4 бейінді пәнді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдердің жалақысына 35 мың теңге үстеме ақы қосылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары сынып оқушыларына 4 бейінді пәнді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдердің жалақысына 35 мың теңге үстеме ақы қосылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жоғары сыныптарда 4 бейінді пәнді ағылшын тілінде беретін мұғалімдердің жалақысы базалық жалақысы 200 пайызға ұлғаяды. Базалық жалақы бүгінгі күні 17 697 теңгені құрайды. Ол жалақы төлеу жүйесінде және барлық үстеме мен қосымша ақыларға қолданылады», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері базалық жалақысына байланысты айлықтарына қосымша үстеме ақы алады.
«Яғни, базалық жалақыға 200 пайыз үстеме ақы 35 мың теңгені құрайтын болады. Бүгінгі күні 25 жылдық жұмыс өтілі бар жоғары санатты мұғалімнің жалақысы 92 мың теңгені құрайтын болса, онда оған 35 мың теңге үстемақы жоғарыда атап өткен пәндерді ағылшын тілінде беретін болса ғана қосылады», - деді Б.Асылова.