31 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 31 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

16 маусым. Жылнама
Коллаж: Kazinform

58 жыл бұрын (1967) ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, «TРК «Тандем» ЖШС бас директоры Тәттігүл Жақсыбайқызы ТАЛАЕВА дүниеге келді.

Тәттігүл Жақсыбайқызы ТАЛАЕВА
Фото: aktobetimes.kz

Алматы халық шаруашылығы институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: Шевченко қаласының салық басқармасында жұмыс істеген; 1993-1996 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс атқарды, 1996 жылы Ақтауда, 2001 жылы Ақтөбеде, 2004 жылы Атырауда алғашқы жеке радиостанцияның негізін қалаушы болды. 2004 жылы «Тандем» ТРК ЖШС бас директоры қызметін атқарған. ҚР Президентінің жанындағы БАҚ істері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығының президенті, Ақтөбе облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Құрылтайдың депутаты болды.

Мерейтойлық медальдармен марапатталған.

54 жыл бұрын (1971) «Проблемалық несие қоры» АҚ Басқарма төрағасы Қалилла Насыроллаұлы АБДУЛЛАЕВ дүниеге келді.

Қалилла Насыроллаұлы АБДУЛЛАЕВ
Фото: Gov.kz

Жамбыл облысының тумасы. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын (инженер-экономист) және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін (заңгер) бітірген.

1994-2002 жылдары Жамбыл облысында қаржы жүйесі мекемелерінде әр түрлі басшылық қызмет атқарды. 2002-2004 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті салықтық әкімшілендіру басқармасының бастығы, 2004-2005 жылдары Астана қаласы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, 2005-2008 жылдары Қостанай облысы бойынша салық комитетінің төрағасы, 2008-2012 жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстары бойынша салық департаментінің бастығы, 2012-2013 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды. 2014-2017 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алулар комитеті төрағасы, 2018 жылы ҚР Презмдент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2021-2024 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – қаржы қызметі жөніндегі проректоры лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың шілдесінен бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен марапатталған (2015).

112 жыл бұрын (1913-1975) әдебиетші-ғалым Әбусағит (Әбіш) Мұсылманқұлұлы ЖИРЕНШИН дүниеге келген.

Әбусағит (Әбіш) Мұсылманқұлұлы ЖИРЕНШИН
Фото: novoetv.kz

Семей облысында (қазіргі Абай облысы Абай ауданында) туған. Ташкенттегі Орталық Азия институтын, Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген.

Аталары қолына билік ұстаған, мықты әулеттен болды. Атасы Абайдың көмекшісі, ниеттесі еді. Өзі бала күнінде молдадан сауат ашып, 11 жасында орыс мектебінен білім алған. 1928 жылы Семейдегі ауыл шаруашылығы техникумында оқыды.

Қазақ халқының басына түскен зобалаң жылдары, ашаршылық пен қуғын-сүргіннің салдарынан Жиреншиндер отбасы 1930-жылдары Термезге кетіп, 1933 жылы Ташкентке барған. Ол жақтан Қазақстанға 1930 жылдардың аяғында оралған.

Ол Қазақстан ғылыми-зерттеу қоғамының төрағасы, Қазақ КСР Орталық мұражайының директоры, Қазақстан Мемлекеттік кітапханасының директоры болып, республикалық кітап сауда бірлестігін басқарған. Абай мұрасын алғаш зерттеушілердің бірі. «Абай – қазақ халқының ойшылы», «Абай және орыстың ұлы демократтары», «Қазақ кітаптарының тарихынан» атты монографиялық еңбектері жарық көрген.

111 жыл бұрын (1914-1974) жазушы, аудармашы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әбен САТЫБАЛДИЕВ дүниеге келді.

Әбен САТЫБАЛДИЕВ
Фото: adebiportal.kz

Тараз қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1939-1962 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, «Ара» - «Шмель» журналының жауапты хатшысы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды.

1968-1974 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақ Кеңес энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары қызметінде болды.

«Рухани қазына» ғылыми еңбектер жинағының, «Ақмарал» әңгіме, очерктер жинағының авторы. И. Гончаровтың «Жар» романын, Б. Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз», Ф. Гладковтың «Балалық шақ» повестерін, А. Қаһардың «Қыштақ», Ш. Рашидовтың «Дауылдан да күшті» романдарын қазақ тіліне аударған.

Соңғы жаңалықтар