4 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 4 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

4 қазан. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

74 жыл бұрын (1951) ақын, жазушы, аудармашы, сценист және кино режиссері Бақытжан Мұсаханұлы ҚАНАПИЯНОВ дүниеге келді.

Көкшетау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірді (1954).

1974-1975 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы Металлургия және кен байыту институтында инженер болып істеген.

Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. «Жалын» баспасында аға редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болған. 1991 жылдан бері «Жібек жолы» баспа үйінің президенті.

Алғашқы өлеңдері 1975 жылы «Простор» журналында басылған. Бірнеше жинақтың авторы. Абай өлеңдерінің еркін аудармасын жасап, Жамбыл, Кенен дастандарын, «Қыз Жібек» эпосын орыс тіліне аударды.

1986 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1998), Қазақстан Журналистер одағының С. Сәдуақасов атындағы сыйлығының иегері (1999), «Алтын лираның үміткері» атты Дүниежүзілік ақындар байқауының лауреаты (2003), Тәуелсіз Тарлан сыйлығының лауреаты (2003), Махамбет сыйлығының лауреаты (2003). Көкшетау қаласының Құрметті азаматы (2001). «Парасат» орденімен (2006), Қазақстан, Ресей, Украинаның медальдарымен, «Чернобыль апатына 20 жыл» құрмет белгісімен (Ресей, 2006 жыл) марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының (2005) лауреаты.

Шығармалары: «Ночная прохлада», «Отражение», «Чувство мира», «Ветвь», «Молодая гвардия», «Линия судьбы», «Аист над Припятью. Киев», «Молодь», «Кочевая звезда», «Время тишины. Бостон (США)», «Над уровнем жизни», «Художественная литература», «Тікшырқау», «Ландшафты», «Каникулы кочевья», «Плывут облака», «Русская книга», «Новые стихи», «Смуглая луна», «Өлеңдер мен поэмалар» жинағы, «Весы» этюдтер, очерктер, мақалалар, Тоғыз томдық шығармалар жинағы.

56 жыл бұрын (1969) Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Біркенұлы АСАНОВ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. 2000 жылы Қостанай бизнес және басқару институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша, 2012 жылы Академик З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1988-1989 жылдары Науырзым ауданы «Науырзым» кеңшарының жұмысшысы, 1989-1993 жылдары Науырзым аудандық қаржы бөлімінің штаттар бойынша ревизор-инспекторы, аға экономисі болды. 1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қаржылық бақылау комитеті басқармасының Қостанай облысы Науырзым аудандық бөлімшесінің бас бақылаушы-тексерушісі, 1994-1995 жылдары Науырзым ауданы «Мұрагер» МП бас бухгалтері, 1995-2000 жылдары Науырзым ауданы Салық комитетінің салық инспекторы, жеке тұлғаларға салық салу бөлімінің бас маманы, аудит бойынша бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2000-2007 жылдары Науырзым ауданы әкімінің экономикалық мәселелері жөніндегі орынбасары, 2007-2011 жылдары Сарыкөл ауданы әкімінің қаржы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, 2011-2013 жылдары Қостанай облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі, 2013-2018 жылдары Қостанай облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы болып еңбек етті. 2018-2021 жылдары Қостанай облысы Амангелді ауданының әкімі болды.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың мамыр айынан атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

51 жыл бұрын (1974) Қазақстан футбол лигасының президенті Ерлан Айтпаұлы ЖАМАНТАЕВ дүниеге келді.

Целиноградта (қазіргі Астана) туған.

Еңбек жолы: Кәсіби футболшы, «Ұшқын-Искра» жеке клубының директоры және бас бапкері; әртүрлі уақытта жағажай футболы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының және Қазақстан футбол федерациясының әйелдер футболы және футзал департаментінің басшысы; «Ақтөбе» ФК басқарма төрағасы (2021-2023); «Оқжетпес» ФК директоры; Жеке футбол мектептері мен академиялары қауымдастығының Республикалық лигасының бас хатшысы.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қаңтарынан бастап атқарып келеді.

48 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті Ақмәди Әділұлы САРБАСОВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында туған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін саясаттану мамандығы бойынша, 2001 жылы Еуразия гуманитарлық университетін заңгер мамандығы бойынша, 2013 жылы Орталық Қазақстан академиясын менеджмент мамандығы бойынша тәмамдаған. Италия, Турин қаласындағы ІТС (ILO) халықаралық оқу орталығында (2011), Назарбаев Университетінің мемлекеттік саясат жоғары мектебінде және Сингапурдегі Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебінде (2013) тренинг-оқулар оқыған.

Еңбек жолы: 1999-2005 жылдар аралығында ҚР Әділет министрлігінде маман, жетекші маман, бас маман, Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерін бақылау және тіркеу департаментінің нормативтік-құқықтық актілерді талдау және бақылау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 2005-2013 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде еңбек заңнамасын сақтау бойынша мемлекеттік бақылау және халықты жұмыспен қамту департаментінің директорының орынбасары, заң департаментінің, еңбек және әлеуметтік серіктестік департаментінің директоры, Көші-қон комитеті төрағасы лауазымдарында болды. 2013-2014 жылдары Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы — Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы, 2014-2017 жылдары ҚР Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы — Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы, 2017-2019 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы — Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы, 2019-2020 ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметтерін атқарды.

2025 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

48 жыл бұрын (1977) Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Қасымбекұлы МҰҚАНОВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. «Қайнар» университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген (1998).

3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі.

46 жыл бұрын (1979) «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Бақытұлы ЖҮСІПОВ дүниеге келді.

2001 жылы Таяу Шығыс техникалық университетін «Экономика және басқару» мамандығы бойынша, 2007 жылы Лондон экономика мектебін экономикалық дамуды басқару саласындағы ғылым магистрі дәрежесімен, 2015 жылы Гарвард университетін Мемлекеттік басқару магистрі дәрежесімен бітірген.

Еңбек жолы: «Түркуаз» компаниялар тобында маркетинг және ішкі аудит департаменті директорының орынбасары болып еңбек жолын бастаған. 2003-2009 жылдары «Демир Казахстан Банк» АҚ-да жұмыс істеді және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-да әртүрлі лауазымдарды атқарды. 2009-2010 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары лауазымында мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. 2010-2015 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ корпоративтік қаржы және қазынашылық департаментінің экономика және қаржы жөніндегі директоры қызметін атқарды. 2015-2020 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директоры, 2020-2021 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болды. 2021-2023 жылдары «Kazakh invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметінде болды.

2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.

44 жыл бұрын (1981) Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Марат Орумбасарұлы ПӘШІМОВ дүниеге келді.

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында туған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бітірген (2004); Медицина ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолы: Оңтүстік Қазақстан облысы кардиология орталығында медбике (2003-2005); анестезиолог-реаниматолог, реанимация бөлімшесінің меңгерушісі (2006-2008); Телемедицина орталығының меңгерушісі (2008-2009); Бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс және төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары (2009-2015); No3 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері (2015-2017); Түркістан облысы облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері (2017-2020); Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы (2020-2023); «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы (2023-2025).

2025 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

121 жыл бұрын (1904-1987) ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай КЕНЖЕБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылында туған. Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

«Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1941-1944 жылдары — Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы; 1961-1987 жылдары — Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры болды.

Қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С. Торайғыров, Ж. Жабаев, М. Сералин, М. Әуезов, С. Шәріповтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтар мен хрестоматиялар, «Тымпи», «Көңіл ашар» сатиралық фольклор мұраларын жариялады. «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген. Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.

82 жыл бұрын (1943-2011) дирижер, композитор, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Тимур Кәрімұлы МЫҢБАЕВ дүниеге келді.

Алматыда туған. Ленинград консерваториясын халық дирижерлік (профессор Е. П. Кудрявцевтің класы бойынша) және композиция (профессор И. Я. Пустылыниктің класы) мамандықтары бойынша бітірген.

Көптеген жылдар бойы Т. Мыңбаев ҚР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері болып қызмет етті. Ол дирижерлік, композиторлық және музыкалық қызметті қатар алып жүрді. Опера мен балет, симфония мен симфониялық күйлер, соната мен квартет, оратория мен вокалды-хорлық циклдер тақырыбына қалам тартты. Оның шығармаларында композиторлық мектептің өткені мен қазіргісі үндеседі.

Мыңбаев шығармашылығының бастауы — қазақтың ұлттық фольклоры. Халықтық ән арқылы Мыңбаев шығармашылығы ұлттық бояумен көркемделіп, жаңа леп, заман тынысымен үндесті. Мәскеудің үлкен театры мен Марьин театрында, Петербург қаласында және әлемнің көптеген беделді сахналарында дирижерлік етті. Соңғы жылдары Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Ресей Музыкалық академиясының симфониялық және камералық оркестірлердің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып қызмет атқарды. 

Соңғы жаңалықтар