4 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 4 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

76 жыл бұрын (1947) ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, философия профессоры Анатолий Григорьевич КОСИЧЕНКО дүниеге келді.

Беларусьтің Витебск облысы Орша қаласында туған. 1971 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1971-1973 жылдары - Қазақ КСР ҒА Астрофизика институтында кіші ғылыми қызметкер, 1973 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін - ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкері, бөлім жетекшісі, бас ғылыми қызметкері.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңестің, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы сараптамалық кеңестің, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті жанындағы консультативтік-сараптамалық кеңестің және Қазақстан-Ресей сарапшылық кеңесінің мүшесі.

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

350-ден астам ғылыми мақаланың, 4 жеке және 30-ға жуық ұжымдық монографиялардың авторы.

62 жыл бұрын (1961) ҚР еңбек сіңірген әртісі, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Әлтайұлы ӨНЕРБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қазақстан ауылында туған.

1980 жылы М. Әуезов атындағы драма театры жанындағы актерлер студиясын, 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолы:1980-1990 жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының екінші пландағы актері, режиссердің көмекшісі, бас режиссердің көмекшісі, актер болды. Осы кезде «Ана – Жер Ана» спектаклінде Жайнақ рөлін, «Қан мен терде» Рай рөлін ойнады. Тағы басқа 15 шақты спектакльде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді сомдады.

1990-1998 жылдары «Қазақ радиосында» диктор болып қызмет атқарды. 1996-1998 жылдары «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі, 1998-2002 жылдары республикалық Президент оркестрінің әншісі болды. 2003 жылдан «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы» ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақ радиосының» бас директоры болды. 2007 жылы Алматы қаласы мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылғы желтоқсаннан төртінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісіне «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша депутат болды.

Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолы 1986 жылдардан бастау алады. Ол «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де» әндерін, сондай-ақ халық әндерінен «Дударай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндерін орындап жүр.

Өнер сапарымен, концерттік бағдарламамен Түркия, Италия, Франция, Жапония, Чехия, Словакия, Марокко, Қытай, Германия, Моңғолия елдерінде болды. «Сұлулық», «Жан аға» атты аудио кассеталары мен «Қарағым-ай» және бірнеше үнтаспалары шыққан.

«Астана», «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 15 жыл» (2010) медальдарының, «Дарын» жастар сыйлығының (1995), «Мәдениет қайраткері» (2008) иегері.

61 жыл бұрын (1962) «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» - «Орталық депозитарий» (KCSD) АҚ тәуелсіз директоры Азамат Мырзаданұлы ЖОЛДАСБЕКОВ дүниеге келді.

Целиноград қаласында туған. 1984 жылы Н.А. Вознесенский атындағы Ленинград қаржы-экономикалық институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. 1987 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірді. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолы: 1988-1989 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында оқытушы, 1989-1990 жылдары «Центрбанк» тобының басшысы, 1990-1991 жылдары «Инвестбанк» басқарма төрағасының орынбасары, 1991-1994 жылдары «Альбарака Казахстан» халықаралық бірлескен банкінің атқарушы президентінің міндетін атқарушы, атқарушы президентінің орынбасары, 1994 жылы «Верненский банк» кеңесінің төрағасы, басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. 1995-1997 жылдары Қазақстан банкаралық валюта және қор биржасында (Қазақстан қор биржасы) кеңесші, бас директордың орынбасары, бас директорының міндетін атқарушы, 1997 жылы Алматы қаржы құралдары биржасы (AFINEX) президенті, 1997-1999 жылдары ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссиясының атқарушы директоры - мүшесі, 1999-2001 жылдары ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы, 2001-2002 жылдары Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссия және «БҚҰК Шаруашылық басқармасының» РМК тарату комиссиясының төрағасы, «Прагма» корпорациясының кеңесшісі, «Citibank Kazakhstan» ЖАҚ кеңесшісі, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қаржы нарығы жөніндегі директоры болды. 2002-2013 жылдары «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) президенті, 2014 жылы ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының кеңесшісі, 2014-2017 жылдары «Орталық бағалы қағаздар депозитарийі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз директоры, 2019-2022 жылдары «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

40 жыл бұрын (1983) «Елорда Aqparat» ЖШС директоры, саясаттанушы, заңгер Ерлан Жағыпарұлы ҚАРАБАЛАЕВ дүниеге келді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаты, «Конфликтология, қауіпсіздік және даму» мамандығы бойынша халықаралық даму магистрі.

Еңбек жолы: 2004-2005 жылдары Орталық Азия ақпараттық жүйесінің баспасөз хатшысы, 2005-2008 жылдары «Елім-ай» студенттік кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Өмір жігері» ЖШС PR және жарнама бөлімінің меңгерушісі, «Тиімді саясат» орталығының кеңесшісі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ PR бойынша жетекші маман, 2008-2009 жылдары Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының бас маманы және басшысы, 2009-2016 жылдары орталық және жергілікті атқарушы органдардағы басшылық лауазымдарын атқарды. 2016-2018 жылдары Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары, 2018-2020 жылдары Қызылорда облысы бойынша білім саласындағы бақылау басқармасының басшысы, 2020 жылы «Нұр Отан» партиясы саяси жұмыс департаментінің директоры болды.

2021 жылдан бері «Елорда Aqparat» ЖШС директорының орынбасары.

40 жыл бұрын (1983) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Бәделханұлы САБЫРОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген.

Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Алматы заң академиясын 2005 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ 2021 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған, мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша академиялық дәреже берілді.

2005-2018 жылдары прокуратура органдарында түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2018-2019 жылдары – Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті тергеу басқармасының басшысы. 2019-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары. 2022 жылы бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абай облысы бойынша департаментінің басшысы болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың ақпанынан бері атқарып келеді.

«Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

107 жыл бұрын (1915-2013) журналист, әдеби мұра жинаушы Гүлнәр Міржақыпқызы ДУЛАТОВА дүниеге келді.

Орынборда туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. 1939 жылдан 1987 жылға дейін дерматолог болып жұмыс істеді.

Г. Дулатова ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерін саяси-азаматтық оңалтудың бастамашысы болды. Ол алғаш рет Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты қайраткерлерге қатысты материалдарды КОКП Орталық Комитеті жанындағы Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау комитетіне жолдады. Гүлнәр Дулатова саяси реабилитациядан кейін Қазақстан музейлеріне көптеген жәдігерлерді тегін сыйға тартты (Республикалық орталық мұражайға, Торғайдағы А. Байтұрсынов және М. Дулатов мұражайларына, Қостанай, Семей, Астана, т.б. мұражайларға): сирек кездесетін заттар - революцияға дейінгі кітаптар, жеке заттар, көптеген фотосуреттер, хаттар және басқа да үлкен тарихи маңызы бар құжаттар.

Мерзімді басылымдарда көптеген мақалалары, очерктері, эсселері жарияланған. 1993 жылы «Жылдың үздік очеркі үшін» Г. Дулатова «Қазақ әдебиеті» газетінің 1-ші сыйлығымен марапатталды. 1995 жылы «Шындық шырағы» естеліктер кітабы жарық көрді. 1999 жылы «Шындық шырағының» жалғасы ретінде екі томдық кітабы жарыққа шықты.

Г. Дулатова Қазақстан және бірқатар шет мемлекеттер ғалымдарының әдеби-тарихи-этнографиялық зерттеулеріне үлкен көмек көрсетті. Сөйтіп, әдебиеттанушы-ғалым-тарихшылар Томохико Уяма (Жапония), Исанбике Валиди Тоған (Түркия), Хасан Оралтай (Германия), Марат Әбсеметов, Сәбира Иманбаева сынды зерттеушілермен бірлесіп, олардың жұмыстарына атсалысты. Ол әкесі Міржақып Дулатовтың – «Оян, қазақ!» шығармалар жинағының құрастырушысы.

Соңғы жаңалықтар