360 метрлік алып: Германияда әлемдегі ең биік жел турбинасы салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Германиядағы шағын қалашықтардың бірінде әлемдегі ең биік жел турбинасы көкке бой көтеріп келеді. Биіктігі 360 метр болатын бұл нысан жаңа технологиялардың Еуропадағы жел энергетикасын қалай тиімді ете алатынын көрсетуге арналған. Бұл туралы Euronews жазды.

360 метрлік алып: Германияда әлемдегі ең биік жел турбинасы салынып жатыр
Фото: SPRIND GmbH/ Tillmann Franzen

Германияның Бранденбург жеріндегі шағын Schipkau қалашығында наурыз айында ерекше құрылыс алаңындағы жұмыстар қайта жанданды. Құрылыс жоспарға сай аяқталса, мұнда әлемдегі ең биік жел турбинасы салынады, деп хабарлайды GICON құрылыс компаниясы. Іргетас плитасынан бастап ротор ұшына дейінгі биіктігі шамамен 360 метр болады.

Бұл көрсеткіш турбинаны Германиядағы биіктігі 368 метрлік Berlin TV Tower нысанынан кейінгі екінші ең биік құрылысқа айналдырады. GICON компаниясының мәлімдеуінше, бұл биік жел турбинасы энергиямен қамту жүйесінің тәуелсіздігін арттыруға ықпал етеді.

Дрездендегі инженерлік қызмет көрсетуші GICON ұсынған көрсеткіштерге көз жүгіртсек: хаб биіктігі – 300 метр, жылдық болжамды электр энергиясын өндіру көлемі – 30–33 гигаватт-сағат, ал электр энергиясын өндіру құны – киловатт-сағатына 5 центтен төмен.

Компания дерегінше, бұл көлем төрт адамнан тұратын шамамен 7500 үй шаруашылығын электр қуатымен қамтамасыз етуге жетеді. 3 наурыздағы баспасөз хабарламасында GICON Schipkau Wind Farm жел паркінің маңындағы кәдімгі турбиналармен салыстырғанда электр өндіру көлемі 220 пайызға дейін артатынын мәлімдеді.

Мұның физикалық негізі түсінікті: жел турбинасы неғұрлым биік орнатылса, соғұрлым күштірек әрі тұрақты жел ағынын ұстайды.

2010 жылдан бері осы технологиямен айналысып келе жатқан GICON бұл болжамды ғылыми тұрғыда дәлелдеуді мақсат еткен. beventum GmbH компаниясының, яғни SPRIND агенттігінің еншілес кәсіпорнының тапсырысы бойынша компания көршілес Klettwitz елді мекенінде желді өлшейтін діңгек орнатқан.

Зерттеу нәтижесі 300 метр биіктікте желдің әдеттегі деңгейлерге қарағанда расында да тұрақты әрі күшті соғатынын көрсетті.

Мұндағы негізгі техникалық мәселе – турбинаны осындай биіктікке қалай көтеру болып отыр. Бұл жерде кәдімгі крандардың шамасы жетпейтіндіктен, компания патенттелген телескопиялық құрылғыны қолдануды жоспарлап отыр. Яғги жобалық құжаттарға сәйкес, турбина алдымен 150 метр биіктікте орнатылып, кейін 300 метрге дейін жоғары көтеріледі.

Ал рорлы діңгек жергілікті өндірістегі болаттан жасалған.

Еске сала кетейік, Француз компаниясы Жамбыл облысында алып жел электр станциясын салуды бастады.

Соңғы жаңалықтар