4 қаңтар. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 4 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік гипноз күні

Дүниежүзілік гипноз күнін атап өтуді 2004 жылы америкалық спикер, жазушы, сертификатталған гипнотерапевт және гипноз нұсқаушысы Том Николи және АҚШ пен басқа елдерден келген кәсіби гипноз терапевтерінің Дүниежүзілік гипноз күні жөніндегі комитеті бастады. Қазіргі әлемде гипноз емдік мақсатта және ойын-сауық түрі ретінде қолданылады. Бірінші жағдайда гипнозды қолдану гипнотерапия деп аталады, ал екіншісінде гипноз сатысы. Гипнотерапия әртүрлі психологиялық және физикалық бұзылуларды емдеуде әртүрлі дәрежеде жетістікте болды.

Халықаралық Брайль күні

1809 жылы француз тифлопедагогі Луи Брайль дүниеге келген. Ол зағиптарға арналған бедерлі-нүктелі шрифт ойлап тапты.

Ньютон күні

Бұл күнді атақты ағылшын ғалымы Исаак Ньютонның туған күнінде жаратылыстану ғылымдарының зерттеушілері, ғалымдар, студенттер, сондай-ақ ғылыми тәжірибе жасағанды жақсы көретін әуесқойлар жыл сайын атап өтеді. И. Ньютон ойлап тапқан бүкіләлемдік тартылыс заңы мен механиканың үш заңы классикалық механиканың негізін қалады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Трансазиялық темір жолдың Шу стансасынан Арыс стансасына дейінгі 582-шақырымдық электр желісіне қосылған учаскесі ашылды. Ол іске қосылған соң республиканың солтүстік және оңтүстік аймақтарын байланыстыратын транс қазақстандық темір жолдың электрификациясы аяқталды.

2000 жылы Қазақстан Есiрткi заттар бойынша комиссияға (ЕЗК) мүше болды. ЕЗК БҰҰ-ның Экономикалық және Әлеуметтiк кеңесінің 1946 жылғы қарарымен құрылған. Комиссия - БҰҰ-ның жүйесіндегі орталық орган. Ол халықаралық есiрткiні бақылау төңiрегiндегі халықаралық бiрлестiктiң саясатын анықтайды. ЕЗК БҰҰ-ның басқармасына ұсыныс беру ғана емес, жеке елдердің есiрткiге қарсы қызметтінің сұрағы бойынша кепілдемелер беруге құқылы.

2013 жылы Астанада Мемлекет тарихы институтында Қазақстанның көрнекті қайраткерлері туралы «Ұлы дала тұлғалары» сериясындағы кітаптар таныстырылды.

2015 жылы Ақмола облысының Қажымұқан ауылында қазақтың атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовқа ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің биіктігі - 3,6 метр, ол 3,2 метрлік тұғырдың үстінде тұр. Ескерткіш демеушілік қаржы есебінен орнатылды.

2017 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына тұрақты емес мүшесі ретінде алғаш рет қатысты. Онда Қауіпсіздік Кеңесінің 2017 жылғы қаңтарға арналған жұмыс бағдарламасы бекітілді. Қазақстан атынан БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілінің орынбасары Барлыбай Садықов өкілдік етті.

2018 жылы Ақмола облыстық мәдениет басқармасы жанындағы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану бойынша орталықтың ұйымдастыруымен «Ескерткіштер сыр шертеді» акциясы және қазіргі заманғы технология QR-кодтардың көмегімен өңірдегі киелі нысандар туралы ақпаратты цифрландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Акция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған. Бұл өңірдегі көрікті жерлер туралы мәліметтердің облыс тұрғындары мен қонақтарына және туристер үшін қолжетімді болуына септігін тигізбек.

2019 жылы қазақстандық «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығы (КАЗЦЕНТ) халықаралық бітімгерлік операцияларға қатысу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан сертификаттар мен әлем бойынша бітімгерлерді «Азаматтарды қорғау» және «БҰҰ штаб офицерлері» курстарында дайындау құқығына ие болды. БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде БҰҰ-ның Бас хатшысының бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялары бойынша орынбасары Жан-Пьер Лакруа қазақстандық нұсқаушылар әзірлеген және КАЗЦЕНТ негізінде жүргізілген бітімгерлік курстарының БҰҰ стандарттарына сәйкестігін тану туралы құжаттарына қол қойды.

2020 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Айбынды Алтын Орда» кітап көрмесі өтті. Экспозиция үш бөлімнен құралған: Алтын Орда мемлекетінің құрылуы, оның даму тарихы және ыдырауы.Көрмеде Алтын Орданың құрылуы, тарихы жайында сыр шертетін 160-қа жуық кітап, фотосурет, карта мен цитаталар ұсынылған.

2024 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физиолог-генетиктері генетик Асқар Қалекешовтің жетекшілігімен Алматы қаласының ауасын зиянды заттардан тазартудың инновациялық әдісін ашты. Жоба жетекшісінің айтуынша, зерттеудің бірінші сатысы зиянды заттарды тиімді сіңіре алатын өсімдіктерді өсіру болмақ. Бұл өсімдіктер ауаны тиімді сүзіп, сапасын жақсарта алатын Алматының халық көп шоғырланған жерлеріне орналастырылады. Бұл тәсіл тиімді ғана емес, сонымен қатар экологиялық таза, өйткені өсімдіктер табиғи сүзгі бола отырып, қоршаған ортаның жағдайын айтарлықтай жақсарта алады. Жобаның тағы бір кезеңі алматылықтардың ағзасын тазартуға және жақсартуға көмектесетін өсімдік сығындыларынан биологиялық белсенді препараттарды өндіру болмақ.

2025 жылы ҚР Президентінің Телерадиокешені қаңтар оқиғаларының жылдығына арналған «Қантар. Мемлекеттік төңкеріс әрекеті. Қалай болды» атты деректі фильмді ұсынды. Фильм мемлекеттік төңкеріс хронологиясын баяндайды және негізгі сұраққа жауап береді: соңғы үш жылда Қазақстан қоғамы қалай өзгерді? Төңкерісті ұйымдастырушылар қатты қателесті. Олар билікті басып алуды жоспарлады, бірақ шені мен лауазымына қарамастан түрмеге қамалды. Олар реформаларды кері қайтаруды жоспарлады, бірақ Қазақстандағы өзгеріс тек жеделдеді.

Соңғы жаңалықтар