30 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

30 желтоқсан. ЖҰМА
КСРО-ның құрылған күні. Осыдан 91 жыл бұрын (1922) Кеңестік Социалистік Республикалар одағы құрылып, оның құрамына: Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Армения, Грузия, Украина, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан, Молдавия, Латвия, Литва, және Эстония мемлекеттері кірді.
Мадагаскар Республикасының күні. 1975 жылы желтоқсанның 21-де Референдум Демократиялық Мадагаскар Республикасының Ата Заңын қабылдады. 30 қаңтарда елде Республика күні аталып өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
21 жыл бұрын (1995) Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылында Қазыбек биге ескерткіш орнатылды.
18 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасының «Импорт тауарларынан ішкі нарықты қорғау туралы шаралар» Заңы қабылданды.
17 жыл бұрын (1999) Ақмола облысының Атбасар қаласында жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражай-үйі ашылып, қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
11 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес, мұсылман күнтізбесі бойынша аталып өтетін Құрбан айттың алғашқы күні және Православияның Рождество меркесі демалыс күндері болып бекітілді.
9 жыл бұрын (2007) Талдықорғандағы Алматы облыстық iшкi iстер департаментiнде тарихи мұражай ашылды.
Мұражайдан Жетiсу өңірінің iшкi iстер органдарын әр жылдарда басқарған адамдар мен ерлiк көрсеткен қызметкерлер жайында мағлұматтар алуға болады. Жәдiгерлер қатарында iшкi iстер саласы қызметкерлерiнiң әр кезеңдерде киген киiмдерi, Азамат және Ұлы Отан соғысы кезiнде пайдаланылған қару-жарақтар бар.
7 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Елбасы сонымен қатар, «Біріккен Ұлттар Ұйымының Жол қозғалысы туралы конвенциясын ратификациялау туралы», «Біріккен Ұлттар Ұйымының Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.
7 жыл бұрын (2009) Алматыда «Тәуелсіздік бесігін тербеткен» атты деректі фильмінің тұсаукесері болып өтті.
Деректі фильм Алматы қаласына кешегі кезеңнен бүгінге дейінгі еңбегі сіңген тұлғаларымызға, бүгінде еліміздің ең ірі мегаполисіне айналған шаhардың шам шырағын жаққан қайраткерлердің тұлғалық тұрпаттарына арналған. Деректі фильмде Кенесары ханнан бастап, Алматы қаласының орнында болған Алмалы hәм Тойшыбек бекінісін жаудан қорғаған Тойшыбек, Байсейіт батырлардан бергі уақыттағы Алаш зиялыларының және Дінмұхаммед Қонаев сынды тұлғалардың, сонымен қатар, Алматы қаласын әр жылдары басқарып, із қалдырған азаматтар туралы сыр шертілген.
5 жыл бұрын (2011) Д.Қонаевтың 100 жылдығына арналған фотоальбом жарыққа шықты. Фотоальбом отбасылық мұрағаттан материалдардан пайдаланған эксклюзивті басылым болды.
5 жыл бұрын (2011) «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда филиалы «Облыстың үздік коммуналдық кәсіпорны» аталымында жеңіске жетті.
5 жыл бұрын (2011) «Қазкоммерцбанк» төртінші рет науқас балалар үшін сыйлықтар жасады.
3 жыл бұрын (2013) Ақтөбеде драма театрының саябағында қазақ әдебиетінің классигі - ҚР Халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановқа, халық ақыны, драматург Қуандық Шаңғытбаевқа салтанатты түрде ескерткіш ашылды.
Қола ескерткіш екі фигураны біріктірді. Драматург Тахауи Ахтанов орындықта отырса, оның қасында досы, жерлесі ақын Қуандық Шаңғытбаев бейнеленді. Ескерткіш биіктігі 6,5 метр. Авторы жас болса да кәсіби ортада танылған мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.
Бір жыл бұрын (2015) Мемлекет басшысы «Қазпочтаның» «Аяз Атаға хат жаз» жобасын қолдады, оның аясында тілек білдіруші адамдар балалар хаттарының ішінен таңдап, оның арманын орындады.
Нұрсұлтан Әбішұлын «Doh Vinci» шығармашылығы үшін керек-жарақ сыйлау өтінішін білдірген БҚО-дан Викорияның хаты қуантты. Президент сурет салғанды жақсы көреді. Сондықтан қыз баланың арманын орындады.
210 жыл бұрын (1806) Түркия Ресейге қарсы соғыс ашты. Бұл соғыс 1812 жылға дейін жалғасты.
100 жыл бұрын (1916) Венгрияда ел тарихындағы соңғы тәж кигізу рәсімі өтті. Шараны король Карл IV мен королева Зита үшін өткізді, ол Карл Франц Иосиф ретінде белгілі.
89жыл бұрын (1927) орыс химигі Сергей Лебедев бірінші болып синтетикалық каучук жасау әдісін тапты.
ЕСІМДЕР
102 жыл бұрын (1914-1996) тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ КСР-не еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақ қыздар педагогикалық институтының алғашқы ректоры МЫРЗАБЕКОВА Тұрсын дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген. 1933-1945 жылдары оқытушылық, Шымкент қалалық атқару комитетінде қызмет атқарған. 1945-1959 жылдары - Қазақ қыздар педагогикалық институтының ректоры. 1959-1978 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушысы. Қыздар педагогикалық институтында жатақхана мен оқу корпустарын салуды, студенттерді тегін тамақтандыруды, сонымен қатар кітапханаларға Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларынан кітаптар алдырып, химиялық лаборатория жұмысын ұйымдастырған. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
73 жыл бұрын (1943) ақын ХАСЕНОВ Нұркенже Базарбайұлы дүниеге келді.
Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ақынның алғашқы жыр жинағы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Сырлы толқын» деген атпен жарық көрді. Сонан кейін, «Бір уыс топырақ», «Тығылмақ», «Ай-Таңсық» атты жинақтары шықты. Қаламгер көркем аударма саласында орыс және шет ел ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалады.
62 жыл бұрын (1954) «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, ҚР журналистика академиясының академигі КЕНЖАЛИН Жұмабек Омарұлы дүниеге келді.
Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Торғай облысы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, әскер қатарында қызмет етті, шаруашылықтарда жұмыс істеді.
1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тамамдаған соң, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жж. «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. 1990 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1994 жылдың қаңтарына дейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. 1996-1997 жж. «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.
1999-2006 жж. «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, 2006-2009 жж. «Ақиқат» журналының Бас редакторы, 2009 жылдың ақпанынан «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры - редакторлар кеңесінің төрағасы. Шығармалары республикалық мерзімді басылым беттерінде жарияланып жүр.
Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия мүшесі, ХVІІ шақырылған халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. 2004 жылы кандидаттық диссертация қорғап, саяси ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.
«Желкілдеп өскен құрақтай», (1988, «Өнер»), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998, «Қазақстан»), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005, «Өлке») деп аталатын деректі әңгімелер мен эсселер кітаптарының авторы.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының лауреаты (2006), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2004). Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі - академигі (2001).
62 жыл бұрын (1954) «Құрманғазы-Петролеум» ЖШС бас директорының кеңесшісі, «Қазмұнайтеңіз» Теңіз мұнай компаниясы» АҚ бас директорының кеңесшісі Әбілхан МАШАНИ дүниеге келді.
Түркіменстан республикасында дүниеге келген. 1977 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, 2000 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
1977-1985 жылдары -Жаңаөзен қалалық партия комитетінде нусқаушы, бөлім бастығы, қалалық атқару комитетінің төрағасы, Түпқараған аудандық әкімшілігінің басшысы. 1995-1999 жылдары - Жаңаөзен қалалық әкімшілігінің басшысы, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі. 1999-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 2006 жылдан «Құрманғазы-Петролеум» ЖШС бас директорының кеңесшісі, «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясы» акционерлік қоғамы бас директорының кеңесшісі.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
1975 жыл бұрын (41-81) 10-шы Рим императоры Тит Флавий ВЕСПАСИАН дүниеге келді.
343 жыл бұрын (1673-1736) 23-ші Осман Империясының сұлтаны АХМЕД III дүниеге келді.
126 жыл бұрын (1890-1973) мемлекет қайраткері, Мексиканың 1952-1958 жылдардағы президенті Адольфо Руис КОРТИНЕС дүниеге келді.
81 жыл бұрын (1935-2009) габон саясаткері, 1967 жылдан ел президенті Омар Бонго ОНДИМБА дүниеге келді.