31 мамыр – Дүниежүзілік темекісіз күн
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл сайын 31 мамырда әлем бойынша Дүниежүзілік темекісіз күн аталып өтеді. Бұл күн 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) 42-сессиясында бекітілген.

Мақсаты – темекі өнімдерінің зияны туралы ақпарат тарату және адамдарды зиянды әдеттен арылуға ынталандыру.
ДДҰ 2023 жылғы деректеріне сәйкес, жыл сайын әлемде 8 миллионнан астам адам темекінің салдарынан көз жұмады. Оның ішінде 1,2 миллионнан астамы – шылым шекпейтін, бірақ пассивті шылым шегуге ұшыраған адамдар. Ал қалған 7 миллионы – темекі тұтынушылар мен бұрын темекі шеккен адамдар.
2024 жылдың шілде айында ДДСҰ мәліметтері негізінде Ұлттық статистика бюросы ересектер арасында темекі тұтыну деңгейін зерттеді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, халықтың жалпы санының 20,7%-ы (2023 жылы – 20,4%) темекі шегеді. Оның ішінде ерлер – 39,8%, әйелдер – 7,6%. Ауылдық елді мекендерде темекі шегетіндердің үлесі 22,3% болса, қалалық жерлерде – 20%.
Қазақстан Үкіметі темекіге қарсы күрес бағытында бірқатар заңнамалық және профилактикалық шара қабылдады. Қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған. Темекі өнімдерін жарнамалауға, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге сатуға заңмен шектеу қойылған. Сонымен қатар, электронды темекі мен вейп өнімдерін тұтыну да бақылауға алынған.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары жастар арасында дәстүрлі темекі өнімдерінен гөрі электронды темекі мен вейпке әуестік артқан. Бұл өнімдер де никотинге тәуелділік туғызады және ұзақ мерзімді зиян келтіретіні дәлелденген.
Медицина мамандары темекіден бас тарту жүрек-қан тамырлары аурулары, өкпе обыры мен тыныс алу жүйесі аурулары қаупін айтарлықтай төмендететінін айтады.
– Адам темекі шексе көптеген ауруға алып келеді. Соның ішінде ең жиі кездесетін аурудың бірі – ол созылмалы обструктивті өкпе ауруы. Адам күніне 1-2 қорап темекі тартатын болса, ол өкпе обырына, мұрын-жұтқыншақ обыры, жүрек аурулары: инфаркт миокарда, жүрек жетіспеушілігіне алып келеді. Адам темекі тартпаса, адамда осы аурудың болу қаупі азаяды. Ұзақ жыл өмір сүруге мүмкіндігі бар, - деді жалпы тәжірибелі маман дәрігері Қайролла Нұрайым.
Бұл күні мемлекеттер, ұйымдар мен қоғам өкілдері темекінің адам денсаулығына, экономикаға және қоршаған ортаға келтіретін залалына назар аударып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Ақерке Қабдұлкәкім