3,1 млн оқушы жазда сауықтыру, демалыс бағдарламаларымен қамтылады

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы жылдың жаз мезгілінде еліміз бойынша 3,1 миллионнан астам бала сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалармен қамтылатын болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

3,1 млн оқушы биылғы жазда сауықтыру, демалыс  бағдарламаларымен қамтылады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

 Оның ішінде 500 мыңнан астам бала әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тағы да 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады.

Жазғы демалыс бағдарламасы әртүрлі бағыттарды қамтиды: еңбек және шығармашылық белсенділік, туристік және танымдық маршруттар, зияткерлік әрі білім беру іс-шаралары, сондай-ақ халықаралық жобалар мен форумдарға қатысу.

Барлық ұйымдастыру шарасы 9 мемлекеттік органның қатысуымен әзірленген бірыңғай жоспар аясында іске асырылады. Осы мақсатта республикалық және өңірлік деңгейде штабтар құрылып, биылғы жылы жұмыс жасайтын демалыс орталықтарының тізімі жасақталды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Санитарлық талаптардың сақталуы, тағам қауіпсіздігі, сондай-ақ су айдындарында, ормандар мен спорт нысандарында сақтық шаралары қатаң бақылауда болады.

— Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жадынамалар, нұсқаулықтар мен гайдбуктар әзірленіп, балалар мен ата-аналарға таратылатын болады. Өңірлерде «Киелі шығыс», «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Қонақжай отбасы» сынды бірегей жобалар іске асырылады, — делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.

Биыл жыл бойы жұмыс істейтін 16 лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, оның ішінде бірқатарында тамақтандыру қарастырылған, сондай-ақ 512 шатырлы және киіз үй лагерлері кезең-кезеңімен ашылады деп жоспарланып отыр. 

Айта кетелік елімізде 10 мыңнан астам лагерь мен 512 шатырлы кемпинг ашылады

Соңғы жаңалықтар