31 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 31 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік қалалар күні
2014 жылдан бастап жыл сайын аталып өтетін бұл мереке Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2013 жылғы желтоқсандағы шешімімен жаһандық урбанизация проблемаларына кеңірек халықаралық қауымдастықтың назарын аудару мақсатында құрылған. Сондай-ақ резолюцияда дүние жүзіндегі қалалардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін мүмкіндіктерді пайдалану және осы процеске байланысты мәселелерді шешуде елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігі туралы айтылады.
Халықаралық үнемдеу күні
1988 жылғы қазанның 27-сінде 29 елдің жинақ кассаларының өкілдері Миланда өздерінің бірінші халықаралық арнайы конгрестеріне жиналды. Конгресс жұмысының соңғы күні - қазанның 31-інде «барлық елдердегі жинақ банктік институттардың бірінші құрылтайын есте қалдыру» идеясы өмірге келіп, бұл күнді «Халықаралық үнем күні» (International Saving Day) ретінде жыл сайын атап өтуге шешім қабылданды. Алайда құрылтайшылардың пиғылы бойынша, бұл күні тек ақшаны үнемдеп қана қоймай, үнемді кең мағынасында: уақыт үнемдеуге, заттарға ұқыпты қару, т.б. мәселелерге қолдануға арнау қажет. 1989 жылы БҰҰ нұсқау қабылдап, онда қазанның 31-ін Халықаралық үнем күні етіп бекітті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нығматжан Исенгариннің төрағалығымен жоғары және орталық мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның бастапқы отырысы өтті.
1995 жылы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ өнімдері халықаралық «Алтын глобус» сыйлығымен марапатталды (Дания). Бұл сыйлықты «Шығысты дамыту қоры» халықаралық ұйымы тағайындаған. Жыл сайын байқауға қатысушы мемлекеттердің сауда-өнеркәсіп палаталары, министрліктер және басқа да ұйымдардың өкілдері бар сараптау комиссиясы лауреаттарды анықтайды. Негізгі мақсат – шығыс экономикасын өзгертуге бағытталған бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру.
2003 жылы ҚР Қарулы Күштерінің Алматы жоғары әскери училищесі Құрлық әскерлерінің Әскери институты болып аталды, оның негізгі міндеті – құрлық әскерлерінің жоғары білікті офицерлерін даярлау.
2005 жылы ҚР Үкіметінің жанынан Ғарыш кеңесі құрылды. Бұл ҚР ұлттық және ақпараттық қауіпсіздігін, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуын нығайту үшін үлкен стратегиялық маңызы бар ірі ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға бағытталған ұсыныстарды әзірлеуге жауапты консультативтік-кеңесші орган.
2011 жылы қазақ әдебиетінің белгілі классигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази, дарынды жас жазушы Асқар Алтай, драматург, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова әлем әдебиетіне қосқан елеулі үлесі үшін Франц Кафка атындағы медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталды.
2015 жылы Миланда өткен «EXPO-2015» көрмесінің арнайы қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы бойынша ҚР ұлттық павильоны үздік «үштікке» енді. Отандық павильон «Тақырып пен мазмұнның ең жақсы көрсетілімі» номинациясы бойынша марапатталды. Жалпы ауданы 3 мың шаршы метрден асатын екі қабатты ғимаратта орналасқан Қазақстан павильонының тақырыбы – «Қазақстан – мүмкіндіктер елі».
2018 жылы Павлодарда ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Туған еліме» шығармалар жинағы зағип және нашар көретін жандарға арналған рельефті-нүкте форматында жарық көрді. 20 дана ғана таралыммен шығарылған кітап Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға, нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханаға және Павлодар облысының 13 аудандық кітапханасына жіберілді.
2018 жылы Бакуде 40 елдің үздік спортшылары бақ сынаған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы отандық грэпплинг тарихындағы ең үздік нәтиже көрсетті. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің джиу-джитсу секциясы атынан қатысқан спортшы Дина Кәкенова 16-17 жас аралығындағы грэпплингтен 49 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды және әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
2019 жылы Қазақстан алғаш рет Женевада Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары бойынша үкіметаралық топтың (ISAR) төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Женевада (Швейцария) өткен ISAR-ның 36-шы сессиясында белгілі болды.
2020 жылы Елордада ÁMEN Animation film festival Халықаралық анимациялық фильмдер фестивалінің ашылу салтанаты өтті, оның мақсаты – қазақ анимациясының дамуына серпін беру және жас таланттарды қолдау.
Биылғы байқаудың ерекшелігі – фестивальға түркі елдері, атап айтқанда Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Ресей Федерациясының Башқұртстан өкілдерінің қатысуымен өтіп, халықаралық деңгейге көтерілді.
2020 жылы Алматыда күміс еріктілердің бірінші республикалық форумы өтті. Оған 50 жастан асқан еріктілер, еріктілер қозғалыстарының жетекшілері мен өкілдері, «күміс» волонтерлікті дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыратын волонтерлік бірлестіктер қатысты.
2021 жылы жүзуші Әділбек Мусин Қазанда (Татарстан) өткен Әлем чемпионатында Қазақстан рекордтарын жаңартты – ол баттерфляй әдісімен 200 метр жүзуде екі рет және 50 метр қашықтықта бір рет жүзіп өтіп, рекорд орнатты.
2022 жылы режиссер Болат Қалымбетов түсірген қазақстандық «Мұқағали» көркем фильмі Дубайда өткен META Film Fest кинофестивалінде бас жүлде алды. Қазақтың белгілі ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған картина өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.
2023 жылы Сеулде (Корея Республикасы) өткен X Дүниежүзілік конгресінде ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясының президенті Болат Ақшолақов ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының Дүниежүзілік федерациясының президенті болып сайланды. Бұл – Қазақстан үшін де, ЮНЕСКО-ның жаһандық клубтық қозғалысы үшін де маңызды тарихи сәт.
Қазақстанды сайлау туралы шешімді конгреске қатысушы елдердің көпшілігінің өкілдері қолдап, халықаралық аренада республикаға деген сенімнің жоғары екенін растады.
Клуб қозғалысы 1947 жылы Жапонияда ЮНЕСКО-ның негізгі басымдықтары мен құндылықтарын азаматтық қоғам арасында кеңінен насихаттау мақсатында басталды. Бүгінгі таңда қозғалыс 90 елде ұсынылған және 5 мыңға жуық ұйымы бар.
2023 жылы елордада Есіл өзеніне тұқы тұқымдас 100 мың бас ақ амур балығы жіберілді. Бұл балықтар су қоймасының санитарлары болып саналады. Артық өсімдіктерді жеу арқылы олар тоғанды көп мөлшердегі балдырлардан тазартады. Ақ амур 30 кг-ға дейін салмақ қосып, табиғи ортада тез өседі. Сандық тұрғыдан алғанда балық жіберу процесі балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ұсыныстарына негізделген.