кітапханадан Санкт-Петербор, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Ақмола, тағы басқа қалаларда шығатын газет-журналдармен, кітаптармен танысады. Жаяу Мұсаның тырнақалды туындысы «Қыздар-ай» Омбыда дүниеге келді. Ол туған ауылына сауатты азамат, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаз болып оралады. Келе ауыл өміріне қызу араласты. Әкімдердің, би-болыстардың парақорлығын әшкерелеп, әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен оның інісі Мұстафаның зорлық-зомбылығын айтып, Омбы генерал-губернаторына шағым жазады. Сол үшін ағайынды Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, «жаяу» атандырды. Осы тұста шығарған «Ақсиса» әнінде - әлеуметтік теңсіздікке өз наразылығын білдіреді. Билігі жүріп тұрған Шормановтар әр түрлі жала жауып, 1860 жылы оны Тобылға 12 жылға жер аудартқан. «Сүйіндік», «Тұтқын зары» әндері осы кезде шыққан. Тұтқында 2 жыл болғаннан кейін өзі сұранып әскерге кетеді. Оны Литвада Орталық Азия жорығына дайындалып жатқан Г.Черняевтің отрядына жібереді. 1863-1865 жылдары осы отрядтың жүк батальоны құрамында Шымкент, Әулие-ата (Тараз), Верный (Алматы) жорығына қатысқан. Черняевтің халыққа көрсеткен зорлығына қатты наразы болып, туған ауылына оралады. Оған ата жаулары елде де тыныштық бермей, қайта қуғынға салған. Жергілікті халықтың ауыр тұрмысын, билеушілерден көрген зорлық-зомбылығын айтып түсіндіру үшін ол Санкт-Петерборға аттанады. Бірақ одан да қолдау таба алмаған соң, Латвияда, Польшада болып, соңынан Қазанға келіп аялдайды. Жаяу Мұсаның әншілік, композиторлық өнері халық музыкасымен тығыз байланыста дамыды. Сол түста өмір сүрген Тоқсанбай, Жанақ, Түбек, Көтеш, Жаңабай сынды ақын-жыршылардың дәстүрлерін үлгі тұтып, жаңалыққа құлаш ұрды. Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Ақсиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік», туған жер табиғатын суреттейтін «Баянауыл», «Жаздың күні», «Жазда», «Ұлытау», «Сарын»; аңшылық-саятшылық туралы «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін», күлдіргі «Құлбай», «Қазан қыздары», махаббатты жырлайтын «Сұрша қыз», «Шолпан», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім»; өмірлік серігі Сапарға арналған «Келдім, Сапар, басыңа» атты әндері бар.

Сондай-ақ, ол - лирикалык сипаттағы «Қыз күйі», «Қыз-бала күйі», «Қызқарқара», «Қамшылау» сияқты күйлердің де авторы. Жаяу Мұсаның музыкалық шығармалары - халықтың әншілік-орындаушылық дәстүрі, сондай-ақ, қала әсерінен пайда болған марш, би ырғағындағы туындылар негізінде дамыған. Әндерінде диатоникалық жүйедегі ладтар басым. Жаяу Мұсаның әндерінде қазақ халык әндерінде аса сирек кездесетін құбылыс - классикалық музыканың формасын құрайтын ерекшеліктер «Ақсиса», «Ескендір», «Тұрымтай» әндерінен анық байқалады. Жаяу Мұса композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Көптеген мысқыл өлеңдерімен қатар «Шал мен торғай», «Бөдене мен қаншыр» атты мысалдары да бар. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ қоғамының әлеуметтік. істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан. Жаяу Мұсаның көптеген колжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербор, Омбы мұрағаттарынан табылған. Оның әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар - А.Затаевич, А.Жұбанов, Б.Ерзакович, М.Лалинов; әндерін айтып берушілер - Қ.Бабақов, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Лекеров, Ж.Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары опера («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан - Сара», «Бе-кет»), симфония, эстрада жанрларында пайдаланған. Жаяу Мұсаның әндері қазіргі әншілердің (Ермек Серкебаев, Қайрат Байбосынов, т.б.) репертуарынан орын алды. Әнші бейнесі көркем шығармаларда, З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында сомдалған.

Павлодар облысының Ақсу қаласындағы мәдени-ағарту училищесі және Павлодар қаласының бір көшесі Жаяу Мұсаның есімімен аталған.

57 жыл бұрын (1955) қазақтың инженер-электригі, техника ғылымының докторы, профессор, «КазРЕНА» Қазақстан ғылыми білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының бас директоры ЖАПАРОВ Барыс Әлікенұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын  (қазіргі Қ.Сатбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті).

1976-1983 жылдары - инженер, кіші, аға, ғылыми қызметкер. 1983-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтында зертхана меңгерушісі. 1989-1997 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кабинетi жанындағы Білiктілiктi арттыру және мамандарды қайта даярлау мемлекеттiк институтында (қазіргі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы) кафедра меңгерушісі, ғылыми-методикалық жұмыстар бойынша проректоры және бірінші проректоры. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Елшіліктің кеңесшісі. 1999-2000 жылдары "NOKIA NETWORKS OY" белгілі телекоммуникациялық бірлестігінде қызмет атқарды. 2001-2004 жылдары - Білім беру желісі академиясында халықаралық байланыстардың директоры, жоба жетекшісінің орынбасары. 2001 жылы «КазРЕНА» Қазақстан ғылыми білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығын құрды, кейіннен оның бас директоры болып сайланды. 2004 жылдан «RENATA» Транс-Азиялық ғылыми білім беру компьютерлік желісі қауымдастығы директорының міндетін атқарушы қызметін атқарады. 1995 жылдан «Бiрiккен Әлемнiң Колледждер» (United World Colleges ) Ұлттық сұрыптаушы комитетiн басқарады.

Ы.Алтынсарин атындағы медальмен, А.Байтұрсынов атындағы күміс медальмен, НАТО-ның Құрмет сертификатымен марапатталған. Ғылым мен техника төңірегіндегі ең жақсы өңдеу үшін Қазақстан комсомолы сыйлығының иегері.

101 жыл бұрын (1911-1992) қолданбалы математика және есептеу техникасы саласының ғалымы, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі АКУШСКИЙ Израиль Яковлевич дүниеге келді.

Украинаның Днепропетровск қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1953-1956 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы машина және есептеу математикасы зертханасында меңгеруші болған. Ол есептеу математикасы мен техникасы саласында қалдықтар кластары жүйесіндегі жаңа бағыттың, есептеу процестерін ұйымдастыру мәселелерінің негізін салған. Сондай-ақ есептеу теориясын, бағдарламалау негіздерін, қолданбалы инженерлік шешімдер мәселесін зерттеген. Ғалымның елімізде және шет елдерде кеңінен танымал 200-ден астам еңбегі және оның ішінде 12 монографиясы бар. 90 өнертабыстың авторы, олардың көпшілігі АҚШ-та, Жапонияда, ГФР-де патент алған.

61 жыл бұрын (1951) әнші, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Бүкілодақтық комсомол сыйлығының, кәсіпқой әншілердің Михаил Глинка атындағы бүкілодақтық, Р.Шуман атындағы халықаралық конкурсының және Рио-де Жанейрода өткен Халықаралық байқаудың лауреаты ДІНІШЕВ Әлібек Мұсаұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы музыка училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1976-1979 жылдары Қазақ филармониясының, 1978-1996 жылдары Қазақ опера және балет театрының әншісі болған. 1997 жылдан бастап «Әлібек Дінішев театры және вокал академиясын» құрып, соған басшылық жасауда.

Ол театр сахнасында Ленский (Петр Чайковскийдің «Евгений Онегинінде»), Владимир (Александр Бородиннің «Князь Игорінде»), Айдар (Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайында»), Төлеген (Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»), т.б. партияларды орындап, халыққа концерттік-орындаушылық қызметімен де кеңінен танылды. Оның репертуарында қазақ халық әндері, халық композиторларының әндері, сонымен қатар шетел композиторларының да шығармалары бар.

Парасат орденімен, медальмен марапатталған.

21 жыл бұрын (1991) конькимен жүгіру спортының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шорт-тректен спорт шебері АЙДОВА Екатерина Валерьевна дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қазіргі уақытта Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқиды. 500 метрге жүгіруден жастар арасындағы Әлем кубогында (Гемрания, 2008 жыл) 2-інші орын; 500 метрге жүгіруден жастар арасындағы әлем кубогында (Голландия, 2009 жыл) 2-інші орын; 1 000 метрге жүгіруден ХХІ қысқы Олимпиада ойындарында (Ванкувер, Канада, 2010 жыл) 16-ыншы орын; 500 метрге жүгіруден жастар арасындағы Әлем кубогында 1-інші орын, 1 000 метрге жүгіруден 1-інші орын (Берлин, Германия); 500 метрге жүгіруден жастар арасындағы Әлем чемпионатында 1-інші орын (Мәскеу, Ресей) алды.

45 жыл бұрын (1967) Батыс Қазақстан облысының әкімі НОҒАЕВ Нұрлан Асқарұлы дүниеге келді.


1967 жылы туған. Білімі жоғары, И.Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай және газ академиясын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Ресей Сыртқы істер министрлігі жанындағы "Халықаралық қатынастар университеті" Мәскеу мемлекеттік институтын, тау-кен инженері, экономист, халықаралық қатынастар маманы, әкімшілік іскерлік жөніндегі шебер мамандықтары бойынша бітіріп шыққан. Орыс, түрік, ағылшын тілдерін еркін меңгерген.Еңбек жолын Ақтөбе облысы, Қандыағаш станциясында электр шебері болып бастаған.1993-1995 ж.ж. - Мәскеу қаласындағы "Гили- Паскер" ЖШС-ында мұнай өнімдері жөніндегі аға сарапшы, бөлім бастығы, бас директор.1995-1996 ж.ж. - Алматы қаласындағы "Отрар Лтд" шағын кәсіпорны бас директорының орынбасары.1996-2006 ж.ж - "Қазақтүрікмұнай" ЖШС-ында маркетинг жөніндегі инженер, мұнай және мұнай өнімдерін сату, маркетинг бөлімінің бастығы, бас директор.2006 жылдың ақпан айынан бастап "ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы" АҚ-ның атқарушы директоры.2006 жылдың тамыз айынан ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры болып істеген.2007 жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың сәуір айына дейін - облыс әкімінің орынбасары.2010 жылдың сәуір айынан 2012 жылдың қаңтарына дейін - облыс әкімінің бірінші орынбасары.

2012 жылдың 20 қаңтарында Мемлекет Басшысының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

2010 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

49 жыл
бұрын (1963) «Еуразиялық банк» Төрағасының орынбасары Талғат ӘБДІХАЛЫҚОВ дүниеге келді.

Т. Әбдіхалықов Еуроазиялық Банкке 2009 жылдың желтоқсанында Басқарма Орынбасары лауазымына, Банктің дербес бөлімшелерінің желісі бойынша мәселелерді, сонымен қатар Банктің операциялық қызметін және әкімшілігін басқаруға шақырылды.

Осы тағайындауға дейін Талғат Әбдіхалықов қысқа уақыт Төраға орынбасары лауазымында болған, «Астана -Финанс» компаниясында банкта дефолт жариялағанға дейін қайта құрылымдау әрекеттері кезеңінде қағаз операцияларын басқарған. 2007-2008 жылдар Әбдіхалықов мырза активтерді басқару бойынша компания - «Верный капитал» АҚ басқарған. Өзінің банктік мансабын бағалы қағаздарды басқару жетекшісі ретінде 1995 жылы бастап, АТФ Банкте әр түрлі қызмет дәрежелеріне ие болды, сонымен қатар ол қағаз операциялары мәселелерімен айналысуды тоқтатпады, және нәтижесінде Басқарушы директор ретінде, содан соң - Басқарма Төрағасы қызметінің Басқарма Төрағасының кеңесшісі ретінде тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар