4 қазан. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР
114 жыл бұрын (1904-1987) ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай КЕНЖЕБАЕВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылында туған. Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Казақ мемлекеттік университетін бітірген.
«Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1941-1944 жылдары - Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы. 1961-1987 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры.
Кенжебаев - қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Ж.Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтар мен хрестоматиялар, «Тымпи», «Көңіл ашар» сатиралық фольклор мұраларын жариялады. «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген.
Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.
82 жыл бұрын (1936-2005) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның академигі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өмірзақ Махмұтұлы СҰЛТАНҒАЗИН дүниеге келді.
Қостанай облысының Қараоба ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1983 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланған. 1986 жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті. 1988-1994 жылдар аралығында Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған. 1991 жылдан Ғарыштық зертеулер институтының директоры. 1996-1997 жылдары ҚР ғылым министрі - Ғылым академиясы президентінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2000 жылдан ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті. 2002-2004 жылдары - ҚР ҰҒА-ның вице-президенті. Негізгі ғылыми еңбектері есептеу математикасының тәсілдері мен электрондық есептеу машиналарын математикалық физика есептерін шешу үшін пайдалануға арналған. Ғалымның 300-ден астам ғылыми еңбегі бар. Оның жетекшілігімен 30-дан астам ғылым кандидаты және докторы диссертация қорғаған.
Парасат, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен, 2 мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
75 жыл бұрын (1943-2011) дирижер, композитор, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Тимур Кәрімұлы МЫҢБАЕВ дүниеге келді.
Алматыда туған. Ленинград консерваториясын халық дирижерлік (профессор Е. П. Кудрявцевтің класы бойынша) және композиция (профессор И. Я. Пустылыниктің класы) екі мамандық бойынша бітірген. Көптеген жылдар бойы Т. Мыңбаев ҚР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері болып қызмет етті. Ол дирижерлік, композиторлық және музыкалық қызметті табысты тоғыстырды. Ол опера мен балет, симфония мен симфониялық күйлер, соната мен квартет, оратория мен вокальды-хорлық циклдер тақырыбына қалам тартқан тұлға. Оның шығармаларында композиторлық мектептің өткені мен қазіргісі тұтасады, Мыңбаев шығармашылығының бастауы - қазақтың ұлттық фольклоры болып табылады. Халықтық ән арқылы Мыңбаев шығармашылығы ұлттық бояумен көркемделіп, жаңа леп, заман тынысымен үндесті.
Мәскеудің үлкен театры мен Марьин театрында, Петербург қаласында және әлемнің көптеген беделді сахналарында дирижерлік етті. Соңғы жылдары Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Ресей Музыкалық академиясының симфониялық және камералық оркестірлердің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып қызмет атқарды.
67 жыл бұрын (1951) ақын, аудармашы, кинодраматург, С.Сәдуақасов атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Махамбет атындағы, «Алаш», тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, «Алтын лираның үміткері» атты Дүниежүзілік ақындар байқауының лауреаты, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ дүниеге келді.
Көкшетау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын және Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. Еңбек жолын Қазақ КСР ҒА жанындағы Металлургия және кен байыту институтында инженер болып бастап, «Жалын» баспасында аға редактор, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы болған. Алғашқы өлеңдері «Простор» журналында жарық көрген. Бірнеше жинақтың авторы. Абай, Махамбет, Шәкәрім өлеңдерінің еркін аудармасын жасап, Жамбыл, Кенен дастандарын, «Қыз Жібек» эпосын орыс тіліне тәржімалаған. Сонымен қатар М.Жұмабаевтың өлеңдер жинағының орыс тіліне аударылып, кітап болып шығуына ұйытқы болған. «Абай: өмірі мен шығармашылығы», «Кофе-брейк», «Балқаш сагасы» фильмдерінің режиссері әрі авторы.
55 жыл бұрын (1963) Алматы қалалық мәслихаты аппаратының басшысы РАХМЕТОВ Мақсат Мырзаханұлы дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. 1986 жылы Алматы зооветеринарлық институтын «зооинженер» мамандығы бойынша, 2006 жылы Жетісу мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1986 жылғы тамыз айыннан құс шаруашылығы бойынша Абай бас кәсіпорынның орналастыруын даярлау бригадирі (Қаскелең ауданы, Алматы облысы); 1990 жылы сәуір айынан бастап құс шаруашылығы бойынша Абай бас кәсіпорын кәсіподағының төрағасы болып сайланды (Қаскелең ауданы, Алматы облысы); 1995 жылғы маусымнан бастап 1998 жылдың қаңтарына дейін Алматы қаласы Халықаралық агроөнеркәсіптік биржаның сараптау-талдау қызметінің талдаушысы, жетекші сарапшысы болып қызмет атқарды; Мемлекеттік қызметті 1998 жылдың қаңтар айының Алматы облысы әкімі аппараты ауыл шаруашылығы және экология бөлімінің бас маманы қызметінен бастады. 1999 жылы наурызынан Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасарының кеңесшісі, 2006 жылы шілдеден Алматы қаласы әкімі аппараты ауыл шарушылығы бөлімінің бастығы, 2008 жылы мамырдан Алматы қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 2009 жылы қаңтардан Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары, 2015 жылы наурыздан Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.
Қазіргі лауазымын 2016 жылдан бері атқарып келеді.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Ауыл шарушылығы министрінің Құрмет грамотасымен наградталған.
41 жыл бұрын (1977) ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ақмәди Әділұлы САРБАСОВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында туған. 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін саясаттану мамандығы бойынша, 2001 жылы Еуразия гуманитарлық университетін заңгер мамандығы бойынша, 2013 жылы Орталық Қазақстан академиясын менеджмент мамандығы бойынша тәмамдаған. ІТС (ILO) халықаралық оқу орталығында, Италия, Турин қаласы (2011), Назарбаев Университетінің мемлекеттік саясат жоғары мектебінде және Ли Куан Ю (Сингапур) (2013) мемлекеттік саясат мектебінде тренинг-оқулар оқыған.
1999-2005 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде маман, жетекші маман, бас маман, Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерін бақылау және тіркеу департаментінің нормативтік-құқықтық актілерді талдау және бақылау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.
2005 жылдан бері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде еңбек заңнамасын сақтау бойынша мемлекеттік бақылау және халықты жұмыспен қамту департаментінің директорының орынбасары, заң департаментінің, еңбек және әлеуметік серіктестік департаментінің директоры, Көші-қон комитеті төрағасы лауазымдарында қызмет атқарған. 2013 жылы тамызда бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы. 2014 - 2017 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы. 2017 жылдың қаңтарынан бері қазіргі қызметінде.
38 жыл (1980) бұрын Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Иябайұлы Мырзалиев дүниеге келген.
Қазақ гуманитарлық-заң университетін (2002), М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін (2006); ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын (2011); Дьюк университетін, АҚШ (2016) бітірген.
Еңбек жолын Алматы қаласы құрылыс департаментінде бастаған. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық департаменті заң бөлімінің бастығы, ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болып қызмет еткен.
Қазіргі қызметінде 2017 жылғы қаңтардан бері.
202 жыл бұрын (1816-1887) француз ақыны, 1871 жылғы Париж коммунасына қатысушы, «Интернационал» пролетарлық әнұранының авторы Эжен ПОТЬЕ дүниеге келді.
196 жыл бұрын (1822-1893) Америка Құрама Штаттарының 19-президенті (1877-1881) Бёрчард ХЕЙС Резерфорд дүниеге келді.
183 жыл бұрын (1835-1920) орыс географы, фольклоршы, ботаник, этнограф, көркемсөзші Григорий Николаевич ПОТАНИН дүниеге келді.
Павлодар губерниясы Ямышево ауылында туған. Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген саяхатшы,географ, этнограф, фольклоршы. 1852 жылы Омбы кадет корпусын бітірген. 1853 -1858 жылдары Семей мен Омбыда әскери қызметте болды. 1859 - 1862 жылдары сонда жүріп, Шоқан Уәлихановпен достық қарым-қатынаста болды. Петербург университетінің табиғаттану бөлімінде оқыды. 1861 жылы студенттік толқуларға қатысқаны үшін Сібірге жер аударылды. 1863 - 1864 жылдары Зайсан көлі мен Тарбағатай тауын зерттеді. 1876 - 1877, 1879 - 1880 жылдары Моңғолияның солтүстік-батысы және Туваға экспедицияларға қатысты. 1884 - 1886 және 1892 - 1893 жылдары Солтүстік Қытай, Шығыс Тибет, Орта Моңғолияға экспедицияларға қатысты. 1899 жылы Үлкен Хинганға шыққан экспедицияларға қатысты. Қазақ фольклоры үлгілерін, жалпы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін жинап, «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері» (1916) атты еңбегін жазды. Потанин есімімен Наньшань тауындағы жота, Моңғол Алтайындағы мұздық аталған.