31 млн теңге жымқырған күдікті Ресейден экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокуратура сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін күдіктіні Ресей Федерациясынан экстрадициялады.

— Тергеу нұсқасы бойынша ол 2015-2017 жылдар аралығында Астана қаласы банктерінің бірінің филиалының жетекші менеджері бола отырып, сомасы 31 миллион теңгеден астам ақша қаражатын иемденіп, талан-таражға салған, — делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеу жарияланды.
Өткен жылдың маусым айында іздеуде жүрген адам Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында ұсталды және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетелік жалған ақша жасағаны үшін Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланған еді.