4 қаңтар. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 4 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

72 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасының танымал мемлекет қайраткері, «Bank RBK» АҚ тәуелсіз директоры Мұсабек Тұрғынбекұлы ӘЛІМБЕКОВ дүниеге келді.

Мұсабек Тұрғынбекұлы ӘЛІМБЕКОВ
Фото: dknews.kz

Жамбыл облысында туған. 1981 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.

1981-1982 жылдары Жамбыл облыстық сотының стажері болды. 1982-1987 жылдары Жамбыл қаласы Орталық аудандық халық сотының судьясы, 1987-1992 жылдары Жамбыл облыстық сотының мүшесі, төрағаның орынбасары, 1992-1996 жылдары Жамбыл облысы Әділет басқармасының бастығы, 1996-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, 1999-2001 жылдары Жамбыл облыстық сотының төрағасы, 2001-2006 жылдары Алматы қалалық сотының төрағасы қызметін атқарған. 2006-2009 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы, 2009-2011 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы. Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы сотының судьясы. 2014 жылдан Қарағанды облыстық сотының төрағасы. 2016-2020 жылдары – ҚР Судьялар одағының төрағасы қызметінде.

«Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiгiне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ҚР соттар одағының «Үш би» құрмет белгісімен, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

49 жыл бұрын (1977) Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы ҚҰРМАНҒАЛИ дүниеге келген.

Берік Уәлиұлы ҚҰРМАНҒАЛИ
Фото: Ақорда

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ойшілік ауылында туған. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1997 жылы «Таң» телекомпаниясының «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының тілшісі, 2000-2007 жылдары «НТК» телеарнасында «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының редакторы, «31-ші арнада» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының жауапты редакторы, бас редакторы, жүргізушісі, 2009-2012 жылдары «Нұр Медиа» сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталығының басшысы, 2012-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің басшысы, 2015-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып қызмет атқарған. 2016-2018 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2018-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы, 2019-2022 жылдары ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, 2022-2023 жылдары «Хабар агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы, 2023-2025 жылдары Президент Кеңесшісі – ҚР Президентінің баспасөз хатшысы лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың ақпан айынан бастап атқарып келеді.

«Еркін сөз» бағдарламасының авторы, «Дода» қоғамдық-саяси ток-шоуының, «Хабар» арнасындағы «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, «Аманат» зияткерлік клубының жетекшісі, «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталығының басшысы болды. «Ұлттық арнадағы» «Бірінші студия» бағдарламасының жүргізушісі.

48 жыл бұрын (1978) Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бауыржан Жалелұлы ҚАБДОЛ дүниеге келді.

Бауыржан Жалелұлы ҚАБДОЛ
Фото: Gov.kz

Атырау облысында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің көлік колледжін, Орталық Азия университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет Академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы бастаған. Әр жылдары мемлекеттік және коммерциялық секторларда жұмыс істеді. 2021-2022 жылдары Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2022-2023 жылдары ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

Қазіргі лауазымын 2023 жылдың желтоқсан айынан бері атқарып келеді.

Соңғы жаңалықтар