30 тамыз. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 30 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстан Республикасының Конституция күні
1995 жылы елдің жаңа Конституциясы қабылданды. Ата Заңымызға сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Халықаралық күштеп жоғалтып жіберу құрбандары күні
2011 жылы қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын атап өтіледі. Бұл атаулы күн қазіргі уақытта адамдардың күштеп жоғалып кету мәселесінің өзекті болуына байланысты енгізілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1993 жылы Алматыда Халықаралық ядролық жарылысқа қарсы конгресс өз жұмысын бастады.
1995 жылы Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы республикалық референдумда қабылданды. Дауыс беруге 8 091 715 азамат немесе тізімге енгізілген адамдардың жалпы санының 90,58%-ы қатысты. Конституцияға 7 122 773 адам дауыс берді, бұл дауыс бергендердің 89,14%-ын құрады. Дауыс беру барысын шетелдік бақылаушылар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалады.
1999 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл кесенесінің жанындағы сазгер Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) қабірінің басына ескерткіш орнатылды. Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) - атақты композитор, білікті дирижер әрі домбырашы, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы. 40-шақты өлең мен романстың авторы. Ол 100-ге тарта спектакль, көркем және деректі, мультипликациялық фильмдерге музыка жазған.
2009 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне арналған алғашқы әскери парад болып өтті. Әскери шеруге Қорғаныс министрлігінің құрлықтағы әскерлері, әуе қорғанысы күштері, әскери-теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің сарбаздары мен Республикалық ұланның өкілдері қатысты.
2011 жылы Ақтөбеде Бейбітшілік даңғылындағы гүлзарда Чернобыль атом электростансасына қатысушылар мен оны жойған ақтөбеліктерге арнап ескерткіш орнатылды.
2012 жылы Петропавлда вокзал алаңында қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2014 жылы «Мэрлер бейбітшілікті қолдайды» ұйымының бас хатшысы Ясуёши Комизо және Халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс президенті Олжас Сүлейменов «Мэрлер бейбітшілікті қолдайды» ескерткіш тасының маңына Хиросимадан әкелінген «Гингко» ағашының көшетін отырғызды. Аталған көшетті Жапониядан Хиросима қаласының мэрі, «Мэрлер бейбітшілікті қолдайды» ұйымының президенті Мацуи Кадзуми жіберген.
2014 жылы Caviar зергерлік бренді Қазақстанның, Астананың символдары – Бейбітшілік және келісім сарайы мен Бәйтерек бейленеген алтын iPhone жасап, сатылымға шығарды. Смартфондар құны 790 мың теңге болды.
2014 жылы еліміздің тарихында алғашқы ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін (ҒТН ҒЖ) құру бойынша тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау үшін «Ғалам» ЖШС қазақстандық инженерлер тобы Астанадан Гилфордқа (Ұлыбритания) аттанды. Бұл Жер ионосферасын зерттеуге арналған нано-класты ғарыш аппараты болады. Ол Қазғарыштың басқа кәсіпорны – «ҰҒЗТО» АҚ Ғарыштық техника және технологиялар институтымен бірлесіп құрылады.
2015 жылы Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесіндегі қазақстандық павильоннын алдындағы алаңда Қазақстан Республикасының Конституциясы күні аталып өтті. Көптеген көрме қонақтарына қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен концерт қойылып, еліміздің қазіргі заманғы және дәстүрлі өнері паш етілді.
2019 жылы Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялағаны жөнінде құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымының хатшылығына тапсырды. Іс-шараға БҰҰ және 103 елдің 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдарының коалициясын құраған «ICAN» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының өкілдері қатысты. Олар Қазақстанға ядролық қарусыздану ісіндегі көшбасшылығы үшін алғыс білдірді.
2020 жылы қазақстандық мектеп оқушылары онлайн режимде European Geography Olympiad (EGEO) аясында өткен Еуропа географиялық олимпиадасында күміс және қола жүлдеге ие болды. Жарысқа әлемнің 14 елінен – Ресей, Беларусь, Латвия, Литва, Польша, Эстония және Қазақстан, Словения, Түркия, Сербия және тағы басқа елдерден 76 оқушы қатысты.
2021 жылы Семей қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университеті Alikhan Bokeikhan University (Әлихан Бөкейхан атындағы университет) болып өзгертілді. Университет ректоры, профессор Шырын Құрманбаева бұл ел мен қаланың тарихына, көрнекті қоғам және саяси қайраткер, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның тарихи қызметіне деген құрмет екенін атап айтты.
2021 жылы Германияның Вайден қаласында биатлон және триатлон бойынша әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасының сапында 21 медаль (4 алтын, 9 күміс, 8 қола) жеңіп алған 12 спортшы өнер көрсетті. Бұл - біздің команданың 2017 жылдан бері биатлон және триатлон бойынша әлем чемпионатындағы ең табысты көрсеткіші.
2023 жылы Қазақстанда «Жол қозғалысы туралы» заңға электр самокаттарын міну ережелерін қарастыратын түзетулер күшіне енді. Жолда электр самокаттарын міну жылдамдығы 25 км/сағ аспауы керек. Ал, тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолында сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл жағдайда электр самокаттарына бір қатардағы автобус жолағын қоса алғанда, жолдың оң жақ жолағында қозғалуға рұқсат етіледі. Бірақ бұл жағдайда жүргізуші 18 жасқа толуы, дулыға және шағылыстыратын киім киюі және кез келген санаттағы лицензиясы болуы тиіс.