379 адам дәрігер көмегіне жүгінді: Түркістанда ит пен мысықтан зардап шеккендер көбейген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласында өткен жылы 374 адам ит, мысықтан жарақаттанса, биыл жыл басынан бері 379 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын орналасқан ірі саябақтардың бірі — «Тұңғыш Президент» саябағында қаңғыбас иттер көбейіп кеткен. Осы жағдайға байланысты Kazinform агенттігінің тілшісі жолдаған сауалға Түркістан облысының ветеринария басқармасы жауап берді.
— «Тұңғыш Президент» саябағы аумағынан «109» бірыңғай байланыс орталығына қазіргі таңға дейін 16 өтінім тіркеліп, 192 қаңғыбас ит, мысық ауланды. Ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен қала тұрғындарынан өтінімдердің көптеп тіркелуіне және қалаға келуші қонақтардың артуына (визит) байланысты, шаһарға жақын орналасқан аудан, қалалардан келген аңшы бригадалар 6 рет, Түркістан қалалық филиалының аулау қызметі тарапынан 16 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 744 бас қаңғыбас ит, мысық ауланды, — делінген облыстық ветеринария басқармасының бізге ұсынған жауабында.
Басқарма мәлім еткендей, қаңғыбас иттерді аулау қызметін жүргізуші мекеме — Түркістан облыстық ветеринария басқармасының «Ветеринариялық қызметі».
Жалпы биыл Түркістан қаласында 6 295 қаңғыбас ит, мысықты аулау жоспарланып, қазіргі таңда 7657-і ұсталынып, жойылған. Оның ішінде ауланған 539 үй жануарлары Сауран ауданындағы Шорнақ елдімекенінде орналасқан уақытша ұстау орнына жеткізілген.
— Қаңғыбас ит, мысықтарды аулау «102» және «109» бірыңғай байланыс орталығы арқылы жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері бойынша жүзеге асырылады. Түркістан қаласы бойынша құрамында 2 аңшы, 2 жүргізушісі бар 2 бригада қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауға шығады, — деп атап өтті басқармадан.
Бұдан бұрын Түркістан облысында жайылымдағы мал жыртқыштарға жем болып жатқанын жазған едік.