4 қараша. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 4 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1952 жылы «Қазақстан мұғалімі» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым бастауыш және орта мектептердің мұғалімдері мен педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Айына екі рет шығады.
1977 жылы Қазақ кардиологиялық Ғылыми-зерттеу институты құрылды. 2001 жылы институт кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ болып өзгертілді. 2010 жылдан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» РМК болып қайта құрылды.
1995 жылы Трансазиялық темір жолдың Шу стансасынан Арыс стансасына дейінгі 582-километрлік электр желісіне қосылған учаскесі ашылды. Ол іске қосылған соң республиканың солтүстік және оңтүстік аймақтарын байланыстыратын трансқазақстандық темір жолдың электрификациясы аяқталды.
2000 жылы Астана қаласының іргесіндегі Қабанбай батыр ауылының маңында қолбасшы, батыр Қабанбай кесенесінің ашылу салтанаты өтті.
2000 жылы Қазақстан Есірткіге қарсы күрес жөніндегі комиссияның (ЕКК) мүшесі болды. ЕКК 1946 жылы БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ECOSOC) шешімімен құрылды және БҰҰ жүйесіндегі орталық орган саналады.
2012 жылы Бразилияда Селарон баспалдағында әртүрлі елдердің көптеген плиткаларының ішінде Kazakhstan жазуы пайда болды. Қазақстандық Вероника Иванова республикамыздың PR кампаниясына өз үлесін қосты.
2012 жылы Қазақстан скрипка мектебінің негізін қалаушы, шығармашылық мұрасы Қазақстанның музыка өнерінің алтын қорына енгізілген Айткеш Толғанбаевты еске алуға арналған 7 сериялы «Музыкант» деректі бейнефильмі түсірілді.
2015 жылы Алматыда Словакия Республикасының құрметті консулдығының ресми ашылуы өтті. Инвестициялық топтың иесі, Қазақстан азаматы Марат Сабалақов Словак Республикасының Алматыдағы құрметті консулы атанды. Бұл лауазымдағы басты мақсаты экономика, сауда, мәдениет, ғылым және білім салаларындағы екі ел арасындағы қатынастарды нығайту деп атады.
2016 жылы ҚР Ұлттық банкі «Ұлы даланың қазыналары» сериясымен номиналы 500 теңгелік «proof» сапасындағы «Күлтегін» естелік күміс монеталарын айналымға шығарды.
2016 жылы «Қазақ елі» атты қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш тарихи толықметражды анимациялық фильмі Барселонада (Испания) өтетін Азия фильмдері кинофестивалінің (Asian Film Festival) негізгі байқауына іріктеліп алынды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі Жәнібек пен Керей хандардың балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды.
2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің аясында өткізілген гуманитарлық және медициналық персоналды қорғау жөніндегі министрлер деңгейіндегі іс-шара аясында Қазақстан медициналық және гуманитарлық персоналды, қақтығыс аймақтарындағы медициналық инфрақұрылымды қорғауды күшейту туралы бірқатар ұсыныстардан тұратын саяси декларацияға қол қойды.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі алдағы екі жылға арналған азиялық Конституциялық соттар және оған теңестірілген институттар қауымдастығының төрағасы болып сайланды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Азия елдері конституциялық бақылау органдарының кездесуіне және Индонезияда өткен басқа да іс-шараларға қатысты.
2020 жылы Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында «Ұлытау. Ұлық ұлыс» деректі фильмі шықты. Оның басты мақсаты – Ұлытаудағы халқымыздың мұраланған киелі орындарын дәріптеу және қастерлеу, бұл жерге туристерді тарту. Деректі фильм екі бөлімнен тұрады.
2020 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі «Дала қазыналары» сериясынан «JETI QAZYNA» монетасын айналымға шығарды. Бұл монета жобасында мынадай коллекциялық монеталар бар: номиналы 500 теңгелік алтыннан; номиналы 500 теңгелік күмістен; номиналы 5000 теңге күмістен; номиналы 200 теңгелік мельхиор қорытпасынан және номиналы 100 теңгелік «brilliant uncirculated» сапалы нибрасс/нейзильбер қорытпасынан жасалған, бір блистер жиынтығынан тұрады.
2020 жылы Алматыда Жетісу ауданының «Гүлдер» саябағында еліміздегі алғашқы еріктілер аллеясы ашылды. Барлық қатысушылар шырша көшеттерін отырғызып, өз ұйымдарының атауы жазылған тақтайшалар орнатты.
2021 жылы елордадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында ашылған көрмеге 100-ден астам қолжазба қойылды. Қолжазбалардың қатарында «Тарих-и Рашиди», «Мехман Нама Бухара», «Тарих Джахон Ара» бар.
2023 жылы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен келді. Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьер-Министрі Ли Цянмен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Шанхайда Премьер-Министр Қытайдың 6-шы халықаралық импорт көрмесінің ашылуына қатысып, басқа елдер делегацияларының басшыларымен бірге онда ұсынылған ұлттық павильондармен танысты.
2023 жылы Asia Pacific Screen Awards жеңімпаздарын жариялады. Жеңімпаздар қатарында үш қазақстандық фильм бар: Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу», Дархан Төлегеновтың «Ағайындылар» және Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» картиналлары. Үш фильм де режиссерлердің дебюттік туындылары. «Үздік жастар фильмі» номинациясында «Бауырына салу» үздік танылды, «Ағайындылар» фильмінің басты актерлері Айбар Салы мен Әлішер Исмаилов «Үздік жаңа спектакль» жүлдесін алды. «Қаш» фильмі «Үздік операторлық жұмыс» номинациясы бойынша жүлде алды.