«315 мың қазақ санаққа ілікпепті!» - республикалық басылымдарға шолу
«Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, өңір жұртылығының өкілдерімен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға сапармен келген Түркия Президенті Абдулла Гүлмен бірге Түркістан қаласында бірқатар шараларға қатысты. Кеше кешкісін екі елдің басшылары Астанаға келді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген мақала «Түбі бір туысқан Түркістан төрінде» деген тақырыппен берілген.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың бастамасымен Приднестровьедегі жағдайды реттеу жөніндегі «5+2» пішінде (тараптар - Молдова, Приднестровье, араағайындық танытушылар - ЕҚЫҰ, Ресей, Украина, байқаушылар - Еуропалық одақ, АҚШ) кездесу өткен. Кездесудің барысы жайында басылымның сейсенбілік нөмірінде жарық көрген «Бейресми кездесулерден - ресми көліссөздерге» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысып, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтің қабылдауында болған. «Басқосуда Ауғанстандағы ахуал күн тәртібіне қойылып, Қырғызстандағы қырғи қабақтың қыртысын жазу жолдары қарастырылды. Ұйымға мүше-мемлекеттер «ауған проблемасы» әскери жолмен шешілмейтінін меңзеп, Ауғанстанның бейбіт және тұрақты мемлекет болып қайта қалыптасуына БҰҰ-ның жетекшілігімен халықаралық қоғамдастықтың күш-жігері жұмсалуы қажет екенін атап көрсетті», деп жазады басылым. Мақала газеттің бүгінгі нөмірінде «ЕҚЫҰ мен ШЫҰ төрағалығын қатар атқарамыз» деген тақырыппен басылды.
«315 мың қазақ санаққа ілікпепті!». «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген мақалаға 2009 жылғы жалпыұлттық санаққа енді Қазақстанға тұрғылықты орнықты деуге болатын 315 мыңға тарта оралман қазақтың енбей қалуы арқау болған. «Бір ғажабы, оралмандардың өздерін тура кінәламағанымен, статистикашылар мұның бар айыбы соларда дегенді меңзегісі келгендей», деп жазады басылым.
Осы басылымның дәстүрге айналған «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - биология ғылымдарының докторы, ҚР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Иса Байтулин. «Ботаникалық баққа 1983 жылдан бері бірде-бір ағаш отырғызылған жоқ» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіменің егжей-тегжейін білгіңіз келсе, басылымның сейсенбілік нөміріне назар аударыңыз.
***
«Бүгін Астана мектептерінде соңғы қоңырау соғылады. Тағы бір оқу жылын артқа тастаған бұл күні қала мектептерінен 3460 түлек түлеп ұшқалы отыр. Мектеп бітірушілердің арасында 132 түлек - «Алтын белгіден», 98-і - үздік атестаттан үміткер. Осы оқу эылының жалпы қорытындысын сараласақ, елордалық білім саласының қоржыны жағымды жаңалықтарға толы болды», деп жазады «Астана ақшамы» газеті бүгінгі нөмірінде.
Елордамыз Астанада таэквондодан ХІХ Азия чемпионаты аяқталды. Біріншілік басында Қазақстанды «жалпыкомандалық есепте топ жарады» деушілер көп болған еді. Өйткені жерлестеріміз чемпионатқа өте тыңғылықты дайындалды. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері Қайрат Қырғызбаев ақпан айынан бастап таэквондошыларды Алматы облысының Талғар ауданында шыңдап, баптаған. Оның үстіне, «тұңғыш рет өз жерімізде өткен дүбірлі додада Мұстафа Өзтүріктің ізбасарлары намысты қолдан бермес. Кем дегенде екі-үш алтын иемденерміз» , - деп желпінген. Алайда, бар болғаны 1 алтын, 1 күміс, 3 қоламен шектелдік. Чемпионаттың жай-жапсары туралы жан-жақты мәліметті «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Жалқы алтынға жабырқап қалдық» деген мақаласынан оқи аласыздар.
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, Деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде». Осы сөзімді Қанышқа, Мұхтарға арнап жазып едім. Інім едің - сенімен қоштасып, басыңа қойып тұрмын. Жатқан жерің торқа болсын. Әрқашан да есімдесің, бауырым. Жылаушы Б.Момышұлы». Бұл қайырласуды Баукең 1966 жылы ауыр науқастан қайтыс болған «қазақ тарихының Геродоты» Ермұхан Бекмахановқа арнаған екен. Содан бері 44 жыл айналып үлгеріпті, бүгінде тіпті осы сөздің авторы Баукең де өмірде жоқ. Алайда Ермұхан Бекмахановтың ерен еңбегі мен маңдай тері сіңген, тауқыметке толы тағдырының ізі сайрап жатқан Қазақ тарихы бар», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақалаға жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде жылдағы үрдіс бойынша өткен «Қазіргі тарих ғылымының мәселелері: жаңа бағыттар мен қадамдар» тақырыбындағы «Бекмаханов оқулары» халықаралық конференциясы арқау болған. Басылымда «Бекмахановтың бағасы» деген тақырыппен берілген материалда құнды ой-пікірлер топтасқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Қазақстанда темекі өнімдеріне салынатын акциздік салықты көтеру қажет» деп есептейді. Олардың айтуынша, біздегі айналымдағы баға саясаты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясының талаптарына сай келмейді екен. Дегенмен халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, акциз көрсеткішін көтеру контрабандалық тауарларға жол ашады. Сондықтан кейбір ел мұндай шараны қабылдауда сақтық танытады. Ал біз бұл ретте қандай шешім шығаруымыз керек? Жалпы, темекіге салынатын акциздік салықты көтеру қажет пе? «Ой-көкпар» айдары бойынша сөз алған мәжіліс депутаты Гүлнәр СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА мен «JTI Галлахер Қазақстан» компаниясының коммуникация жөніндегі менеджері Олжас БИБАНОВ осы сауал төңірегіндегі өз ойларын ортаға салған.
Газетте сондай-ақ «Батыс аймақтағы киіктердің жаппай қырылуы себебін неден іздейміз?» деген сауал төңірегінде де мамандар пікірі берілген.