300-ден астам компания басшысына шетелге шығуға тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда салық берешегін уақытында өтемеген 300-ден астам жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысына шетелге шығуға тыйым салынды.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын мәлім етті.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Салық кодексіне Қазақстаннан шығуды уақытша шектеу туралы норма енгізілді. Бұл шараны іс жүзінде қолдану 1 қазаннан басталды.
— Салық берешегі 27 мың айлық есептік көрсеткіштен асқанда және үш айдан астам уақыт өтелмеген жағдайда салық органдары арнайы қаулы шығарады. Соттың санкциясын алғаннан кейін Шекара қызметінің ақпараттық жүйесіне тиісті шектеу енгізіледі, — деді Қайсар Арын.
Спикердің сөзінше, қазір елімізде салық берешегі 116 миллион теңгеден асатын 700-ге жуық салық төлеуші бар.
— Жаңа шара қолданысқа енгізілгелі Алматы қаласы мен Қарағанды облысында екі салық төлеуші берешегін өтеп, бюджетке 230 миллион теңгеден астам қаражат түскен. Қарағанды облысындағы компания сәуір айынан бері салық берешегін өтемеген. Оның басшысы елден шығу кезінде шектеу қойылғанын біліп, қарызын төлеген. Осыдан кейін тыйым алынды, — деді Қайсар Арын.
Комитет өкілі шетелге баруды жоспарлаған компания басшыларына салық төлеуші кабинетін алдын ала тексеруге кеңес берді. Өйткені тиісті қаулы осы ақпараттық жүйе арқылы жолданады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі өзгерді. Енді өндіріп алу шаралары берешек сомасына қарай қолданылатыны туралы жаздық.