307,1 млрд теңгеге 65 зауыт: тұрмыстық қалдықты өңдеу қуаты артады
АСТАНА. KAZINFORM - Еліміздегі ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін 65 зауыт салынбақ. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев айтты.

– Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру жұмыстарының I кезеңінде жалпы құны 307,1 млрд теңге болатын 65 жоба мақұлданды.
Оның ішінде:
• 5 жоба бойынша «Жасыл даму» АҚ Өнеркәсіпті дамыту қорына 3,5 млрд теңге бағыттады. Оның ішінде 4 жобаны жүзеге асыратын 3,4 млрд теңге түпкілікті қарыз алушыға жіберілді.
• 69,9 млрд теңгенің 16 жобасы (оның ішінде 59,6 млрд теңге утильдік төлемдер есебінен) 2-кезеңде қарастырылып жатыр.
• 44 жоба 232,1 млрд теңге сомасына Өнеркәсіпті дамыту қоры ескертулері бойынша инвесторлармен пысықталуда, содан кейін олардың қаржы жағы қаралатын болады, - деді ол ОКҚ алаңында.
Вице-министрдің айтуынша, аталған жобалар қайта өңдеу қуатын жылына 1,1 млн тоннаға, ал сұрыптау көлемін 2,2 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, елімізде ірі кәсіпорындардың зиянды шығарындылары 6% азайды.