33 жекеменшік мектеп 2,5 мың оқушыны қағаз жүзінде оқытқан
«Мемлекеттік білім беру тапсырысын жеке мектептерде орналастыру 2020 жылдан белсенді түрде басталды. Мұндай мектептердің саны 2022 жылға қарай екі есеге жуық артты. Бұл қосымша 120 мың оқушыны оқытумен қамтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар аудит қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі проблемалар мен кемшіліктер анықталды. Білім беру процесінде бизнестің пайда табуға бағытталуы сапаға зиян келтіреді. 2020-2022 жылдары Оқу-ағарту министрлігі жеке ұйымдарға 294 лицензия берді. Бұл ретте 107 ұйым талап етілетін біліктілік талаптарына толық көлемде сәйкес келмеді», - делінген палатаның мәліметінде.
Аудит қорытындысы кейбір жеке мектептер материалдық-техникалық талаптарға сай емес екенін анықтаған.
«Жекеменшік мектептер педагог кадрларға қойылатын біліктілік талаптарын сақтамайды. Материалдық-техникалық базасы да белгіленген талаптарға сай келмейді. Кітапхана қоры (28%), спорт залдары (17%), медициналық кабинеттер (14%) жоқ. Мектептердің едәуір бөлігі азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесімен (29%) және дабыл түймелерімен (23%) жабдықталмаған. Заңды тұлғалардың үштен бірі (350-ден) ескі ғимараттарда (50 жылдан асқан - 40 мектеп, 30 жылдан асқан - 70 мектеп), 44% – бейімделген үй-жайларда (бұрынғы сауда үйлері, мейрамханалар, дүкендер және тіпті моншалар) оқытуды жүзеге асырып отыр. Кейбір жағдайларда қосымша пайда алу үшін жекеменшік мектептердің иелері білім алушылар контингентін тіркеп қана қойған. Мұндай фактілер 33 жекеменшік мектепте 2 543 нақты оқымайтын оқушы бойынша анықталды. Олар үшін мемлекет 135,6 млн теңге төлеген», –делінген аудит қорытындысында.