30 жылда салынбаған жолды тұрғындар 20 күнде жөндеп шықты – ауыл әкімі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаев өңірдегі ең танымал әкімдердің бірі. Оның бір себебі – сайланғанына бір жыл ғана болған әкім әлеуметтік желіде белсенді. Елді мекенде атқарылған әр жұмыс бойынша есеп беріп келеді. Бір күні ауылдастарымен жалғызбасты адамдардың үйін сырлап, әктеп жөнге келтірсе, енді бірде көрші ауылда абаттандыру жұмыстарының бел ортасында жүреді. 700-ге жуық тұрғыны бар үш қазақ ауылын айрандай ұйытып отырған азаматпен ҚазАқпарат тілшісі сұхбат құрған еді.
None
None

- Болат, өзіңізді таныстыра кетсеңіз, қай жерде туып-өстіңіз, қайда білім алдыңыз, қандай мамандық алып шықтыңыз?

- Елім осы өзім қызмет етіп отырған – Бұлақ ауылы. Әкем Қанат экономист, кеңшар директорының орынбасары болған, анам көп жыл ұстаздық етіп, қазір еңбегінің зейнетін көріп отыр. Бала-шағам бар. 1997 жылы ауылдағы орта мектепті бітіріп, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтын тәмамдадым. Кейін қолыма дипломды алғасын 2007 жылға дейін ішкі істер органдарында еңбек еттім. Одан әрі түрлі салада қызмет істедім, адам тасып, такси жүргізушісі болғаным да бар. Әкім болғанға дейін ЖШС-лердің бірінде директордың орынбасары болдым.

- Бұл қызметке қалай келдіңіз?

- Былтыр «ауылдық округ әкімін сайлайын деп жатырмыз, біздің таңдауымыз өзіңе түсті, келсейші» деп ауыл тұрғындары телефонмен хабарласты. Сөйтіп, қаладағы жайлы үйімді тастап, бала-шағамды алып ауылға келдім. Былтырғы жылдың 25 шілдесінде халықтың қолдауымен сайландым.

- Неден бастадыңыз?

- Іске кіріспес бұрын халықтың ойын білдім, сұрадым, ел боламыз ба әлде жер боламыз ба деп. Ел болсақ бірігейік дедім. Тек ауызбіршіліктің арқасында ғана ауылымызды сақтап қала алатынымызды түсіндірдім. Қазір тұрғындар 30 жылда салынбаған жолды 20 күннің ішінде жөнге келтіріп бердің дейді.

- Бір жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай, өзіңіз «мен атқардым» деп мақтанышпен айта алатын қандай істер бітірдіңіз?

- Мен атқарған жоқпын – біз атқардық. Ең бірінші жолдан бастадық. 5,5 км өз күшімізбен қиыршық тас және құм төсеп, кейін үстінен бастық. Өзіміздің ауылдың шаруашылықтары көмектесті, 800 рейс жасады. Кейін Қарағай мен Бұлақ ауылының зираттарын халықпен асарлатып жөнге келтірдік. Қазір бәрін асарлатып істеп жатырмыз ғой. Ауыл ішіндегі көшелердің жартысында жарық жоқ еді. Оны да осылайша жөндедік. Өйткені бір нәрсені бюджеттік қаржыға істетудің жұмысы көп және уақытты қажет етеді. Ақша бөліне ме, жоқ па? Былтыр, мәселен, жол, спорт алаңы қажет дедік. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен береміз деген, әлі жоқ.

Бірақ, су мәселесі шешіліп жатыр. Осы аптада келуі керек. Жоба бойынша ұзындығы 1,5 км ұңғыма, 1 және 2 көтермелі сорғы стансалары, тазарту құрылғылары, таратушы желілері бар оқшау тұрған су нысаны салынбақ. Аудан әкімі биыл облыстық бюджеттен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Бұлақ ауылын сумен жабдықтау желілерінің құрылысына 837,4 млн теңге бөлінгенін айтты. 380 тұрғыны бар Бұлақ ауылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Мал бағу мәселесін шештік. Қыста ауыл ішін үзбей қардан тазарту мәселесі жолға қойылды. Қар ұстамау үшін күзде жолдың бойындағы қамыс, ағаш, шілікті ауыл жігіттері жиналып тазалап шықты. Содан кейін бір рет те ол жерді қар алмады.

Ауылдың тазалығына аса мән береміз. Бұл жұмыс жыл бойы жалғасады.

Былтыр шөп-сабан тапшы болды. Жергілікті ЖШС басшыларымен сөйлесіп, бір орама сабанды мың теңгеден халыққа әкеліп, үйіп берді. Одан шаруалар пайда көрген жоқ, керісінше, шығынға батты, бірақ, ауылдың малы қыстан қысылмай өтті. Маңайда сол кезде ораманы 3-3,5 мың теңгеден сатты, оның өзін алқаптан алып кетуің керек.

Ауылда тұрғасын отын-көмір керек, бұл мәселе де назардан тыс қалмады. Қыста көмір жетіспеушілігі болғанда, мен теміржол тұйықтарының иелерімен кездесіп, жергілікті ЖШС-нің, жекеменшік жүк көлігі жүргізушілерін жұмылдырып, Петропавлдан жеткіздік. Жол алыс болғанымен тоннассын 20 мың теңгеден асыртпадық. Биыл тұрғындарды отын-көмірді қысқа қалдырмай жазда түсіріп алуы үшін үгіттеп жатырмыз. Үш ауыл тұрғындарының 30 % көмірмен, ал 60 % отынмен қамтамасыз етілді.

- Ауыл әкімдеріне жергілікті тұрғындардың көңілі тола бермейді, бірақ сізді халықтың бағалайтынын көріп жүрміз. Басыңызға іс түсіп, жала жабылғанда да тұрғындар бір ауыздан сізді жақтап, «күйе жақтырмады». Басты себеп неде?

- Халық – айна! Тек сол халықты ести білу керек. Аз уақытта істеген жұмыстарымыма риза болғандықтан қолдау білдірген шығар. Ауыл әкімі ұрды деп маған жала жапқанда арашалап алды. Қолды бір сілтеп, басқа жаққа кеткім келген ойлар болды. Ұсыныстар да түсіп жатыр.

Мен ес білген 80-жылдардың ортасында ауылдарымызға 72 жаңа үй салғызған кеңшар директоры Еркеш Баймұсин деген кісі болды. Өзі осы елдікі болмаса да, тұрғындардың жағдайын жасады. Оның өзін ауылымыздың кей адамдары шыдатпады.

Округ жұртына алғысым шексіз, өткен оқиғада керісінше мені қолдап шыққандарына таңғалдым. Қызмет – қолдың кірі, екі қолға бір күрек табылар деп жүргенмін. Халықтың қолдауы қанат бітірді, қазір ойдағы жоспарлардың жүзеге асатынына сенімдімін.

- Жұмыстың оңайы жоқ, десе де ауыл әкімі – қиын қызметтердің бірі. Мұнда белгілі бір күн тәртібіне бағынбайсың, солай емес пе?

- Әкімге 24 сағат бойы жауапкершілік артылған. Округке үш ауыл қараса, сондағы тұрғындардың тыныс-тіршілігінен хабардар болып отыруың керек. Қазір әр ауылдың WhatsApp-та ортақ тобы бар. Оған тұрғындардан бөлек мен, полицияның учаскелік инспекторы, әкімдік қызметкерлері қосылған. Қай жерде не болып жатқанын біліп отырамыз, мәселе туындаса бірге шешеміз. Мәселен, біреуінің қойы жоғалды делік немесе біреудің сиыры өрістен келмей қалды.

- Ауылдық округ жайында айтып берсеңіз. Жалпы оның басқа округтерден ерекшелігі неде?

- Бұлақ ауылдық округіне Бұлақ, Қарағай, Ақтас ауылдары қарайды. 193 үй түтін түтетіп отыр, 663 адам тұрады. Қазақ ауылдары, өзге ұлттар жоқ. Халқы – еңбекқор, санасы өзгерген. Бірлігі мығым, тек кейде белсенділігі жетпей жатады. 2009 жылғы санақ бойынша ауылда 1131 адам тұрған екен, бүгінде екі есе азайғанын көреміз. Басқа ауылдардың құруына, халықтың жаппай көшуіне не себеп болса, мұнда да сол жағдай қалыптасқан екен. Қазір жағдай түзеліп келеді, елді мекен болашағы бар ауылдардың қатарына қосылды.

- Ауылға барсаң әдетте қабырғасы қисайып, жартылай құлаған бос үйлерді көресің. Сіздер елді мекенді жаппай тазартып жатқан екенсіздер. Алдында жалғызбасты зейнеткерлердің үйін жөндеп, есік-терезелерін сырлап жүргендеріңізді көрдім. Жұртты осындай қоғамдық істерге ұйыта білу де өнер ғой. Жұмыста қандай мәселені басты назарда ұстайсыз?

- Президент Қ.Тоқаевтың қазіргі бастамаларының халыққа тиімдісін қолдаймын, соның бірі халыққа жақын және ашық болу. Сол себепті жылына бір-екі кездесіп есеп бергенше, күнделікті істелген жұмысты көрсетіп отыруды дұрыс деп есептеймін. Әлеуметтік желіде белсенді болуымның бір себебі осы. Бірақ мұны тырнақ астынан кір іздегендер, әртүрлі қабылдайды. Бір жақты болмауға тырысамын. Көп арманымның бірі – қазақ ауылдары елді мекендердің бірегейі болса екен деймін.

- Ойлағаныңызды жүзеге асыруға қазіргі уақытта ауыл әкімінің құзыреттілігі жеткілікті ме?

- Жоқ, құзірет жеткіліксіз. Қаражаттың жоқтығы да қолбайлау. Бірақ мұның бәрі болашақта шешімін табады деп ойлаймын. Мәселен, ауылдың маңында бұрын жеміс-жидек өскен бақша болған. Оның өнімі ауыл дүкендеріне түсіп, халық арзан бағаға сатып алатын, жұмысшыларға тегін берілетін. Қазір ол иесіз, құрып кетудің аз-ақ алдында. Соны қалыпқа келтірсек деймін. Сол үшін Петропавлдағы ботаникалық бақтан мамандар шақырып, пікірлерін білдік. Енді бұл істі жүзеге асыру үшін қаражат керек.

- Ауылға көшіп келуге тілек білдірушілер бар ма? Оларды қабылдауға дайынсыздар ма?

- Ауылдарымызда «Еңбек» бағдарламасы бойынша бір де бір үй салынбаған екен. Бірақ соған қарамастан оңтүстік өңірлерден үш отбасын көшіріп әкелдік, жағдайын жасадық, жұмыспен қамтыдық.

- Сізді қалап, ауылға әкім бол деп шақырған екен, жағдайыңыз жасалды ма, қайда тұрып жатырсыз?

- Отбасыммен ауылда жалға алынған үйде тұрып жатырмын.

- Ауыл әкімі болу үшін қайта сайлауға түсесіз бе?

- Ол туралы ойламаппын. Уақыт көрсетеді.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар