31 желтоқсан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 31 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1943 жылы Павлодарда Құрманғазы атындағы музыкалық мектеп ашылды. Мұнда соғыс жылдары фашистер басып алған қалалардан көшірілген адамдар сабақ берді. Сол кезде жеңіске жетуге әлі бір жарым жыл уақыт бар еді, қаланы аштық пен суық жалмады, алайда тұрғындар жеңістен үміт үзбей, өз балаларын музыка оқуына берді.
1994 жылы академик Зейнолла Қабдоловқа «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді.
1994 жылы әнші Мақпал Жүнісоваға «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілді.
1996 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Шет елдерде тұрып жатқан отандастарымызды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» бекітілді.
2004 жылы Алматыда Қазақстанның тарихы, мәдениеті және өнері туралы «World Discovery Kazakhstan» журналының бірінші саны жарық көрді. Жаңа журналда тарих, мәдениет, қазіргі Қазақстан қоғамы туралы түрлі тақырыптар қозғалды.
2013 жылы Еуропалық бизнес ассамблеясы мен әлемнің 54 елінің ғалымдары кіретін Еуропа ректорларының клубы «Ғылымдағы есім» құрметті атағын алған «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің міндетін атқарушы, техникалық ғылымдар докторы Марат Нұрғожинді «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі» үшін орденімен марапаттады. Қазақстандық ғалымның есімі XXI ғасырдың көрнекті ғалымдарының халықаралық тізіміне жазылды.
2014 жылы қоғамның түрлі әлеуметтік маңызды салаларын ақпараттық насихаттауға үлес қосқаны үшін журналист, «ҚазАқпарат» ХАА Алматы тілшілер бюросының басшысы Сара Мұстафинаға «Бес қару» заңды тұлғалар бірлестігі алтын медаль табыстады.
2021 жылы Анкарада қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған еркін күрестен халықаралық ашық турнир өтті. Қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуанына арналған халықаралық жарыс Анадолы жерінде алғаш рет ұйымдастырылды. 13-17 жас аралығындағы кіл мықтылар жиналған спорт додасында 100-ден астам саңлақ күш сынасты. Олардың арасында Қазақстан мен Түркиядан басқа, Германия мен Болгарияның ұлттық құрама спортшылары болды. Балуандар боз кілемде 10 салмақ категориясы бойынша белдесті.
2023 жылы Қазақстан құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий беделді Transfermarkt порталының нұсқасы бойынша Орталық Азиядағы ең қымбат қақпашылар тізіміне енді. ТізімдеТәжікстан құрамасының және «Истиклол» қақпашысы Рустам Ятимов көш бастады, ол 900 мың еуроға бағаланды.
Қазақстан ұлттық құрамасы мен Қарағандының «Шахтер» клубының қақпашысы Игорь Шацкий нарықтық құны 600 мың еуромен 4-ші орында болды. Өткен маусымда Игорь «кеншілер» сапында 26 матч өткізді, сонымен қатар Қазақстан құрамасының ЕУРО-2024 іріктеу кезеңіндегі барлық ойындарында 90 минут ойнады.