396 фашистің көзін жойған Төлеуғали Әбдібековке неліктен КСРО Батыры атағы берілмеген?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақта «Ердің ерлігі - еліне мұра» деген даналық сөзі бар. Ұлт батырларының ерлігі ұрпаққа өнеге, өскелеңнің отаншылдық рухын шыңдап, патриоттық мерейін асқақтату тұрғысынан да маңызды. Сондықтан да, батыр бабаларымыздың ерлік қасиеттерін қастерлеп, олардың әрбір ісін ұмытпай ұлықтау баршаның парызы. Алайда, қайсыбір заманның қасаң саясатының салдарынан қазақтың небір марқасқа жампоздары, батыр ұландарының қайталанбас ерен ерліктері еленбей қалғаны өкінішті. Әйтсе де, егемен ел ретінде кезіндегі солақай саясат ұмыттырған батырлар есімін жаңғыртуға ең алдымен бүгінгі ұрпақ, өзіміз ұмтылуымыз керек емес пе? Міне, осындай өрелі мәселені жақында Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл көтерді.
None
None

«Жау оғынан ықпай, қасқайып кеудесін тосқан батырларды пір тұту, көтеру көнеден келе жатқан дала дәстүрі. Халқымыз өзінің ержүрек ұлдарын - қайрат-рухымыздың қайнар көзі, ұлттық діліміздің діңгегі деп білген. Аты аңызға айналған Батырларымыз Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсеновтің ерен ерліктері, арман тілектері, елім деген перзенттік жүректері Жеңіс күніне алып келді. Бүгінгі таңда, тәуелсіздікпен бірге батырлар даңқын асқақтатып, «Мәңгілік Ел» болу үшін, елдік пен ерлікті біріктіріп, өр, өжет бабаларымыз бен әкелерімізді үлгі тұтар, тәуелсіз ұрпақ-батыр аталарын мақтан тұтып, еңсесін тік ұстап, көк туымызды төбеден төмен түсірмеуге тиісті. Рухани дүниеміз кедейленіп, рухымыз жалаңаштанып кетпеуі үшін, өз елімізде батыр тұлғалардың тарихын түгендеп, тарихи әділдікті қалпына келтіруге алдымен өзіміз мүдделік танытқанымыз абзал», - дейді Б. Смағұл.

Бұл ретте депутат Ұлы Отан соғысында елге танылған даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековтің есімі бүгінде елеусіз қалып бара жатқанына қынжылыс білдіреді. Шындығында, бүгінгі толқын Төлеуғали Әбдібековтей батырының есімін неге білмейді? Өйткені, батыр бабамыздың соғыс жылдарындағы көзсіз мергендігі Кеңес Одағын былай қойып, әлемді таңғалдыратындай екен. Бір ғана мысалмен келтірейік, кеңінен дәріптеліп жүрген Кеңес Одағының Батырлары, атақты снайперлер Ф.Смолячков - 125, В.Зайцев - 255 жаудың көзін жойған екен. Ал, қазақтан шыққан мерген Төлеуғали Әбдібеков - 396 фашисті, яғни бір батальонға жуық жаудың көзін құртқан. Бұл теңдессіз ерлік. Солай бола тұра Төлеуғали Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмаған, әлі де алмай келеді. Ал бабамыздың қайталанбас ерлігін архивтегі мұрағаттық-құжаттар да толықтай растайды.

«2007 жылы қазан айында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салынып, 2008 жылдың 18 наурызында одан жауап келді. Соған сәйкес, Подольск әскери мұрағаты екі архивтік анықтама сақталған. Ол бойынша гвардия аға сержанты, снайпер Т.Әбдібековтің соғыс деректерінде ерен ерліктері толық расталады», - дейді Бақытбек Смағұл.

Оның сөзіне қарағанда, хатта мұрағат деректері қолмен көшіріліп, наградалардың қандай ерлігі үшін берілгені тізіліпті. Атап айтқанда, архивтік құжаттар негізінде Төлеуғали Әбдібековтің «даңқты және теңдесі жоқ снайпер екендігі, 396 гитлершілді жойғандығы, сонымен қатар 32 мергенді тәрбиелеп шығарғандығы» тайға таңба басқандай анық жазылған. Бастысы құжаттардың барлығы заңды, оларға қол қойылған, мөр басылған, бәрі заңды түрде рәсімделген.

«Даңқты жерлесіміздің соғыстағы асқан ерлігін дәлелдейтін бұдан артық қандай құжат керек? Жауынгерлік ерліктері үшін ол Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерімен, Отан соғысының I-ші дәрежелі орденімен, Ленин орденімен марапатталған. Отан соғысында біздің қандасымыздан асқан, басқа бірде-бір мерген жайында дерек кездеспейді. Ал мерген бабамыз неліктен КСРО Батыры атағын алмады дегенге келсек, командование оны Совет Одағының Батыры атағына өмірбаяндық анкетада өзінің немере ағасы Кемелбай Насырхановтың репрессияланғанын жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған екен», - деп түйіндейді сөзін депутат Б. Смағұл. Сөйтіп, елін қорғаған бір батырдың ерлігі сол кездің өзінде-ақ ұмыт бола бастаған. Бәріне кінәлі сол тұстағы саясат. Ал қазір ше? Ол заман өтті емес пе? Артында іздеуші жұрты, қалың қазағы бар емес пе?

Соны алға тартқан мәжілісмен алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы еліміздің іздеуі жетпеген ер ұлының таудай атын жарыққа шығарып, мәртебемізді асқақтатады деген үкілі үмітті оята түсетінін айтады. «Елбасы, Президент Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында лайықты ұрпақ өсіру мәселесіне, патриоттық тәрбиеге баса мән берді. Осы орайда, Төлеуғали Әбдібековтей батыр тұлғаның өнеге ерлігі, талай жүректерді жаулап, түлектерді баулып қанаттандыра берері сөзсіз. Кезінде, Елбасының ерен еңбегінің арқасында Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев қас батыр Қасым Қайсенов сынды ұлы батырларымыздың жанқиярлық ерлігі кеш те болса еленіп, Тәуелсіздікпен бірге олардың атағы асқақтады», - дей келе, депутат ел Үкіметінің алдына бірқатар мәселені тартып отыр. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі мергендер даярлайтын құрылымдарының біріне Т.Әбдібековтің атын беруді, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековті «Халық қаһарманы» атағына ұсыну керектігін көтереді.

«2012 жылы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Батырларымыздың тарихын түгендеу, атын дәріптеу, ала алмаған лайықты бағаларын беру мәселесі ақпарат құралдарында кеңінен көтеріліп, игі іс басталды. Енді осы жұмысты лайықты қорытындысына дейін жеткізсек, Ел болашағы - жас ұрпақты, отансүйгіштік және қаһармандық өнегесімен тәрбиелесек, нұр үстіне нұр болар еді. Әрі бұл халықтар достығына ықпал етеді: ұлтымыздың ержүрек батыры, Ұлы Отан соғысы жылдарында отандық мергендер қозғалысының бастауында тұрған Төлеуғали Әбдібеков сол кездегі ортақ Отанымызды қорғады, сол үшін қайталанбас ерлік жасап, жанын қиды», - дейді Бақытбек Смағұл.

Үкімет басшысының атына жолданған депутаттық сауалға 16 халық қалаулысы қол қойған.

Соңғы жаңалықтар