4 энергоблок пен 23 қазандықта жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 9 өңірінде жылыту маусымы басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. 

қазандық
Фото: Созақ ауданы әкімдігі

«Жылыту маусымы Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында басталды. Ауа райы жағдайына байланысты батыс және оңтүстік өңірлерде жылыту маусымының басталуы қазан айының ортасынан жоспарланып отыр. Электр стансаларындағы жөндеу кестесіне сәйкес 5 энергоблокта, 32 қазандықта, 28 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергоблокта, 23 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізілуде», - деді министр.

Оның атап өтуінше, электр желілерінде 19,9 мың шақырым электр желілері, 376 қосалқы станция және 4 046 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделді. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Жылыту кезеңіне дайындықты күшейту және алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін министрлік тарапынан электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді; электр қуаты нарығындағы шекті тариф және қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті ұлғайтылды. 2024 жылы қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды өткен жылдың деңгейінен 44 пайызға - 327 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді», - деді Алмасадам Сәтқалиев.