350-ден астам жануарға зерттелді: Қазақстандық «QazVac» вакцинасы қалай әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылдың наурыз айында елімізде коронавирус індетіне байланысты қатаң карантиндік шаралар қабылданған болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары алдына вирусқа қарсы вакцинаны шұғыл әзірлеу тапсырмасын жүктегені де есте. Ал бүгінде ғалымдарымыз қысқа ғана уақыттың ішінде әзірлеген отандық «QazVac» вакцинасы адамдарға егіліп жатқаны белгілі. Бүгін осыған орай аталған институттың бас директоры Күнсұлу Закария вакцина жасау жұмыстары қалай жүргізілгендігін тарқата айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 23 наурызында Алматы қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирустан ем алып жатқан Қазақстан азаматтарынан патологиялық материал алынып, институтымызға жеткізілді. Сол патологиялық материалдан 7 күннің ішінде қауырт жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өте қауіпті SARS-CoV-2 штамын бөліп алдық. Аталған штамның нәтижесінде инактивтелген, өлтірілген вакцинаны жасап шығардық», - деді институт басшысы.

Оның атап өтуінше, вакцинаны әзірлеу барысында институт қабырғасында 350-ден астам жануарға зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар ғалымдар алғаш рет макака маймылына вакцинаны сынады. Жалпы, вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің 1-2-інші сатысына дейін өте үлкен ауқымда жұмыс атқарылды.

«Клиникалық зерттеулердің 1-сатысына 44 ерікті қатысты. Осы ретте айта кетерлігі, клиникалық зерттеулер Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының базасында өткізілмейді. Яғни, тәуелсіз, клиникалық зерттеулерді өткізуге қабілетті Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында 1 және 2-саты өткізілді. Екінші сатыға 200-ден адам қатысып, вакцина оң баға алды және 2020 жылдың соңында уақытша мемлекеттік тіркеуден өтті», - деді ол.

Институт басшысы уақытша мемлекеттік тіркеу вакцина әзірлеуші ғылыми орталыққа қандай мүмкіндіктер беретіндігін де айтып өтті.

«Осы уақытша мемлекеттік тіркеудің нәтижесінде өндіріске шыға аламыз. Соған рұқсат беріледі және адамдарға медициналық қолданысқа беру үшін 3-ші сатының 50 пайызын өтуіміз керек болды. Сол межені сәуір айының соңына қарай өтіп, есебімізді Денсаулық сақтау министрлігіне жібердік. Оң баға алғаннан кейін 50 мың доза өндіріп, оны «СҚ-Фармация» қоймаларына жөнелттік», - деді Күнсұлу Закария.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта дүниежүзінде клиникалық сынақтың 1, 2 және 3-сатысынан өтіп жатқан вакциналарды «кандидаттық вакциналар» деп атайды. Олардың саны 200-ден асады.

«Соның ішінде біздің вакцинамыз 14-ші болып клиникалық зерттеуге шықты және әлемде 5-ші болып адамдарға егуге рұқсат алды. Вакцинамыз инактивтелген, яғни өлтірілген вирус технологиясы бойынша әзірленеді. Бұл технологияның қолданылғанына 60 жылдан астам уақыт өтті және ол – толық зерттелген. Оның ішіндегі құрам-бөлік заттар бұрыннан белгілі және оны бірнеше буын ұрпақ алған. Балаларға егілетін көптеген вакцина осы технология бойынша әзірленеді. Яғни, оның құрам-бөліктері үлкен қатер тудырмайды, зарарсыз. Ағзаға еш қатері жоқ. Бұл технологияға тек SARS-CoV-2 коронавирус ауруын қоздыртатын вирус қана қосылады», - деді Күнсұлу Закария.

Оның айтуынша, әлемде әзірленіп, пайдалануға берілген вакциналардың ешқайсысы клиникалық сынақтың 3-сатысынан өтпеген.

«Зерттеулер әлі жалғасып жатыр. Біреулері клиникалық сынақтың үшінші сатысына енді шығады. Мысалы, «Спутника V» осы жылдың мамыр айында клиникалық сынақтың үшінші сатысынан толық өтеді. Ал «QazVac» вакцинамызға осы жылдың шілде айында клиникалық сынақтың үшінші сатысы аяқталады. Сол уақытта өзіміздің зерттеулердің толық нәтижесін аламыз»,- деді ол.

QazVac вакцинасы - ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты әзірлеген COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған вакцина. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның тиімділігі 90 пайыздан жоғары.

2020 жылғы 31 желтоқсанда «Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысының негізінде вакцинаға 30.09.2021 жылға дейінгі мерзімге 31.12.2020 жылғы ҚР-БП-№1 уақытша тіркеу куәлігі берілді.

Вакцинация бұлшықет ішіне 2 кезеңде жүргізіледі. Бірінші және екінші дозаны енгізу арасындағы аралық – 21 күн. Вакцинация пунктінде алдымен тексеру жүргізіледі, сауалнама толтырылады және вакцинациялауға жазбаша ақпарат беріледі. Вакцинация 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады. 18 жасқа дейінгі балалар үшін тиімділік пен қауіпсіздік зерттелмеген.

Бір қорапта 10 дозаны құрайтын 10 құты бар. Яғни әр құтыда бір дозадан. Құтыға жарты миллилитр немесе 10 тамшы вакцина құйылған. Қолдану алдында құтыны жақсылап шайқау керек. Бұл құты 21 күннен кейін екінші компонентті салу үшін қолданылады. Вакцина 2-8 градус аралығындағы температурада, кәдімгі үйдегі тоңазытқышта сақталады. Оны мұздату қажет емес, бір жыл сақтауға болады.

26 сәуірде QazVac вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге таратылды: 6 мың дозадан Нұр-Сұлтан мен Алматы, 4 мың дозадан Шымкент, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары алса, қалған өңірлерге 2 мың дозадан берілді. Мамыр айында тағы 50 мың доза шығарылады деп күтілуде.

Болашақта препарат өндірісі кезең-кезеңімен айына 500 мың дозаға дейін артады. Ол үшін қазіргі уақытта Қазақстан Үкімет түрік кәсіпорындарымен отандық вакцинаны құтыға құю өндірісін жолға қою мәселесін пысықтау үстінде. Бұған қоса, Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Гвардейский ауылында Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының негізінде отандық иммундық препараттар шығаратын зауыт салынып жатыр. Жоба бойынша зауыт жылына әлемдік стандарттарға сәйкес иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус инфекциясына, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакцина шығаратын болады.


Соңғы жаңалықтар