Салық берешегі қанша болса, шетелге шығуға шектеу қойылады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі өзгерді. Енді өндіріп алу шаралары берешек сомасына қарай қолданылады.

паспорт
Коллаж: Kazinform/Air Astana, Nano Banana

Бұған дейін тәуекелдерді басқару жүйесін ескере отырып, берешек 1 теңгеден басталған жағдайда да өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін еді.

Жаңа тәртіп бойынша, берешек мөлшері 20 АЕК-тен аз болса, салық төлеушіге берешегі туралы хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Бұл жағдайда өзге өндіріп алу шаралары қолданылмайды.

— Берешек 20 АЕК-тен 45 АЕК-ке дейін болса, оны өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрып, инкассалық өкімдер шығарылады. Ал берешек 45 АЕК-тен асқан жағдайда мүлікті тізімдеу және өткізу, сондай-ақ дебиторлар есебінен өндіріп алу сияқты заңнамада көзделген барлық шара қолданылады, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Салық кодексіне Қазақстаннан шығуды уақытша шектеу туралы норма енгізілді. Бұл шараны іс жүзінде қолдану 1 қазаннан басталды.

Аталған шектеу салық берешегі 27 000 АЕК-тен асып, ол үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген жағдайда қолданылуы мүмкін.

Шектеу дара кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғалардың бірінші басшыларына немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдарға қатысты қолданылады.

Қазақстаннан шығуды уақытша шектеу ірі мөлшердегі берешек болғанда және сот санкциялағаннан кейін ғана енгізіледі. Мемлекеттік кірістер органы тиісті қаулы шығарып, оны сотқа жолдайды. Сот санкция берген соң қаулы мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесі арқылы орындау үшін уәкілетті ақпараттық жүйеге жіберіледі.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда салық берешегіне байланысты 700-ге жуық жеке кәсіпкер мен кәсіпорын басшысының шетелге шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін екенін жазғанбыз.