4 адамды пышақтап өлтірген азамат жазасын ерекше тәртіптегі түзеу колониясында өтейтін болды

деп хабарлайды ҚазАқпарат Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, қанды оқиға өткен жылдың мамыр айының 30-ында Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы, Өндіріс ауылында орын алған. Онда спиртті ішімдіктерді үш күн қатарынан пайдаланып жүрген Р. атты азамат кезекті отырыстардың бірінің ұзаққа созылуын талап етіп, әйелімен ұрсысып қалған. Ұрыс-керістің соңы қайғылы жағдайға ұласып, ішімдікке сылқия тойған Р. әйелінің кеуде тұсына бірнеше рет пышақ ұрады. Бұдан соң оны үйде отырған өзге туыстары сабырға шақыра бастайды. Сол мезетте Р. тағы 3 адамға пышақ ұрады. Әбден көзі қарауытқан маскүнем осы әрекеттерінен соң көрші бөлмеге барып, тағы екі азамат пен оның артынан кіріп келген көршісіне де пышақ салады. Қанішердің қолындағы қаруын соңында әйелінің ағасы тартып алған.
Өкінішке қарай, алғаш пышақталған төрт азамат оқиға болған жерде жантәсілім еткен. Ал қалған 4 зәбірленуші құқық қорғау органы қызметкерлеріне болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін баяндап берді. Бір қызығы, жантүршігерлік қылмысқа барған кісі не бұрын қылмыс жасап сотталып көрмеген, не жүйке жүйесінде ауытқушылығы жоқ қатардағы азамат болып шықты. Сот өкілдері жәбірленушілердің қылмыскерді ең ауыр жазаға тарту қажет деген ұсыныстары мен оның қоғамға қауіптілігін ескере отырып, қылмыскер жазасын ерекше тәртіптегі колонияда өтеуі қажет деп шешті.