4 қаңтар. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 4 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

тұлғалар
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, «RBK Bank» АҚ тәуелсіз директоры Мұсабек Тұрғынбекұлы ӘЛІМБЕКОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. 1981 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1981-1982 жылдары Жамбыл облыстық сотының стажері, 1982-1987 жылдары Жамбыл қаласы Орталық аудандық халық сотының судьясы, 1987-1992 жылдары Жамбыл облыстық сотының мүшесі, төрағаның орынбасары болды. 1992-1996 жылдары Жамбыл облысы Әділет басқармасының бастығы, 1996-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, 1999-2001 жылдары Жамбыл облыстық сотының төрағасы, 2001-2006 жылдары Алматы қалалық сотының төрағасы, 2006-2009 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы, 2009-2011 жылдары ҚР Жоғарғы сотының төрағасы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы сотының судьясы, Қарағанды облыстық сотының төрағасы. 2016-2020 жылдары ҚР Судьялар одағының төрағасы.

«Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiгiне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ҚР соттар одағының «Үш би» құрмет белгісімен, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

60 жыл бұрын (1964) «Торайғыров университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы – ректоры Еркін Тоқмұхамедұлы САДЫҚОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолы: 1986-1994 жылдары ҚазМУ оқытушы, аға оқытушы, декан орынбасары, 1994-1995 жылдары ҚР Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Индустрия және сауда министрлігі департамент директорының орынбасары, Бас басқармасы бастығының орынбасары, 1995-1997 жылдары Люксембургтегі Қазақ сауда үйінің бас директоры, 1997-2004 жылдары Алматы қаласы Сыртқы экономикалық және мәдени байланыстар комитетінің төрағасы, 2004-2006 жылдары «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, 2006-2007 жылдары «Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының кеңесшісі, 2007-2009 жылдары «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2009-2011 жылдары «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2011-2012 жылдары Тұран университетінің әлемдік және ұлттық экономика кафедрасының профессоры, 2012-2016 жылдары «ҚазЭкспортГарант» сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы, 2017-2020 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры қызметін атқарды.

47 жыл бұрын (1977) ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәлиұлы Құрманғали дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ойшілік ауылында туған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін; Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1997 жылдан «Таң» телекомпаниясының «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының тілшісі, 2000-2007 жылдары «НТК» телеарнасында «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының редакторы, «31-ші арнада» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының жауапты редакторы, бас редакторы, жүргізушісі, 2009-2012 жылдары «Нұр Медиа» сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталығының басшысы, 2012-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің басшысы, 2015-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі, 2016-2018 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2018-2019 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы. 2019-2022 жылдары ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2023 жылдың қыркүйек айынан бастап қайтадан ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы болып тағайындалды.

«Еркін сөз» бағдарламасының авторы, «Дода» қоғамдық-саяси ток-шоуының, «Хабар» арнасындағы «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, «Аманат» зияткерлік клубының жетекшісі, «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталығының басшысы болды. «Ұлттық арнадағы» «Бірінші студия» бағдарламасының жүргізушісі.

40 жыл бұрын (1984) Ш.Есенов атындағы «Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Порт Құрық» ЖШС бас директоры Серік Жетпісбайұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін, «Алматы менеджмент университеті» ұлттық білім беру мекемесінің магистратурасын бітірген.

Еңбек жолы: 2007-2009 жылдары «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ бизнес-жоспарлау және экономикалық талдау бөлімінің бас маманы, 2009-2010 жылдары «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ менеджері, бас менеджері, 2010-2014 жылдары «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Корпоративтік қаржы департаментінің директоры, 2014-2019 жылдары «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ қаржы директоры, бас директорының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

39 жыл бұрын (1985) Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Өмірзақұлы БЕЙІСПЕКОВ дүниеге келді.

Қарағанды ​​қаласында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2009 жылы ҚР Кедендік бақылау комитетінің кедендік ресімдеу жөніндегі маманының міндетін атқарушы, 2009-2011 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі индустриялық-инновациялық дамуды салааралық үйлестіру басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы, 2011-2012 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Индустриялық-инновациялық даму бөлімінің бас консультанты, 2012-2015 жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігінде кеңесші, инспектор, 2015-2020 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс департаментінің сектор меңгерушісі, 2020-2022 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.

2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.